Санкт-Петербург тұрғыны Кирилл Городецкий таяуда әлеуметтік желіде талай жылғы ізденіс пен талпыныстың нәтижесінде НКВД-ның құжаттарына қол жеткізіп, "арғы атасының отбасы қалай күйрегенін білгенін жазды. Ол арғы атасы өлгеннен кейін ақталса да, әулетіне қатысты құжаттар толық берілмегенін айтады. "Әлдебіреу менің әулетімнің тарихын білгенімді қаламайды", дейді ол.
Ресейде жыл сайын 20 желтоқсанда "мемлекеттік қауіпсіздік органдары" қызметкерлерінің кәсіби мерекесі атап өтіледі. 1917 жылы осы күні большевик шенеунік Феликс Дзержинский совет құпия қызметінің негізін салған. Городецкий өз әулетінің іс материалдарымен танысқан кеңсе дәлізінде ондаған жыл бойы "заң мен тәртіпті қорғап келе жатқанын" атап өтетін плакат ілініп тұрғанын айтады.
Бертінге дейін, Городецкий өз әулетінің тағдыры туралы мүлдем ешнәрсе білмеді деуге болады.
"Арғы атам Михаил Барттың тартымды, табысты және талантты адам болғанын білдім", – деді суретші Азаттықтың Орыс қызметіне. "Үйімізде бір кездері арғы атам ұстаған жақсы бір ескі жиһаз болды. Бірақ арғы атамның тағдыры жайлы ешкім білмейді".
"Оның немересі – менің анам [Екінші дүниежүзілік соғыста Ленинградты] қоршау кезінде оның әлдебір жаққа кетіп, үсіп өлген болуы керек деп үнемі айтып отыратын", – дейді ол.
Қыркүйекте Городецкий Facebook-те арғы атасының үйінде тұрған шағын кітап сөресінің суретін жариялады. 1926 жылы түсірілген отбасылық суретте кітап сөресі артқы жақта тұр. Суретші суретті мұқият қалпына келтіріп, үйіне іліп қойған.
Городецкийдің айтуынша, оның атасы шешесіне, яғни Михаил Барттың әйеліне құпия түрде ақша салып отырған. Суретшінің үлкен әжесі ол кезде айдауда болған. Ал Городецкийдің атасының бауыры соғыс енді басталғанда әскерге шақырылып, ешқашан оралмаған, Сталин құрған еңбек лагерьлерінің бірінде қайтыс болған. Суретші мұның бәрін бұрыннан білетін.
Суретшінің арғы нағашы атасының өмірбаяны бұдан да әсерлі. 1979 жылы қайтыс болған нағашы атасы өлерінің алдында Городецкийге 1917 жылы большевиктер билікті басып алған кезде өзінің оқушы болғанын, сол кезде бір топ серігімен қызылдарға қарсы соғысу үшін ақтардың әскеріне қосылғанын айтып берген. Городецкийдің сөзінше, кескілескен ұрыстардың бірінде ол қолға түсіп қалған.
"Бірақ оны өлім жазасына кесуі тиіс болған Қызыл әскер сарбаздары оған аяушылық танытқан", – дейді Городецкий. "Олар атаммен бір аймақтан шыққандар болды ма екен, я 18 жастағы жадап-жүдеген адамды өлімге қимады ма екен – ол жағын білмеймін. Айнала толған Қызыл әскер сарбаздарының өлі денесі болған. Сосын олар атама өлгендердің бірінің құжаттарын ал да, қаш деген. Ол қашқан. Бірер шақырым жүрген соң ол Қызыл әскердің басқа бір бөліміне тап болып, олар атамды қатарына қабылдаған. Олар оны тамақтандырып, әскери форма берген, суретке түсірген. Ол суреті менде әлі күнге дейін бар".
Городецкийдің нағашы атасы бірнеше жылдан соң үйіне жаңа иеленген тегімен – Поповский болып оралған.
"Менде оның Қызыл әскердегі қызмет кітапшасы бар. Одан оның әуе корпусында қызмет еткенін білеміз" дейді Городецкий. "Сосын ол Петроградқа үйіне аман-сау және мықты болып, бірақ жаңа тегімен оралған... Сосын ол полиграфиялық институтта оқыды. Кейін ол институтта мен оқыдым. Революцияға дейін оның әкесі – менің арғы атамның полиграфиялық компаниясы болған".
"Атам маған анасының жер аударылғанын, бірақ әкесіне не болғанын білмейтінін айтқан" деп Городецкий сөзін жалғастырады. "Ешкім "тұтқындау" деген сөзді айтқан емес. Бірақ мен көп оқығанмын және әйелін жер аударған болса, ал кіші ұлы тұтқындалған болса, арғы атамның ол кезде шипажайда демалып жатпағанын түсіндім. Бірақ оның есімі қуғындалғандар тізімінде жоқ".
Городецкий "Мемориал" құқық қорғау ұйымына жүгінген. Ұйым оған билікті өз әулетіне қатысты ақпарат беруге мәжбүрлеп көруге болатынын, бірақ ол үшін әулетіне қатысы барын дәлелдеуі тиіс екенін айтқан. Бұл оған қиындық тудырған, себебі Городецкийдің тегі басқа, ал анасының, әкесінің және арғы атасының тегі үш түрлі.
"Мемориал ұйымы мен басқа да онлайн топтарда маған ешнәрсе істей алмайтынымды айтты. Бірақ мен әлдебір себептермен алған бетімнен қайтпадым. Сол себепті бұл есікті тақылдата берсеңіз, ашылады деген әңгіменің дәл өзі. ФСБ (Федералдық қауіпсіздік қызметі) егер расымен де туыс екеніңізге көздерін жеткізе алсаңыз, нәтижелі жұмыс істейтінін мойындаймын" дейді ол.
ОЛ БӘРІН ТҮСІНДІ
Городецкий арғы аталарының тарихын анықтамақ болып, үш жыл ешнәрсе шығара алмағанда досы өзін тағы бір әрекет жасап көруге көндіргенін айтады.
"Жазған барлық хаттарым айдалаға кеткендей көрінді" деді ол Азаттыққа. "Бірақ ойламаған жерден маған "Келіп, іс материалдарымен танысуыңызға болады" деп хабарлады".
"Өзіме бір таңғажайып нәрсе болғандай сезіндім. Алдымда 1873 жылы туған арғы атам Михаил Барттың ісі жатыр. Материалды ашқанымда бойымды тура мағынасында өмірімді осы кезге "дейін" және "кейінге" бөлгендей сезім биледі. Арғы атамның соңғы түскен суретін көрдім. Түрмеде – біреуі қырынан, екіншісі алдынан түсірілген".
"Бет әлпеті дәл өзі. Оның бәрін түсінгені көрініп тұр" дейді ол.
Михаил Барт 1941 жылы 17 қыркүйекте – Ленинградтың қоршауға алынғаны ресми түрде хабарланғаннан шамамен бір аптадан соң тұтқындалған. Дегенмен қоршаудағы қала Совет одағының басқа бөлігімен Ладога көлі арқылы әлі байланыста болған.
"Оның 21 қыркүйекте бір рет тергелгені туралы хаттама бар" дейді Городецкий іс материалдарымен танысу кезінде түртіп алған жазбасына сүйеніп. "Оны 58.13-бап бойынша антисоветтік үгіт-насихат жүргізді деп айыптаған".
Құжаттарда Барттың өзі толтырған анкета да бар. Анкетада оның үлкен ұлының тегі Поповский деп, ал кіші ұлының тегі Барт деп көрсетілген. Городецкий бұл құжат ұзақ уақыт өзі қаққан есікті ашатын кілт болды деп санайды.
"Бұл арғы атамның өз қолымен жазылған. Бұған дейін олар менен анамның туған кезінде берілген Поповский деген тегі бар туу туралы куәлігін көрсетуімді сұрады. Демек, [ФСБ] маған құжаттарды көрсетпес бұрын зерттеу жүргізген. Олар менің тарихымды оқып, мұрағатқа барған да, анкетаны көрген" дейді Городецкий.
Құжаттардан ол арғы атасының Петербургтің "құрметті азаматы" болғанын және Петербург өндірісшілер одағын басқарғанын бірінші рет білген.
Құжаттар арасында сонымен қатар Барттың түрмеде түскен суретінің төрт дана көшірмесі де болған. Городецкий үстелде құжаттармен танысып жатқанда қарсы бетте өзін бақылап тұрған ФСБ қызметкерінен (әйел) сурет көшірмесінің бір данасын алуға бола ма деп сұраған.
Әйел "Тоқтаңыз. Сізге дейін бұл үстелде [танымал актер] Олег Басилашвили отырған. Ал оған дейін [көрнекті ғалым әрі лингвист] Дмитрий Лихачев отырып өзінің ісімен танысқан. Біз оларға ешқандай сурет берген жоқпыз" деген.
"Осы сәтте өзіңіздің басқа әлемде жүргеніңізді түсінесіз" дейді Городецкий.
Барттың жеке құжаттарында оның камерасына отырғызылған мәлімет берушінің жеткізген құпия ақпараттары да бар.
"Мәлімет тасушы міндетін барынша атқаруға тырысқан. Ол менің арғы атам Англияда ел өте жақсы тұрады және олар таяуда бізді азат етуге келеді деп айтты деген. Бірақ мен ол мұны ойдан шығарды деп санаймын. Ол тіпті Барт көп нәрсе айтады деп, өзін оның камерасынан шығармауды өтінген".
Құжат кенеттен аяқталады. Онда әскери жағдайдың нашарлауына байланысты барлық тұтқынды тылға жөнелту қажеттігі туындайтыны айтылған жазба бар. 8 қазанда Барт пен басқа да тұтқындарды Новосібір арқылы Томскіге баратын жүк пойызына отырғызып жіберген.
Бұдан соң Барттың 1941 жылы 14 қарашада тасымал кезінде қайтыс болғаны туралы қысқаша жазба бар. Сосын өзінің арғы әжесінің бір тілім қағазға "Күйеуім қайда?" деп қысқаша ғана жазған, бірақ жауап берілмеген хаты бар. Городецкийдің үлкен әжесі Эмма Барт 1943 жылы наурызда, Ленинград қоршауы алынған соң ұзамай этникалық неміс ретінде айдауға жіберілген. Городецкий үлкен әжесінің қайда жіберілгенін немесе қайда жерленгенін біле алмады.
Соңында, Барттың ісі оның қайтыс болғанына соң 1949 жылы қайта қаралып, оған тағылған айыптың жойылғаны туралы құжат бар.
Алайда Городецкий әулетіне қатысты құжаттардың барлығы бірдей берілмегенін білді. Құжаттардың көп бөлігі мөр басылған конвертте қалды және оны ашуға рұқсат етілмеді. Бірақ ол қалай болғанда да ол конвертте сақталған құжаттардың бір бөлігіне қол жеткіздім деп санайды.
"АШТЫҚ ПЕН СУЫҚТАН БОЛҒАН АЖАЛ"
Городецкий әлеуметтік желілердегі түрлі топтар арқылы арғы атасы отырғызылған пойызбен Ленинградтан әкетілген басқа да тұтқындардың туыстарымен байланысқан. Ол аталған пойызбен Сібірге жөнелтіліп, Томскідегі №3 түрмеге түскен тұтқындардың тізімін тапқанымен, ол жерде Михаил Барттың есімі жоқ.
Томскіде байланыс орнатқан адамдар Городецкийге тұтқындарды таситын дәл осы пойыздың жаман атпен танымал екенін айтқан. Олар оған басқа тұтқындардың материалдарынан құжаттар жіберген. Онда аталған пойызда тұтқындарға көрпе немесе жылы киім берілмегенін айтқан. Тұтқындарға ең аз мөлшерде ғана тамақ беретін болған және пойыз үлкен станцияларға тоқтамайтын болған. Ірі станцияларда тоқтаса, ары-бері өткен мейірімді жандар оларға байқатпай нан беретін еді. Былайша айтқанда, пойыздағылар "аштық пен суықтан ажал құшуға тап болатын" дейді Городецкий.
Бұл оқиға туралы хабарлаған үкіметтік комиссияның мәліметінше, ол пойызда барлығы кем дегенде 798 тұтқын Томскіге сол күйі жетпеген. Тұтқындардың құжаттарына қарағанда, олардың 56-сы Михаил Бартпен бір күнде – 1941 жылдың 14 қарашасында өлген. Городецкий арғы атасы Омбы мен Томск арасындағы теміржол бойында бауырластар зиратына жерленген деп санайды.
Городецкийдің атасы Борис Поповский Совет армиясы қатарынан 1950 жылдардың басында полковник шенімен оралған. Алайда ол Ленинградтың орталық Моховая көшесіндегі пәтерінде бөтен адамдар тұрып жатқанын көрген. Городецкий анасы өзіне Поповскийдің ешқашан тұтқындалмаған болуы мүмкін екенін, себебі ол әскерде жүріп Совет одағының аса құпия әскери карталарын шығаратын баспахананы басқарғанын айтқан.
"Атам бірде маған 1970 жылдары армияда бірге қызмет еткен бір адамның өзіне келгенін айтты" деп еске алады Городецкий. "Кезінде ол адам атама қарсы арыз жазған екен. Енді қартайған шағында келіп, "Боря, жазғандарым үшін кешір" деді. Оған Құдай төреші, бірақ ол кешірім сұрау үшін ұзақ жол жүріп келген екен. Сол оқиға есімде қалып қойды – ол кезде мен мектепте оқимын және ол адамды көрдім. Кейін атам маған ол адамның кім екенін айтып берді" дейді Городецкий.
ФСБ Городецкийдің өз әулеті тарихын білгісі келген әрекеттеріне ұзақ уақыт қарсылық көрсеткеніне, тіпті қауіпсіздік қызметі құжаттың барлығын бірдей әлі де көрсетпей отырғанына қарамастан, ол оқиғаға қатысты екіұдай күйде екенін айтады.
"Шынымды айтсам, олардың тиянақты жұмысына ризамын. Біреуді айыптап, я тілдегім келмейді. Бүкіл өмірімде бұл жағдай туралы туыстарымнан естігенім бұл құжаттардан білгенімнен аз болып шықты. Құжаттармен танысып отырғанымда қасымда отырған әйелге рахмет айтамын" дейді Городецкий.
Бір күні әлгі әйел (ФСБ қызметкері – ред.) өзін шеткері шығарып, бір парақ қағаз бергенін және арғы атасының тұтқындалған кезде тәркіленген заттарын беру туралы өтініш жазу керегін айтқан.
"80 жыл өткеннен кейін ол заттары маған берілді" дейді ол арғы атасының екі еңбек кітапшасы, кәсіподақ билеті және баспахана анықтамалығын көрсетіп тұрып. "Мұны мен адамгершілік деп білемін. Олар маған бермеуі керек еді, бірақ бұл құжаттардан арғы атамның қайда оқып, қайда жұмыс істегенін білдім. Көптеген нақты мекенжайды білдім. Оларды өртей салуларына да болатын еді. Бірақ маған берді".
Алайда, Городецкий іс материалдарының бір бөлігі танысуға берілмегенін түсінбейтінін айтады.
"Не себепті олар мұны қылмыс деп айта алмайды? Басқа елдерде мұндай құжаттарға емін-еркін қол жеткізуге болады және оларда мұндай істер үзілді-кесілді айыпталады. Не себепті бізде әлдекім үнемі бізден әлденені жасырып жүреді?" дейді ол Городецкий Азаттыққа.