Ресей федералдық қауіпсіздік қызметінің (ФСБ) басшысы Александр Бортников өткен аптада тосын мәлімдеме жасап, «Ислам мемлекеті» ұйымынан төнген қауіптің күшейгені сондай, ФСБ АҚШ-пен барлау мәліметтерін алмасуы мүмкін» екенін мәлімдеді.
Вашингтонда Обама әкімшілігінің ұйымдастыруымен өткен экстремизмге қарсы жиында журналистердің сұрақтарына жауап берген Бортников «ФСБ-ның мәліметі бойынша, осы күні Ирак пен Сириядағы қарулы жасақтардың сапында 1700-ге жуық Ресей азаматы соғысып жүр» деген дерек айтты.
Ресейдегі Шешенстан республикасының кремльшіл басшысы Рамзан Қадыров сияқты басқа лауазымды тұлғалар Сириядағы қақтығысқа қатысып жатқан ресейліктердің санын анағұрлым азайтып көрсетіп жүргенде ФСБ басшысының бұл мәліметі талайды таң қалдырды.
Александр Бортников осыдан бір жарым жыл бұрын – 2013 жылдың маусым айында Сирияда 200-ге жуық ресейліктің жүргенін айтқан еді. Осы аралықта радикалды топтардың қатарына қосылған ресейліктер саны еселеп артып кеткен бе?
«КЕТКЕННІҢ КӨБІ 30-ҒА ТОЛМАҒАН»
Сирияда соғысып жүрген ресейліктердің басым көпшілігі – Солтүстік Кавказ аймағынан шыққандар. Бұл жайт әлеуметтік желілер мен интернеттегі ақпарат көздерінде бұрыннан айтылып жүр. Бірақ Ресей баспасөзі бұл мәселеге ерекше мән бермей келеді.
«Аргументы и факты» («АиФ») газетінің интернет нұсқасында Таяу Шығыстағы қарулы қақтығыстарға қатысып жатқан ресейліктердің портреті жасалып, олардың бұл жолға түсуіне түрткі болған себептер талданған зерттеу мақала жарық көрді. Онда әсіресе кавказдықтардың Сирияға қалай тап болатыны егжей-тегжейлі жазылған.
Қарашай-Шеркес республикасы құқық қорғау мекемесінің ресми өкілі басылымға берген сұхбатында өңір тұрғындарының Сирияға соғысқа аттана бастағанына бірнеше жыл болғанын айтқан.
«Сирияға кетіп жатқандардың көбі – 30-ға толмаған жастар. Біздің республикадан ол жаққа аттанғандардың ішіндегі ең жасы – 17-ге жаңа толған бозбала. Ата-анасы оны Египетке оқуға жіберген, жақында оның Сириядағы ұрыста қаза болғаны туралы хабар алыпты. Бірнеше ай ғана сабақ оқыған соң ол содырлардың қатарына қосылыпты. Египеттен Түркияға кеткен ол шекараны кесіп өтіп, соғысқа аттаныпты» дейді Ресей басылымына ақпарат берген құқық қорғау саласының қызметкері.
Ресей баспасөзінде алдымен Египетке оқуға барып, кейін Сирияға өтіп кеткен бірнеше кавказдықтың оқиғасы сөз болған. Олардың үшеуі – Қабарда-Балқар республикасының тұрғындары. Олардың бірі – 22 жастағы Мұрат Нагоев елге қайтып оралған соң жауапқа тартылып, былтыр қарашада төрт жылға бас бостандығынан айырылған.
«КЕТКЕНДЕРДІҢ ӘЛЕУМЕТТІК АХУАЛЫ ӘРКЕЛКІ»
Бұрынғы Совет Одағы елдері аумағындағы жағдайды сараптаған зерттеулерге қарағанда, «Ислам мемлекеті» тек әлеуметтік жағдайы нашар жастарды ғана нысанаға алмайды.
Шешенстан астанасы Грозныйдағы «Объектив» ақпарат және сараптама агенттігінің басшысы Хеда Саратова «АиФ» басылымына берген сұхбатында «Ислам мемлекеті» әлеуметтік жағдайы нашар жастармен қоса ауқатты ересек азаматтарды да өз қатарына тартады деген тұжырымын айтқан.
«Грозныйдағы тұрмысы нашар халық тұратын Старопромыслов ауданы – терроршылар қатарына адам жинаудың басты ошағына айналған. Бірақ кеше ғана маған Дағыстаннан екі әже көмек сұрап келді. Олардың медицина оқу орнының 2-курсында оқып жатқан 18 жастағы қыздары [Сирияға] кетіп қалыпты. Ол қыз өмірінде еш қиындық көрмеген, әкесі – мемлекеттік қызметкер, отбасының тұрмысы жақсы. Сондықтан әлеуметтік жағдай басты индикатор емес» дейді Хеда Саратова.
«Аргументы и факты» газетіне сұхбат берген үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері Солтүстік Кавказдағы террорлық ұйымдардың қатарына қосылғандардың динамикасы «жан түршіктіретінін» айтқан.
Құлдыққа жегілген жастардың құқықтарын қорғаумен айналысатын «Альтернатива» ұйымының жетекшісі Олег Мельников Қазақстаннан шыққан, ұлты орыс жігіттің басындағы жағдайды айтып берген. Оның сөзінше, бір жыл бұрын жоғалып кеткен баланың әкесі «Альтернатива» ұйымынан көмек сұраған.
«Әлгі жігіт колледжде оқимын деп Мәскеуге барыпты. Сонда жүріп интернет арқылы бір қызбен танысып, ислам дінін қабылдайды да, аты-жөнін өзгертіп, жақындарымен байланысын үзіп, ұшты-күйлі жоғалып кетеді. Әкесі баласын іздеп Мәскеуге бірнеше рет келіп, оның достарымен сөйлескен, баласы барып жүрген мешітке де бас сұққан. Ақыры оған біреулер «Балаңызды бұл жерден іздемеңіз, оның Сирияға кетіп қалғанына біраз болды» депті» дейді Олег Мельников.
Мельниковтың айтуынша, экстремистер студенттерді, жастарды қатарына оңай тартып алады. Жастар олардың «жарқын болашаққа бастаймыз» деген сөзіне оп-оңай сеніп қалады. Мәскеуге білім іздеп келіп, басқа жолға түсіп кеткендер көп. Бірақ Ресей астанасына келген соң радикалданып, соғысқа аттанып жатқандардың көбі – Орталық Азиядан келген еңбек мигранттары.
«БАРУ – ОҢАЙ, ҚАЙТУ – ҚИЫН»
Грозныйдағы «Объектив» ақпарат және сараптама агенттігінің басшысы Хеда Саратованың айтуынша, Ресей азаматына экстремистік топ қатарына кіріп, Сирия асу аса қиын шаруа емес. Ол үшін Түркияға барып, Сирияның шекарасын кесіп өтсе болғаны. Бірақ ол жақтан елге оралу қиынға соғады.
«Олардың құжаттары мен байланыс құралдарын тартып алады, ал «сатқындар» жазаға тартылады. Жақындарымен хабарласу өте қиын. Бірақ арасында кейбіреулері оралып жатады. Кейде балаларын іздеп ата-аналары өздері шығады. Әр оқиға өзінше арнайы операция іспетті. Біздің ұйым бес адамның оралуына көмектесті. Жалпы 27 кісі [Шешенстанға] қайтып келді» дейді Хеда Саратова «АиФ» басылымына берген сұхбатында. Оның айтуынша, елге келгендер қылмыстық жауапқа тартылады.
Сирияға барып, алданып жүргенін тез сезіп, елге қайтып оралған Саид Мажаевтың оқиғасы бұл жолға түскендердің қандай азапты бастан кешіретінін айқын көрсетіп берді. Саид Мажаев Сирияда екі ай соғысқан соң Шешенстанға әзер оралған. Ұрыста жараланған соң Түркияға емделуге барып, сосын елге қайтқан ол теледидар арқылы жастарға «Сирияға бармаңдар» деп ақыл айтқан. Саид Мажаев былтыр қараша айында екі жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілген. Алайда кейін Шешенстанның жоғарғы соты үкімді жеңілдетіп, оның жазасын сегіз айға қысқартты. Оның жаза мерзімі бітіп, бостандыққа шықты.
Шешенстан басшылығы елге қайтқандарға түсіністікпен қарап, жеңіл жаза тағайындай ма, әлде Мажаевтың оқиғасы басқалардан бөлекше ме – ол жағы белгісіз.
«Олардың Сирияда өлгенше осында түрмеде отырғандары әлдеқайда жақсы» дейді Хеда Саратова.
Азаттық тілшісі Йоанна Паражчуктың материалын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей.