Ұлыбритания, АҚШ, Франция, Германия және Канада басшылары біріккен мәлімдеме жасап, Ресейді Скрипальді улаған "Новичок" уын жасау тәсілін жариялауға шақырды.
Қыркүйектің 5-і күні британ премьер-министрі Тереза Мэй Скрипальдерді Кремльдің бұйрығымен әрекет еткен Ресей арнайы қызметінің қызметкерлері улаған деп мәлімдеген. Ұлыбритания прокуратурасы қастандыққа күдікті Александр Петров пен Руслан Бошировтың суретін жариялап, оларды Еуропа аумағына ене қалған жағдайда дереу тұтқындауға ордер берген.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Ұлыбритания "Скрипальді улаған - ГРУ агенттері" деп біледі"Британ билігінің мәлімдемесі шетел барлау қызметтерінің өз территориямызда жаулық пиғылдағы әрекетін тоқтату, химиялық қаруға тыйым салу, азаматтарымызды және өзімізді бізге қарсы зымияндықтан қорғау ниетімізді бекіте түседі" делінген бес басшыларының мәлімдемесінде.
Ұлыбритания Ресей барлауының бұрынғы агенті Сергей Скрипаль мен қызы Юлия Скрипаль СССР тұсында жасалған жүйкені зақымдайтын улы "Новичок" затынан уланған деп санайды. Ол екеуі наурыздың 4-і күні Солсберидегі сауда орталығы жанында ес-түссіз күйде табылып, ауруханада емделіп аман қалған.
Интерпол Сергей Скрипаль мен қызы Юлия Скрипальді улауға күдікті ресейліктерді Лондонның көмегімен іздестіретіні туралы бұған дейін БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінде Ұлыбританияның осы ұйымдағы тұрақты өкілі Карен Пирс мәлімдеген. Ол британ билігі ресейліктерді экстрадициялауды талап етпейтінін, себебі Ресей конституциясы ресейліктерді экстрадициялауға рұқсат бермейтінін айтқан.
Лондон "Скрипаль ісін" тергеу аясында Ресейдің 23 дипломатын елден шығарған. Мәскеу бұған жауап ретінде британдық 23 дипломатты Ресейден шығарып, Британ кеңесі бейсаяси ұйымының Ресейдегі өкілдігін жабу туралы шешім қабылдаған.
Ресей билігі Сергей және Юлия Скрипальдерге қастандық жасауға қатысы барын терістейді.
Сергей Скрипальді 2006 жылы Ресей соты "Ұлыбритания тыңшысы" деп айыптап, 13 жылға түрмеге қамауға үкім еткен. 2010 жылы Мәскеу АҚШ-та ұсталған ресейлік он агентті Ресейде Батыс мүддесіне тыңшылық еткен деген айыппен сотталған төрт адамға алмастырған кезде солардың арасында Скрипаль да болған. Ол содан бері Ұлыбританияда тұрып жатқан.