"КІСІ ӨЛТІРУГЕ БАРМАЙМЫН"
– 24 ақпанда есеңгіреп қалдым. Соғыс басталған алғашқы айларда үнемі терең ойда, күйгелектеніп жүрдім. Елімнің тағдырына, адамдардың өліміне, Одессадағы туыстарыма – бәріне алаңдадым.
Сол кезде де кету туралы ой болды, бірақ қаражатым мен мүмкіндіктерім жетпейді деп шештім. Басында тек IT мамандары кетіп жатты. Сондықтан қалдым да, Ресейде бірдеңе істеуге тырыстым. Ол кезде соғыс жуырда аяқталады деген аңғал үміт болды. Бірақ елде жақсылық болмайтынын, жағдай тек нашарлай беретінін түсіндім.
"Z" таңбасын, компаниялардың кетіп жатқанын көру ауыр болды. Біз "Макдональдсыз", "БигМаксыз" күн көреміз деген дабыра әңгімелер айтылды. Компаниялар кеткен сайын жұмыссыз қалған мыңдаған адамды көрдім. Тихвин қаласындағы IKEA зауыты мен басқа да шетел өндірушілері кетті. Қазір онда гуманитарлық дағдарыс пен күйзеліс орнаған: жұмыс мүлдем жоқ. Бірақ адамның бәріне еті үйренеді екен: күзге қарай соғысқа азырақ назар аударатын болдық. Жалпы, соғыс болмаса, осы жарты жыл өмірімдегі ең жақсы уақыт болар еді. Сүйіктім екеуіміз пәтер салып болдық: [ақпанның] 24-і соғыс жариялады, ал ертеңінде пәтердің кілтін алып, ас бөлмесіне арнап жиһазға тапсырыс беруге бардық. Шілдеде көштік, бірнеше ай тұрдық, енді кетуіме тура келді.
21 қыркүйекте бәрі күйреді, ешкім ешнәрсені аяқтағалы отырған жоқ деген түсінік нық бекіді. Мобилизацияны жариялау менің қызыл сызығым болды. Бірақ "шабадан, вокзал, Қазақстан" шешімін мобилизацияға ұшырап қаламын-ау деген үрейден емес, қандай жағдай болмасын соғысқа бармаймын деген ішкі сенімнен қабылдадым. Патрульден, әскери комиссариаттан қашып кетсемде, кісі өлтіруге бармаймын дедім.
ШЕКАРАДАҒЫ ҮШ СӘТСІЗДІК
Айтарлықтай эмоция болған жоқ, тек әрекет. Басында тіркеуде тұрған пәтерде құжатымды жинадым. Соның бәрі жұқалау бір папка болды. Заттарымды дәлізге қойған соң, "Керемет! Өмірім бір шабадан, рюкзак пен мына папкаға сыйып кетті" деп ойладым. Бұл да есеңгіретті.
Визасыз баруға және бюджет жағынан ең қолжетімді ел Қазақстан болды. Сол жаққа кетемін деп шештім. Қазақстанда алыс туыстары бар досыма қосылдым.
Жолда не болып жатқанын түсінуге тырысып, жақындарым үшін ойларымды жаза бастадым. Сөйтіп, Қазақстан шекарасына жеттік.
Кезек келген соң, елден кетуге тыйым салынғандар тізімінде тұрғанымды білдім. Оған дейін мобилизацияға ілінетініме сенімді болған жоқпын. Елден шығармаса, мобилизацияға ұшырап, соғысқа жіберетінін түсіндім.
Содан кейін айтарлықтай эмоция болған жоқ: бәрі шекарадан алыстаған соң басталды. Не істеуге болатынын іздей бастадым: "Жазық дала арқылы шекараны заңсыз кесіп өту жолдарын табу керек пе? Шетелге шығуға салынған тыйымға шағым түсіремін бе?"
Петропавл арқылы пойызбен өтуге тырыстым. Бұл айтарлықтай танымал тәсіл: транзит билетін сатып алсаң болғаны. Ресей кеденшілері тек Қазақстанға бара жатқандарды тексереді, ал транзит жолаушылар бақылау бекетінің жанынан өте беретін. Жолдағы станцияда түсіп қалуды ойладым: "Телеграмда" кейде қазақстандық шекарашылар өзіне жауапкершілік алып, елге адамдарды кіргізе беретінін жазып жатты. Сондықтан аялдама кезінде вагоннан пирожки алуға шығып, қайтып оралмау деген аңғал ой болды. Елден кетуге рұқсаты бар болса да, досым менімен қалды. Мені Ресей жағындағы станцияға дейін жеткізді.
Өкінішке қарай, бұл да болмай қалды: Қазақстан шекарашылары паспорт бақылауынан өтпеген соң, кіргізбей қойды. "Неге түсіп қалғалы жатырсыз?" деп сұрады. "Себебі өлтіргім келмейді" дедім. Сол жерде ұзақ тұрып, әңгімелестік. Бірақ көмектескен жоқ. "Денсаулығым нашарлап қалса ше? Инсульт алсам ше?" деген нұсқалар ұсындым. Ештеңе шықпады. Қайтадан пойызға отырып, ары қарай кетуге тура келді.
Ресейдің бірінші станциясынан түсіп қалып, кері қайтатын билетпен Петропавлға жетуді ойладым. Бірақ тура сол станциядан вагонға [Ресей] шекарашылары кірді де, мені және тағы бес-алты адамды түсіріп тастады. Елден кетуге тыйым салынғаны туралы қағаз ұстатып, видеоға түсіріп алды. Сосын сауалнама алып, телефонымдағы IMEI кодын көшіріп алды. Кеден қызметі өкілімен мынандай әңгіме болды: "Елден кету мақсатыңыз не?" — "IT-конференция" — "Расымен конференция ма?" — "Лейтенант, менің неліктен және неге кетіп жатқанымды түсінесіз ғой?" — "Қай жерде [әскери] қызметте болдыңыз?" — "Байланыс әскерінде". — "Автомат ұстап көрдіңіз бе?" — "Үш рет: бір рет әскери ант бергенде, екі рет жаттығу кезінде аттым, бары осы". — "Мобилизациядан қашып жатырсың, бұған түкіргенім бар: жұмысымды істеп жатырмын".
Сосын штат киімін киген басқа ұйым өкілі, телефонды ашып көрсетуімді сұрады. Үшәріпті ұйымнан болар деп топшыладым.
Ол мені шекараны заңсыз кесіп өтеді деп ойлаған сияқты, сондай топтарда бар-жоғымды тексеруге тырысты. Тағы бір ұзақ әңгіме болды. Ресейде болашағым жоқ екенін, көңілім қалғаны үшін кеткім келгенін айттым. Маған отанды жүрекпен сезіну керек екенін, Украинада "біздің" дұрыс іс атқарып жатқанымызды, адамдарды қорғап жатқанымызды айтты. 15 минуттай сөйлестік. Солардың бақылауымен Омскіге баратын пойызға билет алуға мәжбүр болдым. Мені отырғызып жіберді де, кетіп қалды.
ТӨРТІНШІ АМАЛ
Пойыздан түсіріп жіберген күні жұбымның туған күні еді. Ол менің [елден] шыға алмағанымды білді, бірақ Петербургке қашан оралатынымнан бейхабар болды. Ертеңінде таңертең ұшып келдім. Кешке оның туған күнін тойладық. Достарымыз қонаққа келді, бірақ көңіл-күйді көтере алмадым.
Келген соң күйзеліске түстім. Не істеу керек екені түсініксіз болды. Сол уақытқа дейінгі жолдың бәріне екі жарым апта кеткен еді. Жол, әртүрлі ойлар және сәтсіздіктер легі шаршатты. Әлеуметтік желіден "Идите лесом" деген топты тауып алдым. Түнгі үште жазып жібердім, бот болған жауап беретініне үміт аз болды. Бірақ маған тірі адам жауап беріп, әңгімелесіп кеттік. Ерікті "Психологпен сөйлескің келе ме?" деп сұрады. Келістім. Көмектесті, ойлау қабілетім қалпына келгендей болды.
Еріктілермен Ресейде қалсам, не істеуге болатынын ақылдастым. Әскерге баруды кейінгі қалдыру, денсаулығымды тексертіп "ауру табу" немесе оқуға түсу деген сияқты амалдарды қарастырдық. Тағы бір амал Ресейден кету еді.
"Идите лесом" тобымен Беларусь арқылы пойызбен кету жолдарын талқыладым. Шешімді оңай қабылдадым.
Петербург пойыздарынан адамдарды түсіріп тастап жатқанын білген соң, тәуекелге барған жоқпын. Пойыздан мені бәрібір түсіріп тастайды деген ой болды. Шекара арқылы өткізетін тасымалдаушыларды таптым да, ертеңінде таңертең солардың көлігіне отырдым. Осы жолы шекараны Макс Корж әнімен кесіп өттік. Минскіде достарымның үйіне бардым. Минскіге жеткен соң үрей басылғандай болды.
Осы уақытта тіркеуде тұрған үйімнің көршісі пошта жәшігінде әскерге шақыру қағазы жатқанын айтты. Қатты таңғалған жоқпын: тізімде болсам, әскери комиссариат мені іздейтіні түсінікті еді. Бірнеше күннен соң Қазақстанға ұшып кеттім.
Астанада пәтер жалдап, құжаттар рәсімдеп, банк картасын жасаттым. Тұмау тиді, ағзам "мен шаршадым" дегендей болды. Жатырмын. Қазір "Не істеймін, қалай өмір сүремін?" деген үрей бар. Бірақ соншалық ауыр емес, себебі Минскі үрейді басуға көмектесті. Кететін кезде жұбыммен ұзақ уақытқа айырылысып жатырмыз деген ой болмапты. Қазір эмоция жағыны қиыны да осы: мен осындамын, ол ана жақта.
Күнде хабарласып, жаңалықтарды бөлісеміз. Досыммен болған қалалардан ашық хат жібергенмін. Бірақ осы әңгіме мен ашық хаттар азайып, бір бірімізді түсінбей бастаймыз ба деген үрей бар. Мұны ойласам, денем түршігеді.
Жазылған соң, еріктілердің сауалнамасын толтырып, "Идите лесом" жігіттеріне көмектесуге қосылғым келеді. 21-інен кейін отандастарыма қарап, олардың ақымақтығын, кедейлігін көрдім. Ақымақтықтан кедей болу, кедейліктен ақымақ болу. Ата-аналардың соғысқа алса, барар едік деген әңгімелері, біздің қызмет етуге міндетті дейтіндері қорқынышты. Адамдардан қатты көңілім қалды. Бұл да кетуге әсер еткен сияқты көрінеді. Ресейде жақсы көруге болатын табиғат қана қалған сияқты. Адамдарға деген көзқарасым радикал және негатив сипатта. "Идите лесом" адамдар мен отандастарыма деген үмітімді қайта оятқандай болды.
Наразылық білдіріп, күресу үшін Ресейде қалу ма? Қиын сұрақ. Ұжымдық жауапкершілік пен кінә туралы айтады: иә, біз істей алмадық, қала алмадық. Иә, ештеңе істемей отырдық. Бірақ 24 ақпаннан емес, 2008 жылдан бері [солай]. Ресейде наразылықтар болды, бірақ айтарлықтай емес. Көбі оқшау қалуға, биліктің бірдеңелерді шешіп жатқанына, ал біздің өз өмірімізді сүріп атқанымызға үйреніп қалған. Менің наразылыққа шыққым келген жоқ. Шыққым келмеді дегенде, мұны досыммен талқыладық. Ақпанның соңында "Неге көшеге шықпаймыз?" деп сұрадым. "Аз шықты" деді. "Біздің шығуымыз үшін қанша адам шығуы керек?" "Дворцовая [алаңы] толса, барар едік". Бәлкім, Петербургте әр адам осылай ойлаған шығар.
СОҒЫС ЖӘНЕ АТА-АНА
Анам ұзақ уақыт бойы шекарадағы жағдайды, менің кететінімді білген жоқ. Оған кейін айтқым келді. Әкем бәрін тез біліп алды: әріптестерім жұмысқа шықпағанымды айтыпты. "Осылай шешкенің дұрыс болды. Шешіміңе қуаныштымын" деді.
Бұған дейін оның көзқарасына келіспейтінім туралы айтып, екі сағат әңгіме айтатынбыз. Ол соғыстың жаман екенін айтса да, "бізге шабуылдамас үшін, біз шабуылдадық" дейтін.
Кетер алдында әкеммен сөйлескенде, "Сенің көзқарасыңды қолдасам, соғысқа кетіп жатсам, не істер едің?" деп сұрадым. "Бармайтын едің" деді. Ашуға булығып шыға келдім: "Украинада соғысу керек, адам жіберу керек, бірақ өзіңнің балаң бармауы керек пе сонда?" дедім. Ол ұлының соғысқа бармауы үшін бәрін істейтінін айтты.
Мобилизация жарияланған соң, достарыммен, ата-анаммен қатты сөйлесе бастадым. Кейінгі жарты жылда біз соғыс тақырыбын айналып өтетінбіз. "Соғыс жаман нәрсе, бірақ мен қолдаймын" деген болмайды: сен не қарсысың, не қолдамайсың. Қолдасаң, маңдайыңа "Z" таңбасын жазып ал да, ерікті болып кет. Бірақ әкем қазір біржақты ойдан арылып жатқандай.
Анама бәрін Беларуське кетер алдында айттым. Онымен де қызық диалог болды. Ол мені соғысқа қарсы болғаным үшін емес, басқа елде жаңа өмір бастағым келетіні үшін қолдады. Әкеме айтқан сұрақты оған да қойғанымда, "Қаласаң, барар едің" деді. "Сен мені жіберер ме едің?" "Қалай тоқтатар едім?" "Білмеймін: аяғыма жығылып...". Түңіліп кеттім. Бірақ айналамда ата-аналары мен балаларының арасы бұдан да нашар жағдай бар: қайта менің жолым болды десем де болады. Қызымның ата-анасы: "Шақырса, барамыз. Сендерді шақырса, сендер де барасыңдар" дейді.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Украин күштерінің дәлдігі мен оқты орманнан іздеген орыс әскері