Ресей Жириновскийдің кей сөзін шынға айналдыра бастады

Ресейлік саясаткер Владимир Жириновский. Мәскеу, 26 ақпан 2016 жыл.

Ресейлік 70 жастағы әсіреұлтшыл саясаткер Владимир Жириновский 30 шақты жылдан бері ақылға қонымсыз ұсыныстар айтып келеді. Бірақ қазір оның сөздерін орындалмайтын қиял деуге бола ма?

Ресейлік саясаткер Владимир Жириновский ақылға қонымсыз, өшпенділік тудыратын және басқаларды қорлайтын мәлімдемелер жасап, танымал болды. Бірақ қазіргі Ресей тұрғысынан алғанда оның идеялары шынымен оғаш па?

1990 жылдардың басында Ресей саясатында «сайқымазақ ханзада» лақап атына ие болған саясаткер Кремль атынан сөйлеп, әжептәуір атақ жинап алды. Оның ашу-ыза тудырған ұсыныстарының бірқатары осы күнгі Ресейдің іс-әрекетіне сай келіп тұр.

«БАЛТЫҚ ЕЛДЕРІ БІЗГЕ ҚОСЫЛУДЫ АРМАНДАЙДЫ»

Балтық елдері бұрыннан бері Жириновскийдің сөзіне азық. Ол «Ресей алып желдеткіш жасасын, сонымен радиоактивті қалдықтарды Балтық түбіне апарып жарайық» деді, «Ресей Балтық елдеріне басқыншылық жасасын» деген ұсыныс та айтты.

Жириновский былтыр «Эстония, Латвия және Литваны Ресейге қайтару үшін жергілікті референдум өткізу қажет» деді. Ол Балтық елдері тұрғындарының Ресейге қуана-қуана қосылатынына сенімді екенін айтып, 1991 жылы олардың егемендігін таныған Мәскеу үш мемлекетті «тастап кетті» деді. «Олар ешқашанда тәуелсіз мемлекет болып өмір сүргісі келген жоқ, СССР азаматтары болған және солай болуды қалайды» деді Владимир Жириновский.

Ресей прокуратурасы биліктегі партия депутатының өтінішімен СССР мемлекеттік кеңесінің Балтық елдерінің егемендігін мойындаудың заңдылығын қарап шығып, оның «жарамсыз» екенін айтқан кезде Жириновскийдің екпінді сөздері тіпті қорқынышты бола бастады. Содан кейін ол ресейлік ту Киев, Рига, Вильнюс және Таллиннің төбесінде 2016 жыл келген бетте ілініп тұрады деген болжам жасады.

Владимир Жириновскийдің жақтастарының шеруі. Мәскеу, 25 сәуір 2016 жыл.

2015 жылы Ресей Эстония қауіпсіздік қызметінің офицері Эстон Кохверді «тыңшылық жасады және шекараны заңсыз кесіп өтті» деген айыппен түрмеге қамады. Таллин Кохвердің отанында ұрланып, Ресейге заңсыз әкетілгенін айтады (бастапқы бірлескен тергеу ісі де соны меңзеді). Ұзаққа созылған келіссөздерден соң Кохверді түрмедегі ресейлік тыңшы Алексей Дрессенге айырбастады.

Осы айдың басында ресейлік ұшақтар АҚШ эсминеці Балтық теңізінің халықаралық бөлігінде әскери жаттығу шараларын өткізіп жатыр деді, Вашингтон оны «жасанды шабуыл» деп сипаттады.

2014 жылдың сәуірінде, Украинаның шығысында ресейшіл сепаратистер мен украиналық күштер соғысып жатқанда, Жириновский мемлекеттік думаға әскери киіммен шығып, Киевтің батысшыл билігін «хунта» деп сөкті. Төрт айдан соң ол Путинді Украинаның шығысына қатысты батыл шешім қабылдауға, «Батыс өш алуға тырысса, Польша мен Балтық елдерін «жойып жіберуге» шақырды.

Ресей Украинаның шығысына әскер жібергенін терістесе де (бірақ Қырымды басып алар алдында «кішкентай жасыл адамдарды» жібергенін мойындады), НАТО Мәскеудің сепаратистерге көмектесіп, әскер дайындап жібергенін бірнеше рет мәлімдеді. БҰҰ деректері бойынша, Украинанының шығысындағы қақтығыста 9 мыңнан астам адам қаза тапты, 21 мыңға жуық адам жараланған.

ҮНДІ МҰХИТЫНА ЕТІК ЖУУ, ШЕКАРА ЖАБУ ЖӘНЕ ҚҰС АТУ

Жириновский бірде ресейлік солдаттың «Үнді мұхитының жылы суында етігін жуып отырған» кезін армандайтынын айтқан еді. Қазір оның арманы орындалуға тақау. Наурыз айында Ресейдің Тынық мұхит флоты әскери-теңіз тобын бейресми сапармен бес мемлекетке жіберіп, алыс теңізге саяхаттауды бастады. Флоттың ресми өкілі Роман Мартов миссияның мақсаты «әскери-теңіз тобының сол жерде болуын қамтамасыз етіп, Тынық және Үнді мұхиттарына ту тігу» деп мәлімдеді.

Владимир Жириновский (оң жақ шетте) өзіне қойылған ескерткіштің ашылу салтанатында тұр. Мәскеу, 11 сәуір 2016 жыл.

2008 жылғы сайлауда президент болудан үміткер Жириновский «мемлекет басшысы болған бетте Ресей шекарасын жабатынын» айтып уәде берген еді. «Бұл полициялық мемлекеттің әрекеті деп ойласаңыз, менің қонағым болыңыз. Осы шараны қолға аламын деп уәде беремін» деді ол.

Сол кезде оның осындай пікірлері тағы бір көпірме сөз ретінде қабылданды, бірақ қазіргі Ресейдің басқа әлемнен оқшаулануына қарап оның сөзіне иланбасқа амал жоқ. Ресей Батыстың азық-түліктерін импорттауды тоқтатты, ресейлік туристер үшін ең танымал бағыт – Түркияға баратын турпакеттерді брондауға тыйым салды, федералдық қауіпсіздік қызметі (ФСБ) қызметкерлері, борышкерлер, полиция қызметкерлері, өрт сөндірушілер сияқты азаматтар елден кете алмайды.

Өткен күзде танымал депутат «Ресей шетелге барғысы келетіндер үшін советтік типтегі визаны қалпына келтіруді қарастырып жатыр» деп мәлімдеді. Кейін ол бұл сөзінен тез бас тартып, дұрыс түсінбей қалғанын жеткізді. Бірақ ресейлік билік саяхатшыларды бақылау амалдарын ойланып жатқаны туралы сыбыстар бар.

2006 жылы дүние жүзінде құс тұмауы өршіген кезде Жириновский мәселені шешудің «қарапайым жолын» тапты. «Сочиден Қырымға дейін әскер енгізіп, барлық құсты атып өлтіру керек. Олардың әнін тоқтату керек. Бұл әзіл емес!» деді ол. Сегіз жыл өткен соң Мәскеу расымен Қырымға әскер жіберді, бірақ олардың көздегені құс емес еді. Ресей Украинаға қарасты түбекті өзіне күштеп қосып алып, Қырымдағы наразылық танытушылардың үнін өшіруге тырысады.