Ресейліктер Сталин сүргіні қайталанады деп қорқады

Сталиндік қуғын-сүргін құрбаны болған әкесінің суретін ұстап тұрған азамат. Мәскеу, 29 қазан 2014 жыл.

Мәскеуде сталиндік қуғын-сүргін құрбандарын еске алды. Сауалнамаға қарағанда, ресейліктердің жартысы репрессия қайталануы мүмкін десе, Сталинді зұлым етіп көрсетуді құптамайтындар да бар.

Қазанның 29-ы күні Мәскеу түбіндегі КГБ-ның бұрынғы штабы маңына жиналған жүздеген адам Совет Одағының басшысы Иосиф Сталиннің тұсындағы жаппай қуғын-сүргіннің құрбаны болған мыңдаған адамды еске алды. Құрбан болған әр адамның есімі, жасы, қызметі және ату жазасы үкімі орындалған (оларды көбіне басынан атқан – ред.) күн жеке-жеке айтылды.

Жиналған жұрттың көбінің аттары аталған қуғын-сүргін құрбандарымен туыстығы жоқ. Бірақ жұрт ішінде олардың ұрпақтары да кездеседі. Еске алу шарасына келген қария «Әкем Аврамов Роман Петрович 56 жасында, 1938 жылы қаңтардың 8-і күні атылған. Бүкілодақтық наубайханалар тресінің бастығы болған. Бірнеше айдан соң олар анамды - Аврамова Фаина Аврамовнаны да тұтқындады. Ол сегіз жыл Қарағандыдағы еңбек лагерінде жазасын өтеді. Ол кезде мен бес жасар бала едім» дейді кемсеңдеп.

Еске алу рәсімі тым қарапайым көрінгенімен, сталиндік зұлматтың қаншалық ауқымды болғанынан хабар береді. Адамдар ұлтына, кәсібіне, саяси көзқарасына қарамастан, ойдан шығарылған саяси сылтаулармен жылдам тұтқындалып, мыңдап ату жазасына кесілген.

Бір күнге созылған аза тұту рәсімін Ресейдегі «Мемориал» құқық қорғау ұйымы ұйымдастырды. Жақында жүргізілген сауалнама нәтижелеріне қарағанда, ресейліктердің көбі мұндай қуғын-сүргін болашақта қайталануы мүмкін деп күдіктенеді.

ПУТИН БИЛІГІ ЖӘНЕ РЕПРЕССИЯЛАР

Кремльді қолдайтын ФОМ (Фонд «Общественное мнение») қоғамдық пікірді зерттеу қоры жүргізген сауалнамаға қарағанда, сауалнамаға жауап берген респонденттердің 48 пайызы «Совет Одағы тұсындағы репрессиялар біздің заманымызда да қайталануы мүмкін» деп жауап берген.

Жұрттың бұлайша үрейленуіне президент Владимир Путиннің авторитарлық билік құру әдісі себеп болуы мүмкін. Алайда Kommersant.ru сайтына сұхбат берген әлеуметтанушы Леонтий Бызов «ресейліктер мұндай қуғын-сүргіннің болатынын болжап қана отырған жоқ, тіпті оны қажет деп біледі. Олар жемқорларға немесе қоғамдық тәртіпті бұзған кез келген адамға қатаң жаза қолдануды құптайды. Халық «жаулардың» тізе бүккенін қалайды» деген.

Мәскеудегі сталиндік қуғын-сүргін құрбандары мемориалына шырақ пен гүл қойып жатқан әйел. Жаңа сауалнаманың нәтижесіне қарағанда, ресейліктердің жартысы ондай қуғын-сүргін қазіргі заманда да болуы мүмкін деп есептейді.

Сауалнама нәтижелеріне қарағанда, ресейліктердің үштен екісі «жаппай саяси қуғын-сүргіннің» 1930- жылдары болғанын біледі; бұл науқанды ұйымдастырғандар – Сталин мен маңындағылар және НКВД деп есептейді.

Респонденттердің 15 пайызы бұл қасіретке ешкім кінәлі емес, себебі «ол сондай мезгіл болған» дейді.

ФОМ-ның баспасөзге арналған жазбасында «ресейліктер қуғын-сүргін туралы әңгімеден жалықты» деген қорытынды жасаған. Сұралғандардың 33 пайызы «БАҚ саяси қуғын-сүргін туралы тым көп жазады» деп кейіс білдірген. 2012 жылға қарағанда, мұндай пікір айтқандар екі есе көбейген. Мұнымен қатар, Сталин заманындағы қудалауды жиі еске алатын «либералдарға» деген наразылықтың да артқаны байқалады.

«ҚУҒЫНҒА ҰШЫРАҒАНДАРҒА ЖАНАШЫРЛЫҚ КЕРЕК»

Қазақнның 29-ы күні өткен еске алу шарасын ұйымдастырған Ресейдегі адам құқықтарын қорғаумен айналысатын танымал ұйым – «Мемориал» орталығы процедуралық ережелерді сақтамағаны үшін жабылғалы жатыр.

Сталиндік зұлматтың құрбандарымен қоса, қазіргі саяси тұрғыдан қуғындалғандардың тізімін жасаумен айналысатын осы «Мемориал» ұйымының басшысы Александр Черкасовтың айтуынша, Ресей қоғамында адам құқықтары мәселесіне назар аудару азайып барады. Оның ойынша, бұл құбылыс Ресейдегі адам құқықтарын қорғау ісі өзекті мәселеге айналған кезеңде байқалып отыр.

- Біздің тарихымызда саяси тұтқындарды қолдау, оларға жанашырлық көрсету диссиденттік қозғалыс пен Совет Одағына деген моральдық қарсылықтың түп негізі болған кезеңдер бар. Егер мемлекеттің міндеті қоғамды бірлігін ыдыратып, тәуелсіз қоғамдық ұйымдар мен белсенділердің көзін жою болса, қысымға ұшырағандарға деген жанашырлық өте басты мәселеге айналуы керек» дейді Черкасов.

(Кристина Горелик пен Дейзи Синделардың мақаласын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей)