Эрик 22 жаста, Ресейдің Ульяновск қаласында туып-өскен жігіт былтыр наурызда Ленинград облысындағы әскери бөлімде борышын өтеп жатқан жерінен қашып кеткен. Сол жүргеннен Латвия шекарасын заңсыз кесіп өтіп, сол елден бассауға сұраған. Эрик әскерден қашу себебі, жолдағы азабы жайлы Азаттықтың Север.Реалии жобасына айтып берді.
"МЕМЛЕКЕТТІК ОРГАНДА ІСТЕСЕМ ДЕГЕН ЖОСПАРЫМ БОЛДЫ"
2021 жылғы 15 қарашада мерзімді әскери борышымды өтеу үшін жиналу пунктіне бардым. Бір жыл әскерде болып келемін деп ойладым. Салық құрылымдарында не мемлекеттік органда жұмыс істесем деген жоспарым болды. Борышымды өтеп келсем, әскери билетім болады, жұмысқа тұру оңай деп ойладым.
Ульяновск қаласындағы колледжде "жол және аэродром құрылысы" мамандығы бойынша білім алдым. Оқуды бітіруге төрт ай қалғанда техникалық қолдау операторы деген жұмыс та таптым. Армияға баратынымды әке-шешеме тек соңғы сәтте айттым. Ленинград облысы Выборг ауданы Каменка ауылындағы 138-мотоатқыштар бригадасына түстім. Бұл – бірнеше әскери қалашықтан тұратын үлкен әскери бөлімше. Интернеттен оқығаным бойынша, мұнда 4 мың адам бар.
Шынымды айтсам, әскер деген – текке уақыт өлтіру. Әскери дабыл болғанда көбіміз АК-12-нің сүмбісі қайда екенін бірінші рет білдік, көп адам тіпті шүріппе басып көрмеген. Кейбіреулер бір жылда бірде-бір рет мылтық атпастан әскери қызмет атқарып, аяқтаған соң үйіне қайтты.
Соғыс басталғанда теледидардан [Ресей президенті Владимир] Путиннің сөзін тыңдап, қатты қобалжыдым. Мені майданға жіберетіндей ешқандай мүмкіндік қалдырғым келмеді. Идеологиялық тұрғыда украиндарға қарсы тұруға еш құлқым болмады.
Соғыс басталғанда жақындарым мен достарымның пікірін сұрадым. Кейбірі "Соғысқа жіберсе, барамын" деді. "Не үшін, себеп не?" деген сұрақтарға жауап ала алмадым. Бөлімшеде, негізінен, ауылдан шыққандар қызмет етті. Олардың көбі Ульяновскімен көрші Татарстан, Чувашия сияқты жерлерден менімен бірге пойызбен келген. Олар ауылынан алысқа ұзап көрмеген, ақша төлейміз деп уәде беріп жатқан соң, табыс табудың жолы осы екен деп ойлады.
Достарымның арасында митингіге шығып, оппозицияны қолдап жүргендер болды. Содан соң Еуропа елдерінен саяси баспана сұрау туралы идея келе қалды. Шекаралас жатқан Латвия, Эстония, Финляндия бірден еске түскені түсінікті. Соғыстың аяғы қалай болады деп қатты қобалжыдым. Белгород пен Курск жақта жүргендер жазып тұратын. Оларға "сендерді резерв ретінде дайындап жатырмыз" деп айтады екен. Ал бұл уақытта олардан бірнеше жүз шақырым жерде соғыс болып жатты. Наряд кезінде штабтағы жоғары лауазымды адамдар соғысқа қарсы митингіге шыққандарды "дым түсінбейтін бейшаралар" деп сөгіп жатқанын естіп жүрдім. "Олар сондай біржақты ұстанымдағы адамдар, оларды түбірімен құрту керек" деген түсінік болды.
Батальонымызда Белгород түбіне барғысы келмеген әскери қызметкерлермен келісімшартты үзіп жатты. Соғыс басталғаннан кейін штабқа қол-аяғы сынған адамдар келе бастады. Кейбірі келісімшартты үзбей, уақытты соза түсу үшін солай істеген сияқты. Мұның барлығы бір-екі айдан соң бітеді деп ойласа керек.
ЛАТВИЯ ШЕКАРАСЫНА ҚАРАЙ ҚАШУ
Бір күні [Латвия] шекарасына қарай қашу керек деген ой сап ете қалды. Жолды, логистиканы ойлап, жоспарлауға, "жолға не алам, ұсталып қалмас үшін не істеу керек, қолға түскен жағдайда ешкімнің мойнына жауапкершілік артпау үшін қалай істеуге болады" деп ойлануға уақыт керек болды.
Әскердегі басқа адамдарға жоспарымды айтпадым. Қашып шығар алдында "бөлімшеден сыртқа кету үшін бір жерімді кесіп, сындырып алсам ба, әлде суицидке бармақ болған адам кейпіне кірсем бе екен?" деп көп ойландым. Өліп қалғанша "жынды" деп жібере салғаны жақсы ғой. Мемлекеттік мекемеде жұмыс істеймін деген ойымнан мүлде бас тарттым, бүйткен үкіметі құрысын.
Сөйтіп, басқа біреудің атына көп SIM-карта сатып алдым да, жолда ауыстырып жүрдім. Өз SIM-карталарымды пайдаланбадым. Келісімшарттағылар былай тұрсын, мерзімді әскери қызметте жүргендердің телефоны да тыңдалады. Ата-анасымен көп сөйлесіп, шағым айтып жүретін проблемасы көп жігіттердің әңгімесін тыңдайды. Сосын олармен "Еркек емессің бе?" деген сарында "түсіндіру сұхбатын" өткізеді. Мен ондай арызқой болмадым, тасада жүрдім, прапорщик үш айдан кейін де аты-жөнімді білмейтін.
Жиналыстан соң бөлмеме кіріп, онша көзге түспейтін киімімді киіп, армияның спорт шалбарын, "Ресей армиясы" деген жазуы өшірілген киімімді кидім.
Бұл жоспарымды жақындарым білген жоқ, әрине. Қорыққан жоқпын, тек қобалжыдым. Жүріс-тұрысымды ойша жоспарлап алдым. Көмектескендер де болды, интернетте хат алмастым.
Наурыздың басында 5 мың рубльге такси шақырдым, терезеден түсіп, автопарк қасынан өтіп, жолға қарай жүрдім. Таксист жетіп қалғанда, пиксель формамды шешіп, орап алдым. Ол кезде жұртты Курск пен Белгородқа және парадқа жіберу үшін жаттығуға алып кеткен, батальон бос еді. Қалған 20 шақты адам бірін-бірі танитын. Бағыма қарай, мені ешкім көрмеді, емін-еркін таксиге міндім. Таксисті "демалысқа жіберді" деп сендірдім. Бірақ ереже бойынша, шыққандарды ата-анасы алып кетуі керек. Мұнша ақшаға ешкім такси жалдамас еді, себебі жақын жерде станция тұр, ал одан ары қарай 200 рубльмен Питерге жетіп алуға болады.
"АЮДЫҢ ІЗІ КӨП БОЛДЫ"
Бір аулаға кірдім, ол жерде жай киім дайын тұрған еді. Қалада қондым. Содан кейін өзімді күтіп тұрған көлікке отырып, Псков арқылы шекара түбіне дейін жеттім. Бірнеше өткізу пункті қалған тұста көліктен түсіп қалдым. Бұл кезде телефоным өшіп, фольгаға оралып тұрды, "симкаларды" лақтырып тастағанмын. Бірақ алып жүрген компасым күн суықта істемейтінін сонда ғана білдім. Бір-екі сағат әрі-бері айналсоқтап жүріп, онымен ешқайда бара алмайтынымды түсіндім.
Сарбаздардан "Кел, бүгін бөлімшеде кезекшімін, сөйлесеміз" деген хабарлама қарша жауды. Олар мені қатты шаршап, бір жерде арақ ішіп жатыр деп ойласа керек.
Түнде телефонды қайта қостым. Ну орман ішінде карта ашылмайды, геолокацияны көрсетпейді. Сарбаздардан "Кел, бүгін бөлімшеде кезекшімін, сөйлесеміз" деген хабарлама қарша жауды. Олар мені қатты шаршап, бір жерде арақ ішіп жатыр деп ойласа керек. Ешкімге керек емес екенімді түсіндім. Оның үстіне, заң бойынша екі күннен соң ғана федерация көлемінде іздеу жарияланады.
Жол бойында аттары ұқсас, қаңырап бос қалған ауыл көп екен. Ит көп. Барлық жақтан иттің ұлығаны естіледі. Бәрі ізімнен аңдып келе жатқандай сезім болып, үрей туды. Сондықтан қармен жүрмеуге тырыстым, темекі тұқылын қалтама сала бердім. Бір кезде электр сымдары тартылған жерге жеттім, оның бойындағы ағаштарды кесіп тастаған екен. Соның бойымен жүре берсем, бір елді мекенге жетермін деп ойладым.
Жеткен кезімде таңғы 5-6 болды. Жолдың бойына жатып, қалғып кетіппін. Бос тұрған үй, моншаларға кіргім келмеді. Күн қатты аяз, шамамен минус 15 градус болды. Бөтелкедегі су қатып қалды. Үстіме күздік күрте киіп шыққан едім. Жылу мен арақтың арқасында аман қалдым.
Орманмен жүре бересің, денеңді ұрып, өзің жайлы белгі берсең болғаны, жыртқыш жетіп келеді. Аюдың ізін көп көрдім. Ұйқы қабымды сол іздердің дәл үстіне қойдым.
Бірақ мұнараларда жан баласы болмады, шекарашылардың ізі де байқалмайды, шекара қалың ұйқыда екенін сонда ұқтым.
Бір уақытта орман бітті де, күн шақырайған жазық жер басталды. Бір кезде бақылау мұнараларын көрдім: советтен қалғаны да, прожекторы жарқыраған қазіргі заманғысы да бар. Телефонды алдым да, ішінде кісі бар ма деп зуммен үлкейтіп қарай бастадым. Біткен жерім осы болар дедім, жүріс-тұрысым алақандағыдай көрініп тұрды. Бірақ мұнараларда жан баласы болмады, шекарашылардың ізі де байқалмайды, шекара қалың ұйқыда екенін сонда ұқтым.
Өзенге жеттім. Жоспар бойынша одан жүзіп өтуім керек-тұғын. Екі таяқ пен жіптен құрғақ киімді ұстап жүретін сырық жасап алмақ болдым. Бірақ минус 15 градус суық болғаны жақсы екен, өзен қатып қалыпты. Сөйтіп жүріп, үш қатар сымтемір қоршауға жеттім. Биіктігі – 1,5 метр. Рюкзагымды лақтырып, астымен жер бауырлап, ені 50 метр болатын бейтарап зонадан жүгіріп өткен соң, Латвия шекарасын көрдім. Істіктері бар, үстінен сымтемір жүргізілген дуал тым биік екен, шамамен 2,5 метр болады. Арасына жіңішке сым жүргізілген, онда электр тогы бар сияқты көрінді. Ағаш тастап көріп едім, ештеңе болмады.
Бірнеше рет секіріп, маңдайымды жаралап жатып, сымтемірдің үстіне ұйқы қабымды лақтырып, дуалға секіріп міндім. Ары өткен соң, денем босап сала берді. Tele2 SIM-картасы болған, Латвияда роуминг те ұстап тұр екен. Адамдарыма "Цезарь Рубиконнан өтті" деп жазып жібердім. Өзара сөйлесетін жұмбақ сөздеріміз болды, бұл жасырыну үшін емес, эстетика үшін маңызды еді. Мысалы, қашып шыққан сәтті "Жеребе тасталды" деп сипаттадық.
Жан адаммен кезікпей бес шақырым жүріппін. Аяғым қатты дызылдап тұрды, жүргеннен демалғаным көп. Резекне қаласына жетіп, сол жерде берілу үшін автобус аялдамасына бет түзедім. Көңіл-күйім керемет. Жоспарым іске асты. Сол кезде Telegram-ыма "ФСБ Михаил", "ФСБ Александр" сияқты адамдар қосылып, жасыл жанып тұрды. Батальон командирінің міндетін атқарушы, прапорщик – бәрі жазып, қайт та қайт деп, түрлі себеп айтып, үйге жібереміз деп жатты. Каменка маңында тығылып жатыр деп ойласа керек. Сарбаздан көз жазып қалғаны үшін жазалатынын біліп, қорқып жатқаны түсінікті ғой.
"ШЕКАРАШЫЛАР МЕН МИГРАЦИЯ ҚЫЗМЕТІНЕ МЕНІҢ ҚАШҚАНЫМ ҚЫЗЫҚ БОЛМАДЫ"
Автобус аялдамасына жақын жерге жатып, көзім ілініп кетіпті. Температура – минус екі, "ыстық" десе болады. Аялдамаға келдім. Жұрт терезеден үңіліп, менен сезіктене бастаса керек. 15 минут болмай шекарашылар жетіп келді. Түрім әбіржіген, маңдайым қанап тұр. Армиядан қашып, шекарадан заңсыз өткенімді, саяси баспана сұрайтынымды айттым. Солдат екенімді естіген шекарашылар машинадан шығып, автоматтарын кезенді, сосын "қолыңды көтер" деді.
Ikea-дан алған пышағым бар еді, соны аулаққа лақтырып, барынша сыпайы болдым. Мені шекара қорғау станциясына алып барды. Телефонмен сөйлесуіме рұқсат беруді сұрап, достарыма барлық хабарламаны өшіріңдер деп ескерттім.
Латвияға шабуыл жоспарланып жатыр ма?" деп сұрады. Кейін менен шпион екен деп күдіктенгенін айтып берді.
Бұдан соң ұйқысыз ұзақ түн басталды. Маған бірнеше қызмет адамы қатты шүйлікті, мені көп ақпарат білетін адам деп ойлады. "Латвияға шабуыл жоспарланып жатыр ма?" деп сұрады. Кейін менен шпион екен деп күдіктенгенін айтып берді. Олардың еш сұрағына жауап бере алмадым. Жай қатардағы жауынгер екенімді, бар білетінім өзім қызмет еткен әскери бөлім екенін айта бердім. Шекарашылар мен миграция қызметін қалай қашқаным мүлде қызықтырмады. Сөздерінен түсінгенім, маған дейін бұл жолмен қашып келгендер некен-саяқ екен.
Сұрақ-жауаптан соң Рига түбіндегі Муцениекиде орналасқан босқындардың жабық орталығына алып барды. Сол жерде 2,5 айдай болдым. Онда ұзақ отырғандар бар. Көбі – Лукашенко әдейі ұйымдастырған "белорус жолымен" қашқандар. Негізінен, Таяу Шығыс, Орталық Азия, Солтүтік, Орталық және Батыс Африкадан келгендер. Сол арада болғанымда орысша сөйлейтін бірде-бір адамды көрмедім. Көкжиегім кеңейе бастады, себебі соған дейін Африка өкілімен тілдесіп көрмеппін.
Түрлі мәдениетпен танысқан қызық екен. Кейбіреуі асханада қолмен тамақ жейді. Біреуі дінге қатты сенеді, біреуі онша сенбейді, әрі мұнысын әркелкі көрсетеді. Бірақ бәрі мұсылман. Ата-анам сүннит мұсылман болған соң мен де мұсылман екенімді айттым. Аллаға сенемін, бірақ қандай да бір ағымға кірмеймін.
Ол жерде орыс әдебиеті болды, "Анна Каренинаны", Алексей Толстойдың ақ эмигранттар туралы еңбегін оқыдым. Теледидарда орыс тілінде хабар тарататын украин арналары көп екен. Бұл жағынан басқаларға қиын болды. Күні бойы жағымсыз нәрселерді ойламасам да, ұйқыға жатқанда армияны, одан қалай қашқанымды ойлап, жаман түс көріп оянамын. Қанша дегенмен, ол жер – түрме. Жағдай армиядағыдан анағұрлым жақсы болғанымен, қалаған есігіңді аша алмайсың, көшеге еркін шыға алмайсың, бұл жүйкеңе тиеді. Телефон, интернет қолдану уақыты да шектелген.
Ең қиыны белгісіздік еді. Қатты күйзелгеннен денем қышып, терлейтін болды. Басқа елдер, олардың диалектілері, мәдениеті туралы көп жайтты біле бастадым. Бір күрдпен көп сөйлестік, тіпті дос болып кеттік. Ол менен әлдеқайда үлкен. Үй, отбасы туралы оны-мұны айтамыз. "Жынданып" тұратыны көп, менен әлдеқайда үлкен ер адамдардың жылағанын көрсең. Бір күні маған "Ертең шығасың" деді.
Ресейдегі құрылымдар менің Латвияда екенімді біліп, кінәлілерді іздей бастады. Шекарашыларға, олар болса армияға кінә артты. Әке-шешеме барды. Ата-анам бұдан мүлде бейхабар, олардың айтар ештеңесі болмады. Іс архивке кетті.
"АЛҒЫС БІЛДІРУ ҮШІН ЛАТЫШ ТІЛІН ОҚЫП ЖАТЫРМЫН"
Менің процесім басқа ресейліктердікіне қарағанда жылдам жүрді. Еліме қайтсам, қылмыстық жауапқа тартылып, түрме жазасын аламын, федерация аумағында іздеу жарияланған. МВД.рф сайтында бұл ақпарат ашық тұр. Каменкада, бәлкім, тіпті Ульяновскіде көшеге ілінген маған іздеу салған хабарландырудың суреті де бар. Ашық лагерьге көшіріп, келгеніме бес ай болғанда босқын мәртебесін берді. Қазір тұрақты ықтиярхатым бар, бүкіл Еуропаға шыға аламын.
Ригада өмір бойы қалам ба, білмеймін, бірақ маған көп көмектескен латыш халқына алғыс білдіру үшін латыш тілін оқып жатырмын. Ағылшын тілінде оқытатын университетке түскім келеді. Жұмыс істеп жүрмін. Әрине, сағыныш бар.
Елге ешқашан қайта алмайтын шығармын. Ресей басқаша болады, өзгереді дегенге сенбеймін. Бұл бассыздық күш құрылымдарының, армия мен полицияның ең төменгі сатысынан басталып жатыр. Бұл бір адамның – Путиннің мәселесі емес. Қазірдің өзінде Ресейде тұру қауіпті. Сіз полицияда қызмет ететін болсаңыз, коллапс болып, Ресей жағына зымыран ұша бастаса, қайда қашасыз? Үшінші елге ме? Бұл жолды таңдау оңай болған жоқ, алты айым қамауда өтсе де, мен жеңдім.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Қазақстанға төртінші талпынысында бір-ақ өткен Петербург тұрғыны