Путинді «есуас» көруші де, «айлакер» санаушы да бар

Ресей президенті Владимир Путин. Мәскеу, 4 наурыз 2014 жыл.

Ресей президентінің Украинаға жасаған агрессиялық әрекетінен соң сарапшылар «Путиннің не ойлағаны бар?», «Оған Батыс қалай жауап береді?» деген сауалдарға жауап іздейді.
Ресей президенті Владимир Путин ақылынан адасты ма, әлде қулық жасап отыр ма?

«ЕСУАС» ПУТИН

«The New York Times» газеті Германия канцлері Ангела Меркельдің «Кремль басшысы басқа әлемде өмір сүреді» деген пікірін жариялады. Германия үкіметі кейін Меркельдің ондай пікір айтпағанын мәлімдесе де, сарапшылардың басым бөлігі «Украинаға әскери басқыншылық жасаған Путин расымен де есінен ауысқан шығар» деген болжам жасайды. Мәскеулік саяси шолушы Станислав Белковский:

Қырымдағы Украинаның әскери бөлімін қоршап тұрған "ресейшіл" жауынгерлер. Севастополь, 3 наурыз 2014 жыл.

"Байғұстың миы жұмыс істеуден қалды. Ол шизофрения дертіне шалдыққан. Бұл - медициналық тексеруді қажет ететін жағдай. Мұндай кезде адамның бес минуттан соң қандай әрекет жасайтынын болжау қиын. Оның алдағы шешімін жорамалдау мүмкін емес. Мұндай адамға жүйкесін тыныштандыратын дәрі-дәрмек беріп, қоғамнан алшақтату керек" дейді.

Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтының профессоры Андрей Зубов наурыздың 1-і күні ресейлік «Ведомости» газетіне шыққан мақаласында «Біз саясаткердің әрекетіне әркез ақылды, рационалды ойлай білетін тұлға ретінде қарап, болжам жасаймыз. Ал мынау - ақылынан адасқан адамның әрекеті» деген еді. (Бұдан соң Зубовты МГИМО жұмыстан шығарып жіберді - ред.)

Соңғы күндері Путиннің ақылынан адасқаны туралы сыбыстың кең тарағаны соншалық, бұрынғы АҚШ президенті Ричард Никсонге қатысты шыққан «есуастық теориясы» ойға еріксіз оралады. Оның геосаяси қарсыластарын қорқыту үшін жасаған амалдарына қарап маңайындағы шенеуніктер «миы шайқалды» деп күмәнданған.

«АЙЛАКЕР» ПУТИН

Бірақ Путин соңғы 15 жылдам астан уақытта айлакер саясаткер ретінде де танылды, сондықтан бақылаушылардың көбі «ол есуас емес, алды-артын ойлап, есеппен осындай әрекетке барды» деп санайды.

Брюссельдегі Carnegie Europe орталығының директоры Ян Техаудің (Jan Techau) пікірінше, «Путин шығын мен пайданы есептеп отыр, оның мұнысы - Батыс саясаткерлерінің әдісінен бөлек амал».

Словениялық кішкене қыз бен әкесі Путинге қарсы акция өткізіп тұр. Любляна, 4 наурыз 2014 жыл.

"Путин Украинаның Батысқа бет бұруы Ресейге қауіпті екенін сезеді, сондықтан оның алдын алу үшін және болашақта ондай жағдайдың қайталанбауы үшін зор саяси және экономикалық шығынға баруға даяр" дейді ол.

АҚШ дипломаттары Wikileaks арқылы Ресейді «Қырымда тұрақсыздық орнату, Украинаны әлсірету және Украинаның НАТО мен Еуропа Одағы (ЕО) сияқты Батыс ұйымдарына жақындауына кедергі жасау әрекеттерін қаржыландырды» деп айыптады. Дереккөздің жазуынша, Ресей мұндай жоспарын 2004 жылғы қызғылт-сары төңкерістен бері іске асыра бастаған.

«Осал империя: Ресей Путинді қалай сүйіп, одан қалай жеріді» кітабының авторы Бен Джуда:

"Путиннің соңғы бірнеше аптадағы ең батыл әрекеті – Украина істеріне араласуды тоқтатпағаны болды. Ресей Виктор Януковичті (биліктен кеткен Украина президенті - ред.) ЕО келісім-шартына қол қоюдан бас тартуға мәжбүрлеген сәттен бастап, Қырымға басқыншылық жасалғанға дейінгі аралықты қарасақ, Украинаның өз тағдырын өзі шеше алмайтыны көрінді" дейді.

Сарапшылар «Геосаясаттан бөлек, ел ішіндегі көзқарастар да Путинге қатты әсер етеді» дейді. Ресейлік оппозиционер Леонид Гозман Қырымға барғанда Путиннің «аншлюс (басқа мемлекеттің аумағын күшпен қосып алу – ред.) жасағалы жүргенін», «1938 жылы фашистік Германия басшысы Адольф Гитлердің Австрияға жасаған әрекетін қайталамақ ойы бар» екенін айтты.

«ЖЕҢІСКЕ ЖЕТІП, ӨЗІН МОЙЫНДАТСАМ ДЕЙДІ»

Бірақ Гозманның айтуынша, Путиннің сырттан жау іздеуі - ел ішіндегі беделін көтеру әрекеті. 2011-2012 жылдары Ресейде Путинге қарсы ірі шерулер өткен еді.

Ресейдегі Путинге қарсы шерудің бірі. Мәскеу, 6 мамыр 2012 жыл. (Көрнекі сурет)

"Оның легитимділігіне (билігінің заңды екеніне – ред.) қауіп төнді, соңғы сайлау алдында ол мұны байқап қалды. Путин - ақылды адам, беделіне нұқсан келгенін сезіп жүр, бұрын ресейліктер оны жақсы көретін, қазір көбі ұнатпайды. Сондықтан өзіне тірек болатын күш керек. Ол жеңіске жетіп, өзін мойындатқысы келеді" дейді Гозман.

Сарапшылар «Украина оппозициясы авторитарлық үкіметті құлатып, ресейліктерге үлгі көрсетті. Путинге бұл қауіпті» дейді.

Ресейлік саяси шолушы Евгений Ихлов «Путин неліктен бұндай қадамға барды? Себебі көршілес Украинадағы демократиялық төңкеріс, люстрация, парақорларды әшкерелеу, еркін сайлау өткізу – осының бәрін көрген Ресей Федерациясының тұрғындары оны үлгі ретінде қабылдауы мүмкін» дейді.

Путиннің түпкі ниеті қандай болса да, Батыс елдері оған қарсы тұру үшін не істей алады?

Ресейдегі тарих ғылымдарының профессоры және саяси шолушы Валерий Соловей наурыздың 3-і күні Facebook парақшасына «билік өкілімен сөйлескенін, оның Қырымға әскер кіргізу туралы шешімді Путиннің жеке өзі қабылдағанын айтқанын» жазды.

Соловеймен сөйлескен адам «Путиннің «соғыстан кейінгі кезеңдегі Батыс саяси элитасын әлсіз» деп есептейтінін, «оған қарсы тұра алатынына сенетінін» айтқан. Соловейдің дерегі бойынша, ресейлік шенеуніктердің біразы оны қолдайды, ал Еуропада қаржылай активтері бар шенеуніктер «шошып отыр».

БАТЫС РЕСЕЙГЕ САНКЦИЯ САЛА МА?

Ал Джуда «Путин бастаған Ресей шенеуніктері теориялық тұрғыда Батыс санкцияларына төтеп бере алмайды» дейді. Ол:

Ресей президенті Владимир Путин АҚШ президенті Барак Обамаға қарап тұр. Санкт-Петербург, G20 саммиті, 6 қыркүйек 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

"ЕО визаға шектеу қою, банк шоттарын құлыптау немесе ресейлік компаниялардың қаржы қызметтері мен қор биржасына енуіне тыйым салу сияқты шаралар қолданса, ол Ресей билігіне ауыр тиеді. Бірақ Путин ЕО-ның ондай қадамға бармайтынына сенімді. Путин шенеуніктерінің жартысы Еуропада активтерін сақтап отыр. Көптеген Еуропа елдері, соның ішінде Ұлыбритания мен Германия өз мүдделерін көздеп, Ресейге қарсы саяси шешім қабылдағысы келмейді" дейді.

Техау да Батыстың Ресейге қарсы экономикалық санкциялар жариялауға жүрегі дауаламайтынын айтады. Джуда мен Техау АҚШ қана Ресейге қарсы қатаң позиция ұстанып, «Магнитский актісін» қабылдағанын айтады. Бірақ ресейлік активтердің басым бөлігі Еуропада сақталады, оларға Вашингтонның ықпалы аз.

Джуданың сөзінше, АҚШ-тың Еуропаға әмірін жүргізіп, Совет Одағына қарсы түрлі сауда санкцияларын салғызған заманының өткенін Путин түсініп отыр.

(Роберт Коалсонның мақаласын ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан)