Қазақстаннан Балтыққа дейін қалай орыстанды?

Көрнекі сурет.

Путин әлемнің кез келген түкпіріндегі орысты қорғаймын деп уәде берді. Бұл доктрина негізінен пост-советтік республикаларда тұрып жатқан миллиондаған орыстарды қамтиды. Олар бұл елдерде қайдан жүр?
Соңғы кездері Ресей билігі «әлемнің кез келген түкпіріндегі орыс ұлты өкілін қорғауға қақымыз бар, әрі бұл – біздің борышымыз» деген идеяға негізделген «Путин доктринасын» жиі насихаттай бастады.

Өткен айда Владимир Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Ресей телеарнасынан сөз сөйлеп, «Ресей – күллі орыс әлемінің тірегі. Путин – сол орыс әлемін сақтап қалудың кепілі» деді.

Әуелі Ресей империясы, сосын Совет Одағы мемлекеттерінің ғасырлар бойғы күшейіп, қайта құлдырау кезеңдерінде қазіргі Ресей Федерациясы шекарасынан тысқары аймақтарда миллиондаған орыс пен орыстілді халық пайда болды.

Молдованың Приднестровье аймағынан бастап Украинаға дейінгі көп жерде олар «Путин доктринасын» қуана қолдап, Ресей президентін өздерін «қорғауға» шақырды.

Украинаның шығысындағы Донецк қаласының әкімшілік ғимаратын ресейшіл сепаратистер басып алып, онда: «Ресей, бізді құлдықтан құтқар!» деген баннер іліп қойды. «ЖАҢА РЕСЕЙ» ЖӘНЕ УКРАИНА

Кремльдің жаңа позициясының әсері өткен айда ғана Ресей аннексиялап алған Қырым түбегі мен Украинаның шығыс және оңтүстік өңірлеріндегі оқиғалардан айқын көріне бастады.

Еуразиялық идеологияны қолдап жүрген Александр Дугин сияқты ұлтшылдар бұл аймақты тарихи атымен «Новороссия», яғни «Жаңа Ресей» деп атай бастады.

«Новороссия» аймағына Украинаның шығыс және оңтүстік өңірлерімен қоса Ресейдің Ростов облысы мен Ставрополь және Краснодар аймақтары кіреді.

Екатерина патшайым тұсында бұл құнарлы аймақ Ресей дворяндарының иелігіне өтіп, олар жергілікті халықтарды қанай бастады. Екатерина патшайым шетелдіктерді де осы аймаққа көшіп келуге шақырды. Бірақ өңірді орыстандыру саясаты мақсатты түрде жүргізілді.

Ресейшіл қарулы адамдардың қолынан өлген Қырым татарлары белсендесін жерлеу рәсімі. Симферополь, 18 наурыз 2014 жыл.

Қазір «Новороссияның» Украинадағы бөлігінде 5 миллион орыс ұлты өкілдері тұрып жатыр. Бұл аймақтардың этникалық құрамы әркелкі.

Орыстандыру саясаты қарқынды түрде жүргізілгендіктен және 1944 жылы Қырым татарларын жаппай депортациялаудың кесірінен Қырымдағы жергілікті халықтың саны азайды. Қазір мұнда тұратын халықтың басым бөлігі – этникалық орыстар.

Қырым татарларының саны енді ғана депортацияға дейінгі деңгейге жетіп келеді.

МОЛДОВАДАҒЫ ДЕПОРТАЦИЯ

«Новороссияның» бір қиырында Молдованың Приднестровье аймағы жатыр. Онда қазір 150 мыңға жуық адам Ресей паспортын ұстап жүр. Бұл аймақ 1790 жылдары Ресей империясының құрамына қосылған, ал оның астанасы – Тирасполь қаласы империяның шекарадағы бекінісі ретінде салынған. Қаланың негізін қалаушы – генерал Александр Суворов.

Ресей империясының құрамына өткен соң бұл аймақта да орыстандыру саясаты жүргізілді. Сол науқан кезінде мұнда Ресейдің ішкері аймақтарынан орыс шаруалары көшірілді.

Октябрь революциясынан соң Приднестровье Молдова ССР-і құрамына өтті. 1944 жылы бұл аймақты Совет Одағының Қызыл армиясы жаудан қайтарып алды. Ал бұл өлкенің жергілікті халқына жаумен «астыртын ымыраласты» деген айып тағылып, олар Сібірге және Орталық Азияға жер аударылды.

Приднестровье картасы.

«Оңтүстік операциясы» деп аталған депортациялау шарасы 1949 жылғы шілденің 6-сынан 7-сіне қараған түні ұйымдастырылды.

Совет Одағы тарап, Молдова тәуелсіз мемлекетке айналған соң елдегі кейбір радикал ұлтшылдар орыс, украин, гагауз сияқты этнос өкілдерін елден шығарып жіберу керек деген ұран тастай бастады.

1990 жылы Приднестровье тәуелсіздігін жариялады, 1992 жылы Молдова құрамынан бөлініп шығу жолында қысқа, бірақ қанды қақтығыс болды. Соғыс уақытша бітіммен аяқталды, оның шарттары әлі де сақталып отыр. Украина өзіне Қырымды аннексиялаған соң Приднестровьенің ресми басшылары да Ресейге «бізді де қосып ал» деген қолқа сала бастады.

БАЛТЫҚ ЕЛДЕРІНДЕГІ ҚУҒЫН-СҮРГІН

Бұдан солтүстікке қарай орналасқан үш Балтық мемлекетінде 1 миллионға жуық орыс ұлты өкілі бар. Бұл аймақ Ресей империясы кезінен бодандықта болғанымен, мұнда тұрып жатқан орыстардың барлығы совет заманында көшіп келген орыстардың үрім-бұтақтары.

Совет Одағы мен фашистік Германия арасында 1939 жылы жасалған Молотов-Рибентроп шарты бойынша үш Балтық елі Совет Одағының бақылауына өтіп, 1941 жылы жергілікті халықты жаппай депортациялау шарасы басталды.

Жер аудару және сталиндік орыстандыру саясаты бұл аймақта да қарқынды түрде жүрді. Совет Одағы тұсында ұзын саны 200 мыңға жуық латыш, литвалық және эстон басқа жаққа көшірілді. Осы күні Эстония халқының - 24 пайызы, Латвия халқының - 27 пайызы, Литва халқының 5 пайызы – орыстар.

ОРТАЛЫҚ АЗИЯДАҒЫ ОРЫСТАНДЫРУ

Совет Одағынан бөлініп шыққан Орталық Азиядағы бес республиканың аумағында да орыс ұлты өкілдері тұрып жатыр. Олардың ішінде ең көбі – 3 миллион 500 мыңдай адам Қазақстанның шығысы мен солтүстігінде тұрады.

​Қазіргі Қазақстан аумағын орыстар 16-ғасырда жаулап ала бастаған. Елдің қазіргі басты қалаларының көбі, соның ішінде Астана мен Алматы шаһарлары кезінде Ресейдің шекаралық бекіністері ретінде салынған.

19-ғасырдың соңы мен 20-ғасырдың басында Ресей империясы Қазақстанның шұрайлы ауылшаруашылық аудандарына орыстарды жаппай көшіре бастады. 1917 жылы бұл елдегі орыстар саны халықтың 30 пайызына жетті.


Совет Одағы кезінде, әсіресе 1953-65 жылдары болған тың игеру науқаны кезінде орыстандыру саясаты бұрынғыдан бетер қатайды. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Ресейдің еуропалық бөлігіндегі зауыттар мен фабрикалар Гитлер солдаттарының аяғы жете алмайтын қазақ даласына көшірілді.

1960-70 жылдары мұнай кеніштері ашыла бастаған соң орыстарды көшіру қайта үдеді. 1979 жылы Қазақстандағы орыстардың үлесі 40 пайызға жетті. Қазір олар елдің солтүстігінде не басым көпшілік, не елеулі ықпалы бар азшылық ұлт саналады.

СТАРОВЕРЛЕР МЕН САЯСИ ЭММИГРАНТТАР

Ресей мемлекетінің әрі-бері көшіруімен жан-жаққа тарыдай шашылған орыстардан бөлек, Ресей үкіметінен түрлі себептермен қашып, шетел асып бас сауғалағандар да баршылық.

19-ғасырда басталған саяси эммигранттардың Еуропа мен АҚШ-қа ағылған көші 1917 жылғы большевиктер революциясынан кейін үдей түсті.

1980 жылдардың соңында еврейлердің СССР-ден Израильге жаппай қоныс аударуының арқасында қазір Израильде бұрынғы Совет Одағынан тысқары аймақтағы ең ірі орыс тілді диаспора қалыптасқан.

Бұдан бөлек, әлемнің басқа аймақтарында да орыстардың шағын қауымдастықтары бар.

Мәселен, АҚШ-тың Аляска штатында екі жарым мыңға жуық орыс тұрады. Олар 1666 жылы Ресей православ шіркеуінің басшысы патриарх Никонның орыс шіркеуін реформалау науқанынан соң бостандық іздеп, шетел асып кеткен «староверлер».

Олардың шағын қауымдастықтары Канада, Австралия, Жаңа Зеландия және Оңтүстік Американың бірнеше мемлекетінде бар. (Роберт Коалсонның мақаласын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей)