Шешен қызы, 17 жасар Хеда (Луиза) Гойлабиеваның жасы өзінен үш есе үлкен кісіге – Ножай-Юртовский ауданы ішкі істер бөлімі бастығы Нажуд Гучиговқа тұрмысқа шығуы қоғамдық дауға ұласты. Олардың тойы мамырдың 16-сы күні өтті.
Бұл дау «Новая газета» журналисі Елена Милашеваның «Гойлабиева тұрмысқа өз еркімен емес, зорлықпен ұзатылды, ал Гучиговтың әйелі бар» деген мақаласынан басталды. Әуелі Гучигов заңды некелескен әйелі бар екенін, тоқал алатын ойы жоғын айтқан. Бірақ көп ұзамай үйлену тойы өтетіні, әлеумет наразылығынан еш нәтиже шықпағаны белгілі болды.
Бұған дейін Ресейдегі балалар құқығы жөніндегі өкіл Павел Астахов Шешенстандағы ерте неке Ресей отбасылық кодексіне қайшы келмейтінін мәлімдеген. «Кавказда эмансипация ерте басталатынын, қыздар жыныстық жағынан ерте жетілетінін білмейтіндей, көлгірсімейік. Кейбір жерлерде 27 жастағы келіншектер жасына жетпей қартаяды, біздің 50 жастағылар сияқты көрінеді» деген сөздері үшін ол кейінірек кешірім сұрауға мәжбүр болған.
Ал Шешенстанда ресми тұлғалар «Гойлабиеваның тағдырына қоғам назарын аудару - қыздың жеке өміріне қол сұғу болып саналады, Гучиговтің төлқұжатында үйленгені туралы штамп жоқ, қалыңдық оған тұрмысқа шығуға келісім берген» деп мәлімдеді. Үйлену тойына Шешенстан басшысы Рамзан Қадыровтың өзі қатысты. Lifenews телеарнасы «Ғасыр үйлену тойы» деген тақырыппен АХАЖ бөлімінен түсірілген репортаж көрсетті.
Бірақ үйлену тойына қатысты күдік сейілудің орнына, күшейе түскен. Жұрт қалыңдықты туыстарының орнына, Қадыровтың жақын адамы жетектеп әкелгеніне, бақытты екені қалыңдықтың жүзінен байқалмағанына назар аударды. Бірақ бұған «дәстүр бойынша, шешен қалыңдықтары қуанғанын білдірмеуі тиіс» деген уәж айтылды.
Ресей президенті жанындағы адам құқығы кеңесі мүшесі әрі Шешенстанда біраз уақыт жұмыс істеген Елена Масюк неке тіркеу рәсімінің ерсі тұстарына назар аударады.
– Кешегі некені Грозный қаласы АХАЖ бөлімі қызметкері емес, «Грозный» радиосы журналисі Ася Белова тіркегені бүгін белгілі болды. Бұрын мұндай жағдайды тіпті елестетудің өзі қиын болатын. Кеше оны көргенде «қандай әдемі әрі сымбатты келіншек, орысша да жақсы сөйлейді, камера алдында да өзін еркін ұстайды екен, қарай гөр, АХАЖ бөлімі қызметкерлері осындай екен ғой» деп ойлағанмын. Мұның кәдімгі қойылым екенін мүлде ойлаған жоқпын, сөйтсем, бұл – құр қойылым болып шықты. Енді бұл мәселемен құқық қорғау орындары айналысып, кеше журналист Ася Белова тіркеген некенің қаншалықты заңды екенін анықтауы тиіс деп санаймын, - дейді Елена Масюк.
– Мына жайтқа қарағанда, Шешенстан заңы мүлде бөлек, Ресейден бөлек кеңістікте өмір сүріп жатқандай көрінеді.
– Қадыров қалағанын істеп отыр. Бәріміз Қадыровқа «Бұл неке АХАЖ бөлімінде тіркеле ме?» деген сауал қойғанбыз. Сондықтан олар АХАЖ бөліміне барып, нағыз шоу, фикция көрсетіп, неке тіркегендей кейіп танытып шықты. Енді бұл некенің қаншалықты заңды екенін және Гучигов үйлі-баранды ма, жоқ па - соны анықтау керек. Егер қазір біз немесе ақпарат құралдары сауал жолдасақ, бұл жеке адамға қатысты дербес деректер болғандықтан, бізге ақпарат беруден бас таруы мүмкін. Бірақ 30 сәуір күні әлгі адам Елена Милашинаға берген сұхбатында үйлі-баранды екенін, әйелін сүйетінін, онымен ұзақ жыл отасқанын әрі онымен ажырасатын ойы жоқ екенін айтса, демек, оның әйелі бар деген сөз емес пе? Ал қазір ол «әйеліммен заңды некеде жоқпын» дейді. Жақсы, ол әйеліне мұсылман заңымен үйленген делік. Бірақ қазір онымен ажырасқан ба, жоқ па? Ал Хеданы екінші әйелі ретінде үйіне әкелсе, бұл көп әйел алушылық болып шықпай ма?
Енді бұл мәселемен құқық қорғау орындары айналысып, кеше журналист Ася Белова тіркеген некенің қаншалықты заңды екенін анықтауы тиіс деп санаймын.
– Шешенстанда бұл мәселеге қатысты өзіндік көзқарас қалыптасқан, оны өзгерткілері келмейтін сияқты ғой.
– Олар оны Рамзан Қадыровтың ыңғайына қарай өзгертеді. Жалпы, ол жақта бәрі Рамзан Қадыровтың қалауымен болады. Мысалы, шешен халқының дәстүрі бойынша, күйеу жігіт өзінің үйлену тойына қатыса алмайды, үйіне түнге қарай ғана келеді. Бірақ кеше Рамзан Ахмадович лезгинка билеген кезде Нажуд Гучигов тойда үлкен ұлымен бірге болды. Яғни күйеу жігіттің өз тойына қатысуы - шешен дәстүріне қайшы. Ал қалыңдық көзін жерден көтере алмай тұрды. Талай шешен үйлену тойларында болып жүрмін, жұрттың бәрі дастархан басында ішіп-жеп, тойлатып жатқанда, қалыңдықтың өз тойында бұрышта тұрғаны орыс ұлты өкілдеріне сәл ерсілеу көрінетіні рас. Бақыттан жүзі бал-бұл жанған қалыңдықтарды да көрдім. Қалыңдық әдетте иба сақтап, жанарын төмен салғаны болмаса, кешегі Хеда сияқты шарасыздың күйін кешкен жанның кейпінде тұрмайды. Кеше төлқұжатты алып жатып, қалыңдықтың гүл шоғы мен әлгі паспортты түсіріп алған кездегі жүзіне қарау аянышты болды. Қыз баланы тұрмысқа зорлап беріп жатқаны, оған мына неке де, күйеу жігіт те ұнайматыны айтпаса да түсінікті болды, мына фотосуреттен анық көрініп тұр. Оның үстіне, қыздың әкесі, атасы қайда? Қалыңдықты неліктен Қадыровтың оң қолы, «Лорд» деген лақап аты бар Магомед Даудов жетектеп әкеледі? Бұл рәсімді неліктен қыздың жақын туыстары өткізбейді? Бұл - Қадыровқа қажет болған әрі Қадыров ұйымдастырып, өткізген той. Ол Шешенстанда кім қожайын екенін тағы бір мәрте көрсеткісі келген. Бірақ ол өз құдіретін қыздың тағдырын ойрандау арқылы көрсетті.
– Мәскеуде бұл некеге қатысты қызу реакция туды, қоғамдық пікір қыз жағында болып, наразылық білдірді, құқық қорғаушылар өз пікірлерін айтты. Бірақ бұған қарамастан, той өтті. Бұрын әлдебір жайттарға қоғамдық пікір ықпал ете алатын, ал қазір ешқандай ықпал ете алмайтындай көрінеді. Керісінше, қоғамдық пікір Қадыровтың қарсылығын күшейтіп жіберген сияқты. Бірер күн бұрын журналистке берген сұхбатында үйлі-баранды екенін, бақытты отағасы екенін, өзге ешкімге үйленетін ойы жоғын мәлімдеген Гучигов, қоғам наразылығына қарамастан үйленіп алды.
Жұрт шулаған соң Қадыров некені тіркеуді ұйғарды. Бірақ нәтижесінде бұл некеге отыру емес, шоу болып шықты. Бұл бәрімізге «сендерге шоу керек пе, мә, көріңдер» деген шапалақ.
– Бұл той бәрібір өтетін еді. Бірақ АХАЖ бөліміндегі спектакльсіз, у-шусыз тыныш өтер еді. Гучигов үйленіп, қалыңдықты екінші әйел ретінде бәйбішесі отырған үйге алып келер еді. Ал байғұс Хеда әлгі үйдің күңіне айналар еді. Шын мәнінде, Шешенстанда ешқандай мұсылман қағидалары, шариғат заңы орындалмайды. Шариғат бойынша, екінші әйел алғысы келген адам бәйбішесінен рұқсат сұрауы тиіс. Бірінші, екінші, үшінші, төртінші, қысқасы қанша әйелі болса, олардың бәріне тең жағдай жасауы тиіс. Яғни, бірнеше әйел алған адам әр әйелін жеке үймен қамтамасыз етіп, оларға қаржылық тең жағдай жасауы, әйелдеріне бірдей уақыт бөлуі тиіс. Мұның бірі де сақталмайды. Мұсылман республикаларында, мұсылман елдерінде ерлер шариғат қағидаларын өзінің пайдасына, ыңғайына қарай икемдеп алатынын айтуға тиіспін. Сондықтан мына шу болмаса да, мына неке бәрібір қиылар еді. Тек қазір жұрт шулаған соң Қадыров некені тіркеуді ұйғарды. Бірақ нәтижесінде бұл некеге отыру емес, шоу болып шықты. Бұл бәрімізге «сендерге шоу керек пе, мә, көріңдер» деген шапалақ.
– Мұндай жағдайларға ықпал етуге болмай ма? Сіз Ресей президенті жанындағы адам құқығы кеңесі мүшесісіз. Меніңше, көптеген заңгер, құқық қорғаушылар қолдауға әзір, аппеляция беруге, тіпті Владимир Путиннің өзіне шағымдануға болады ғой. Келешекте мұндай жағдайлар қайталанбас үшін әлдебір әрекет жасау мүмкін бе?
– Мұндай жағдайлар қайталанбайды деп ешкім кепілдік бере алмайды. Бұл - «Новая газета» журналисі Елена Милашина біліп қалған ғана жағдай. Ал үн-түнсіз, шу шығармай жасалып жатқан мұндай әрекеттер қаншама? Ақшалы әрі қолында билігі бар шешен жігіттері жас қыздарды көңілдес ретінде ұстайды. Бұл арада кәмелетке толмағандардың құқын қорғау маңызды. Бірінші кезекте балалар құқын қорғауы тиіс Астахов тікелей міндетінен бас тартып, әлгі сөздерімен Қадыровтың позициясын қолдады. Бала құқығы жөніндегі өкіл мұны істеген соң, қалғанына не жорық деп қайран қаласың. Шешенстан сияқты кейбір республикаларда некеге 17 жастан бастап отыруға рұқсат берілген. Бірақ бұл жұрттың бәріне 17 жасында жаппай үйленіп немесе тұрмысқа шыға беруіне болады деген сөз емес. Мұндай некеге қыз аяғы ауыр болып қалса, дүниеге бала келсе немесе екі жас бір шаңырақ астында тұрып, бірге шаруашылық жүргізіп отырса ғана, яғни ерекше жағдайларда ғана рұқсат беріледі. Ал мына некені тіркеуге мұндай ерекше жағдай негіз болмаған. Шешенстанның Ножай-Юртовский ауданы қорғаншылық органы бұл некені тіркеуге ерекше жағдайды ескеріп қана рұқсат беруі тиіс. Бірақ мына жағдайда қалыңдықтың аяғы ауыр болып қалмаған, бала да босанбаған, екеуі бірге тұрмаған. Олай болса, бұл рұқсатты қандай негізде берген деген заңды сұрақ туады. Ал АХАЖ бөлімі қорғаншылық органының тиісті рұқсатынсыз бұл некені тіркеуі заңсыз. Меніңше, адам құқығы кеңесіндегі заңгер әріптестерімнен бұл некені АХАЖ бөлімі қызметкері емес, журналистің тіркеуіне қатысты жағдайды талдауын өтініп көремін. Некеге отырғандар тіркеу журналына емес, әлдебір жеке-жеке параққа қол қойғаны көрініп тұр. Жалпы, мұның бәрі жасанды шара емес пе? Кешегі оқиға кезінде әлдебір ресми немесе заңдылық талаптары аз да болса сақталды ма? Заңгерлеріміз бұл сұрақтарға қатысты өз ұйғарымын берген соң прокуратурадан кеше Грозный АХАЖ бөлімінде кәмелетке толмаған Хеда мен Гучигов мырзаның арасында тіркелген некеге қатысты тексеру шараларын жүргізуді сұраймыз деп ойлаймын.
– Әлдебір ықпал ету тетіктері бар деп ойлайсыз ба? Заң тұрғысынан алғанда, мына үйлену тойына қатысты жайттардың бәрі күмәнді көрінеді.
Бұл мәселемен прокуратура айналысуы тиіс.
– Қадыров біздің күдіктеріміздің бәрін жоққа шығарды. Біз «Бұл некеге қыз келісімін бермеген» деп едік, Lifenews телеарнасы барғанда қалыңдық «келісемін» деген сөзді әзер айтты. Мұндай жағдайда біздің қолымыздан не келеді? Ол «бұл - шешен халқының дәстүрі, Шешенстанда жас қыздар ұялады» дегенді тура қарай алмай, қымсынып айтты. «Бұл неке мұсылман дәстүрі бойынша қиылмай, ресми неке ретінде тіркелуі тиіс» деген талабымызға Қадыров АХАЖ бөліміндегі кешегі шоуды ұйымдастырып, некені «тіркетіп» қойды. Яғни біздің әр сауалымызға Қадыровтың жауабы дайын. Бұл сұрақтардың анық-қанығын тексеру үшін бұл мәселемен прокуратура айналысуы тиіс деп санаймын. Ал прокуратура мұнымен айналыспайды. Бұл мәселемен президент жанындағы балалар құқығы жөніндегі өкіл айналысуы тиіс болатын. Балалар құқығын қорғау - оның тікелей міндеті. Ал ол кеше әуелі «қыз бен оның туыстары көмек сұраған жоқ» деп мәлімдеп құтылды. Бірақ ол баспасөз мәлімдемелеріне қарай әрекет етуі тиіс. Ол тіпті «ерте неке - жаман нәрсе емес, әйелдер 27 жасында 50-дегі әйел сияқты қартайып қалады» дегенді айтты. Мемлекеттік жоғары қызметте отырған адам ретінде ол өзінің толық дәрменсіздігін көрсетті. Ал журналистер мен құқық қорғаушылардың қолынан не келеді, оларда мемлекеттік немесе өкілетті органдардың құзырындағы сияқты мүмкіндік жоқ қой. Өкінішке орай, бұл мәселемен айналысуға біз де қауқарсызбыз, кеңестің де мүмкіндігі жоқ.
– Ал кеңес Владимир Путиннің өзіне шағымдана ала ма?
Борис Немцтовты қастандықпен өлтіру ісі бойынша айыпталған адамды Шешенстан территориясында жасырып ұстауға құдіреті жеткен Қадыровқа 17 жасар бойжеткен Хеданың тағдырын тәлкек ету ойыншық емес пе?!
– Путинге қалай шағымдана алады? Үндеу жаза ма? Бұрын-соңды ондай үндеулер жазылғаны есімде жоқ. Президентпен әлдебір кездесу өтіп жатса, бұл сұрақты оған қоюға болады. Ал ол кездесу қашан өтетіні белгісіз. Мүмкін, әдеттегідей күзде өтетін шығар, мүмкін мүлде өтпейді. Бұл - өкілетті немесе заң шығарушы немесе атқарушы орган емес, кеңес қой. Шара қолдануы тиіс прокуратура әрекет етпеді. Меніңше, прокуратура Шешенстанда болып жатқан жағдайларға қатысты мүлде әрекет етпейді. Борис Немцтовты қастандықпен өлтіру ісі бойынша айыпталған адамды Шешенстан территориясында жасырып ұстауға құдіреті жеткен Қадыровқа 17 жасар Хеданың тағдырын тәлкек ету ойыншық емес пе?!
Валентин Барышниковтің мақаласы орыс тілінен аударылды.