«Ресей АҚШ-тың саяси жүйесін шайқауға тырысыпты» деген әңгіме шыққалы үлкен сайлауларға дайындалып жатқан Еуропа Одағы (ЕО) да сақтанудың қамын жасай бастады. Одақ басшылығы биыл Францияда өтетін президент сайлауында, Германия мен Нидерландыдағы жалпыхалықтық сайлауда Ресейдің кез келген әрекетіне төтеп беруге әзірленіп жатқан тәрізді.
ЛИБЕРАЛИЗМ МЕН ИЛЛИБЕРАЛИЗМНІҢ КҮРЕСІ
«Карнеги Еуропа» орталығындағы демократия мен ЕО-ның сыртқы саясаты жөніндегі сарапшы Ричард Янгстың айтуынша, Кремльдің ашық қоғам мен саяси жүйелерге жасайтын шабуылдарымен күресте жалған ақпаратты қадағалайтын жүйе мен хакерлікке қарсы технология жеткіліксіз.
Қазір мұнда либералдық идеялар мен иллибералдық идеялардың арасында үлкен күрес жүріп жатыр.
– Қазір мұнда либералдық идеялар мен иллибералдық идеялардың арасында үлкен күрес жүріп жатыр. Біз бұған көбіне құрылымдық саяси проблема тұрғысынан қарап, Еуропаның қауіп төніп тұрған либералдық құндылықтарын қорғау үшін кең ауқымды сараптамалық жұмыс жүргізуіміз керек. Қазір Еуропаға қарсы сырттан жасалып жатқан осындай тактикалардың кесірінен бұл құндылықтарға қатер төніп тұрғаны анық, – дейді Янгс.
АҚШ-та хакерлік шабуылға қатысты дау әлі толастаған жоқ, ал Ресей басшылығы «бұл елдегі президент сайлауының нәтижесін бұрмалауға ешқандай қатысымыз жоқ» дейді. Оның үстіне Мәскеу республикалық партия өкілі Дональд Трамптың күтпеген жеңісінен соң «жалған ақпарат таратып, елдің санасын улап жатыр» деген пікірді де жоққа шығарды.
Атлантикалық кеңестің жалған ақпарат және ЕО жөніндегі сарапшысы Алина Полякованың айтуынша, Батыстағы демократиялық елдер Кремльдің «ықпал ету операцияларына» ұзақ уақыт бойы көз жұма қарап, оны жоққа шығарып келді. Ал бұл – Мәскеудің ешқандай әскери шабуыл жасамастан, «ақпарат құралдарын, қоғамды және саясатты» манипуляциялау арқылы геосаяси мақсаттарға жетуді көздейтін әскери доктринасы. Сарапшының айтуынша, Еуропа Ресейдің саясат пен қоғамға қаншалық ықпал ете бастағанын енді түсіне бастады.
Полякова 2016 жылғы қарашада шыққан «Кремльдің Троя аттары» деп аталған есебінде Мәскеудің саяси ықпалына тосқауыл болатын нақты қадамдарды атап көрсеткен.
«Еуропаның саясаткерлері Ресейдің ашық қоғамдағы саясат пен дискурсты манипуляциялау мақсатында экономикалық тетіктерді және сырттай бейкүнә көрінетін қоғамдық шараларды пайдаланып жатқанын анықтап, шектеп және онымен бірлесе күресуге жұмылуы керек» деп жазылған Полякованың есебінде.
Есепте Ұлыбританияда, Германия мен Францияда сайлау науқандарын шетелден қаржыландыруға қатысты заңдарды күшейтіп, Еуропаның барлау мекемелеріне саяси партияларды шетелден қаржыландыруды тексеретін мандат беру керек деген ұсыныстар айтылған. Сондай-ақ онда «Ресейді қолдап, ЕО-ны жамандайтын пікірлерді таратуға ықпал ететін» институттар мен үкіметтік емес ұйымдарды қаржыландыру көздерін де зерттеу қажет екені айтылады.
Қарашаның соңында Еуропа парламенті бұл бағытта бір қадам жасап, ЕО институттарын Еуропаға қарсы үгіт-насихат науқанын қаржыландыру көздерін бақылап отыруға шақыратын қарар қабылдады.
Янгстың айтуынша, Ресейдің астыртын қаржылық ықпалы артқаны сондай, енді «Еуропа елдері саяси партияларды қаржыландыру ретін қайта қарап», саяси партиялардың ішкі науқандарына сырттан ақша келмеуін қадағалайтын ортақ ереже қабылдауға мәжбүр болуы мүмкін.
Еуропа парламенті, сондай-ақ, «арнайы стратегиялық коммуникациялық бөлімше» немесе EastStrat.com деп аталатын мекемені жалған ақпаратқа қатысты тактиканы күшейтуге үндеді. Янгстың айтуынша, бұл мекеме «жалған ақпаратты түзетуде жақсы қызмет көрсетті», бірақ ЕО-ның өз ішінде «Ресеймен жақсы қарым-қатынаста болуға тырысатындар» бар – сондықтан олардың қолы байлаулы болып тұр.
РЕСЕЙДІҢ ЖАЛҒАН АҚПАРАТЫМЕН КҮРЕСУДІҢ АМАЛЫ
Кей сарапшылардың айтуынша, ашық қоғамда баспасөз бостандығы қорғалып, интернеттегі цензураға жол берілмейтіндіктен, Ресейдің ақпаратты бұрмалап, дәстүрлі ақпарат құралдары мен әлеуметтік медианы манипуляциялау әрекетіне тосқауыл қою қиын.
Ұлыбританияның қауымдар палатасындағы консервативтік партия бастысы Дэвид Лидингтонның айтуынша, Ресей «жалған ақпарат таратудың көпжақты тактикасын біраз жылдан бері жақсы меңгеріп алған».
Ресей ішкі медиа нарыққа қатаң бақылау орнатумен қатар Кремльдің идеяларын мемлекеттік ақпарат құралдарының көмегімен сыртқа таратып жатыр.
– Ресей ішкі медиа нарыққа қатаң бақылау орнатумен қатар Кремльдің идеяларын мемлекеттік ақпарат құралдарының көмегімен сыртқа таратып жатыр. Олар мұнымен шектелмей, халықаралық қауымдастықты шатастырып, басқа жаққа бұру үшін агрессивті [теле]арналар ашып, әлеуметтік желілерді қоқысқа толтыру үшін өтірік дәлелдер келтірумен ғана айналысатын онлайн трольдар армиясын құрды, – дейді Лидингтон.
Оның айтуынша, Батыстағы демократиялық елдер бұл жаумен «үгіт-насихат арқылы емес, шынайы ақпарат тарату арқылы күресуі қажет» деп санайды.
– Біз Ресейдің жалған ақпаратының ауқымын өз халқымызға түсіндіруіміз керек. Ресейдің үгітші басылымдары біздің заңдарды бұзған жағдайда жауапқа тартылуы тиіс, сондықтан біздің реттеуші органдары қырағы болуы керек. Бірақ сөз бостандығының маңызды екенін де қаперде ұстауы қажет, – дейді Лидингтон.
АҚШ-тың биліктен кететін президенті Барак Обама Ресейдің хакерлік шабуылы туралы дау елдің инфрақұрылымына, қаржылық жүйесінің тұрақтылығына, сайлау процесі сияқты институттардың тұтастығына әсер ететін кибершабуылдарға қатысты уайымның бір бөлігі екенін айтты. Ол желтоқсанның 16-сы күні сөйлеген сөзінде ашық қоғамдар иллиберал қоғамға қарағанда әлсіз келетінін және хакерлік шабуыл сияқты манипуляциялық шаралардан ерекше жапа шегуі мүмкін деп ескертті.
АҚШ-тың ұлттық киберқауіпсіздікті күшейту комиссиясы желтоқсанның 2-сінде болашақта мұндай шабуылдардан қорғанудың стратегиясын әзірледі.
Ал Обаманың айтуынша, бұл стратегияны жүзеге асыру қиын, себебі «кибершабуылшылар бір ғана мекеме емес, олар жан-жақта шашырап жатыр және көбі жеке меншікте».
– Халыққа «былай істе» деп талап қоя алмаймыз. Біз тек оларға ақпарат беріп, жақсыны көрсетуге тырысамыз. Бұған қоса біз басқа елдерді осы сияқты шабуылдардан сақтандыра аламыз, – деді Обама.
Израильде орналасқан киберқауіпсіздік фирмасының өкілі Эви Чесла бұл пікірмен келіседі. Оның айтуынша, әлем елдерінің арасында өзара ынтымақ пен әріптесік жетіспейді.
– Киберқауіпсіздік жөніндегі мамандар түрлі хакерлік топтардың тактикаларын, әдістері мен техникаларын зерттеп көрсе ғана, олармен күресуге көп мүмкіндік алады. Сондықтан әр елдің мамандары өздері тапқан ақпаратпен бөлісіп отыруы керек, сонда ғана хакерлер бір елде қолданған тәсілін екінші елге қолдана алмайды, – дейді маман.
Чесланың айтуынша, «АҚШ-тағы сайлау жүйесіне хакерлік шабуыл жасалды» деген әңгіме ЕО-ға да ой салып, Ресейдің манипуляцияларының қаупін қайта бағалауына мүмкіндік берді. Бірақ Чесла «Кремльге қарсы партиялар мен саясаткерлерге қатысты ақпараттарды қорғауда кеш қалдық» дейді. Оның айтуынша, хакерлер Еуропаның ақпараттық жүйелеріне кемінде бір жыл бұрын кірген болуы мүмкін. Мәселен, 2015 жылы Германия барлау қызметі ел парламентінің компьютер желісіне шабуыл жасалғанын айтып, Ресейге айып таққан. Былтыр қаңтарда Франция қорғаныс министрлігі француздың интернет желілеріне сырттан 24 мың шабуыл болды деп дабыл қаққан.
Рон Синовицтің материалы ағылшын тілінен аударылды.