Russian Field: сауалнамаға қатысқан ресейліктердің 53 пайызы бейбіт келіссөзді қолдайды

Қарашадағы сауалнамада жауап берген ресейліктердің 53 пайызы Ресейдің Украинамен бейбіт келіссөз жасағанын қолдайды. Қоғам пікірін Russian Field компаниясы зерттеген. Бұл соғыс басталғалы бергі ең жоғарғы көрсеткіш.

Соғысты әрі қарай жалғастыру қажеттігін респонденттердің 36 пайызы қолдаған. Бұл 2022 жылдың наурызынан бергі тіркелген ең төменгі көрсеткіш. Бейбіт келіссөзді жақтаушылар санының артып, соғысты қолдайтындар санының азаю тенденциясы 2023 жылдың ақпан айынан бері байқала бастаған.

Бейбіт келіссөзді көбіне әйелдер (59 пайыз), жастар (68 пайыз), жағдайы төмен ресейліктер (59 пайыз), интернет-ақпарат құралдары (51 пайыз) мен телеграм-арналарды оқитын аудитория (51 пайыз) қолдаған. Мамандықтар тұрғысынан ара жігін ажыратсақ, бейбіт келіссөзге бару керектігін көбіне IT қызметкерлері, сауда және денсаулық сақтау саласының мамандары айтқан. Ал соғысты жалғастыру керектігін көбіне өнеркәсіп мамандары қуаттаған.

Бейбіт келіссөзге "ертең-ақ" қол қоюды 79 пайыз қолдаған, 60 пайызы алдын ала шарт қоймастан атысты тоқтату керектігін айтқан.

Сұралғандардың бестен екісі соғысқа байланысты жеке басқа қатер төнгенін сездік деген. Көбі дрон соққысын (27 пайыз), экономикалық ахуал (20 пайыз), атқылау (18 пайыз), мобилизация (17 пайыз), жақындардың өлімінен (12 процентов) қорқатынын айтқан.

19 қарашада осыған ұқсас Украинада жүргізілген сауалнама нәтижесін Gallup жариялаған. Оның қорытындысы бойынша, Ресеймен соғысты толық жеңіске жеткенге дейін жалғастыру керек деген пікірді қуаттайтындар шамамен екі есеге азайған. Респонденттердің 52 пайызы Киев бейбіт келіссөзді тезірек бастауы керек деп санайды, ал 38 пайызы жеңіске жеткенге дейін соғысты жалғастыра беру керек дегенді қолдайды.