Орыстілді содырлар Хамада Асадпен соғыспақшы

Сириядағы Әбу Убайда әл-Мадани деген лақап есіммен танымал содырлар басшысы Хамада экстремистер тобына шайқас алдында сәттілік тілеп отыр. (Әлеуметтік желідегі сурет)

Арасында «Әл-Қаида» ұйымының Сириядағы бөлімшесінің «Әл-Нусра майданы» жасағы да бар орыстілді содырлардың екі тобы Хама провинциясында Сирия үкіметі әскерімен соғысқа дайындалып жатқанын айтады.

Бұл мәлімдеме әуелі Сирия үкіметі әскерилерінің Хама сияқты кейбір территорияларды қайтарып алуына көмектескендей көрінген Ресейдің әуе операциясы басталған соң үш аптадан кейін жасалды. Осы аптада «Әл-Нусра майданы» бөлімшесінің негізінен орысша сөйлейтін содырлардан тұратын әрі өзбектер басқаратын «Лива әл-Мухаджирин» («Шетелдік жихадшы жауынгерлер») жасағы мүшелері содырлардың Хамадағы операцияға дайындалып жатқан сәті түсірілген фотосуреттерді әлеуметтік желілерде жариялады. Фотосуретте топтың Әбу Убайда әл-Мадани деген лақап есіммен танымал 24 жастағы өзбек басшысы содырларға сәттілік тілеп тұрғаны көрсетілген.

ОРЫСТІЛДІ ЖАСАҚТАР

«Лива әл-Мухаджирин» жасағы «Әл-Нусра майданы» тобының бұрыннан келе жатқан «Катиб Сайфулла» бөлімшесі мен жуырда Солтүстік Кавказ бен Орталық Азия елдерінен келген жүз қаралы содырдан құрылған. Көбінесе арабша сөйлейтін исламшылардан тұратын бұл топ «Әл-Нусра майданы» басшысы Әбу Мохаммад әл-Джуланиге адалдық сертін бергеннен кейін қыркүйекте «Әл-Нусра майданы» құрамына енген.

«Әл-Нусра майданы» содырлары Алеппо көшесінде. Сирия, 26 мамыр 2015 жыл.

Осы аптада сан жағынан аздау тағы бір орыстілді топ – «Аджнад әл-Кавказ» да Хамадағы шайқасқа дайындалып жатқанын мәлімдеген. Шешендер басқаратын бұл топ Ресейдің радиоэлектронды бақылау орталығы орналасқан Латакия провинциясының таулы аудандарына бекінген. «Аджнад әл-Кавказ» тобының жетекшісі Абдул Хаким Шишани (Хамзат Ажиев) Солтүстік Кавказдағы шайқаста қолынан жараланып, Сирияға 2012 жылдың аяғында Грозныйдан келген деген болжам бар. «Аджнад әл-Кавказ» тобы ертеректе Идлиб провинциясында «Әл-Нусра майданы» коалициясы құрамында соғысқан. Әлгі шабуыл кезіндегі солтүстік кавказдық содырлардың жауынгерлік сапасын мақтаған Сауд Арабиясы діншілі Абдулла Мохайсани мен Абдул Хаким Шишани екеуінің бірге түскен фотосуреті бар.

«Аджнад әл-Кавказ» тобы «Әл-Нусра майданымен» бірге Хаманың солтүстік бөлігінде шайқасуы мүмкін. Екеуінің арасында байланыс жоғына қарамастан, Ресейдің өткен айдағы әуе операциясынан бұрын Ресей баспасөзі қателесіп, «Аджнад әл-Кавказ» тобын «Ислам мемлекеті» ұйымына жатқызған. Топ мүшелері адалдық сертін бермесе де, Солтүстік Кавказда орналасқан «Кавказ әмірлігі» исламшылар тобын қолдайтынын мәлімдеген.

ХАМАДАҒЫ ШАБУЫЛ

Жанжалға киліккен Ресей авиациясы қыркүйектің 30-ынан бері Латакиядағы, Идлибтің әл-Габ жазығындағы және Хаманың солтүстік провинциясындағы территорияларды бүлікшілерден тартып алуға тырысқан Сирия билігі күштерінің шабуылына көмектесіп жатыр.

Сирияда ресейлік әскери ұшақтардың әуе соққысын жасаған жері көрсетілген Ресей қорғаныс министрлігі жариялаған видеодан скриншот. 12 қазан 2015 жыл.

Ресейдің әуе соққысына сүйенген Сирия үкіметі күштері осы айда Хаманың кейбір учаскелерін тартып алғанымен, бүлікшілер тойтарыс беріп, кейбір территорияларды өз бақылауына қайта алған.

Қазан айының алғашқы екі аптасында Сирияның құрлық әскері Хама провинциясының терістігі арқылы Идлибке жылжуға әрекеттенген, бірақ бүлікшілер олардың шабуылын тойтарып тастады. Бұл шайқас кезінде бүлікшілер АҚШ-та жасалып, Сауд Арабиясы берген TOW зымыраны тәрізді танкке қарсы қаруды пайдаланған.

ОҢТҮСТІК АЛЕППО

«Сириядағы Кавказ әмірлігі» орыстілді тобының мүшелері Сирияның үкімет әскерлерімен Алеппо қаласының оңтүстік бетіндегі ауылдық жерлерде бүлікшілердің өзге топтарымен бірге шайқасып жатқанын айтады. Осы аптада топ содырлары Сирия билігі күштерінен қару-жарақ тартып алғанын мәлімдеген.

«Сириядағы Кавказ әмірлігі» Кавказда шоғырланған «Кавказ әмірлігі» тобының ресми бөлімшесі саналады. Бөлімшені Грузияның Панкиси шатқалынан келген Салахуддин Шишани (Фейзулла Маргошвили) деген этникалық шешен жігіт басқарады. Бұл топ «Джайш әл-Мухаджирин уәл-Ансар» тобынан ертеректе бөлініп шыққан.

Алеппо маңындағы елдімекендердің біріндегі әуе шабуылынан қираған үй. 21 қазан 2015 жыл.

Сирия армиясы Алепподағы жер үсті шабуылын қазанның 16-сы күні Ресейдің әуе соққысына сүйеніп бастаған. Бұл территория бүлікшілердің «Әл-Нусра майданы» сияқты исламшыл топтардың бақылауында. Бұл территорияда АҚШ-тың орталық барлау басқармасының (ЦРУ) көмегімен әскери дайындықтан өткен «Нур әл-Дин әл-Зинки» бригадалары да шайқасып жатыр, олар осы аптада командирлерінің бірі қаза тапқанын мәлімдеген.

Башар Асадты қолдайтын күштер төрт күн ішінде бұл жерде кемі үш қыстаққа бақылау орнатты. Мұны қыркүйектің 21-күні New York Times газетіне бүлікшілердің Түркияда жүрген белсендісі Фараж Шахид мәлімдеген.

БҰҰ-ның гуманитарлық мәселелерді үйлестіру орталығының мәлімдеуінше, Аллепо қаласынан оңтүстікке қарай жасалған шабуыл салдарынан 35 мыңға жуық адам босып кеткен, олардың көбі азық-түлік пен күнделікті пайдаланатын тұрмыстық заттарға зәру. Қыркүйектің 21-інде Алеппоның оңтүстігіндегі дереккөздер Азаттыққа бұдан да көп бейбіт тұрғын үйлерін тастап кетті деген болжам айтты.

(Йоанна Паражчуктың мақаласын орысшадан аударған - Айжан Оралғазы.)