Былтыр Ресей қоғамдық орындарда шылым шегуге, Украина шоколады мен синтетикалық іш киімге, спорт стадионында алкогольдік ішімдік ішуге тыйым салды. Ресейліктер өз құқықтарына қатысты тыйымдарды саралап үлгере алмай жатқанда, одан да жаманы алда күтіп тұрғанын білмеді.
"ТІЛ ТАЗАЛЫҒЫН САҚТАУ"
Ресей президенті Владимир Путин мамыр айында қол қойған, шілденің 1-інен бастап күшіне енген заң орыс тілінің «тазалығын», дәстүрлі құндылықтарды сақтауды көздейді. Театр мен кинода тұрпайы сөздерді айтуға рұқсат жоқ, кітап пен музыкадағы оғаш сөздерді алып тастау немесе арнайы ескерту жасалу керек дейді.
Заңды бұзған жеке тұлғалар 70 доллар, ал кәсіпкерлер 1400 доллар шамасында айыппұл төлейді. Ресейде «мат» деген атаумен белгілі балағат сөздерге нақты қандай сөздердің жататыны заңда ашып көрсетілмеген.
Әдетте орыс тіліндегі дөрекі сөздер негізгі төрт категорияға бөлуга болады. Бірақ түрленген формаларының көптігі соншалықты санап тауыса алмайсың.
Шенеуніктер заң бұзушылықты сарапшылар тобы әр оқиғаға қатысты жеке тексереді дейді. Заңның бұлдыр тұстары «гейлерді насихаттау туралы заңға» қатысты жағдайды еске салады, сөз бостандығы құқығына шабуыл жасап, елдегі пікірталасты тұншықтыру мақсаты байқалады.
Бірақ бәрінен бұрын ана тіліне енген өзгеріске тума халық наразы, олар балағат сөздер бай орыс тілінің ажырамас бөлігі, лайықты жерде айтылса назар аударуға тұрарлық дейді. Орыс тіліндегі тұрпайы сөздерді қамтитын сөздіктер де бар, Александр Пушкин мен Михаил Лермонтов тәрізді ірі ақындар да кейде шығармасының әсерін күшейту үшін «матты» қолданатын.
«БАЛАҒАТҚА ҚҰРМЕТ КЕРЕК»
Жазушы Виктор Ерофеев Ресейде "б.." деген сөздің күнделікті қолданысқа енгені соншалық, спутниктің сигналы сияқты жаңғырып естіліп тұрады» деген еді.
Өзі түсірген «Утомленное солнцем» фильмінде балағат сөздер өріп жүрген Никита Михалков осы аптада тіпті қатты кетті, ол «матты» «орыс халқының ең бір ұлы табысы» деп атады.
Драматург Дмитрий Рябов оғаш сөздерді «күшті, бірақ қажетті құрал» дейді. «Кел келген қауіпті құралды қолданғанда абай болу керек, бұл балағатқа да байланысты» деді ол. «Скальпель хирургтің қолына түскенде адам өмірін сақтап қалады. Ал ақымақтың қолында қауіпті қаруға айналады» дейді ол.
Your browser doesn’t support HTML5
Мәскеу, Санкт-Петербург, Қазан, Краснодар, Нижний Новгород пен Новосибирскідегі орыстар маусымның 30-ы күні (заң күшіне енерден бір күн бұрын) халық алдында шығармалар оқып, кино көрсетілімдер жасап, тұрпайы сөздерді армансыз қолданды.
Мәскеу мемлекеттік өнертану институтының зерттеушісі, фольклоршы Татьяна Суханова жүз жылдан бері келе жатқан орыстың балағат сөздері өмір сүруге құқылы дейді.
«Олардың пайдалы тұстары да бар. Мәдениетіміздің бір бөлігі ретінде балағатқа құрметпен қарауымыз керек, бірақ оны орынсыз пайдаланбау қажет. Мен балағатты шебер қолданатын екі адамды білетін едім. Бірақ олар екеу ғана ғой. Басқаларымызға ол жараспайды» дейді маман.
Дейзи Синделардың мақаласын аударған – Динара Әлімжан.