Батыс Қазақстан облысының әкімшілік орталығы – Орал қаласында жексенбі күні рұқсат етілген митинг өтті. Митинг қатысушылары саяси реформа жүргізіп, саяси тұтқындарды босатуды талап етті. Билікке наразылардың плакатындағы жазуды ұнатпаған әкімдік қызметкері ұйымдастырушыларды «экстремизм үшін қылмыстық жауапқа тартыласыңдар» деп қорқытқан.
"ШАЛ, КЕТ!"
Орал қаласы, талтүс, Мәншүк Мәметова атындағы алаң. Рұқсат етілген митинг өтетін орынға адамдар жинала бастады. Көбі қолына плакат ұстап келді. Плакаттарға екі не үш тілде "Саяси тұтқындарды босатуды талап етеміз", "Жемқорлыққа жол жоқ", "Макс Боқаев – біздің президент", "Назарбаев – диктатор" деген сөздер жазылған.
Ұйымдастырушылар бейбіт митингінің тақырыбын "Саяси реформалар және саяси тұтқындарға бостандық" деп атаған. Мінберге Қазақстанда саяси көзқарасы үшін қудаланды делінген адамдардың суреттері ілінген.
– Бізде бір адамның отбасы елдегі саяси билікті күшпен басып алды. Билікті уысынан шығармау үшін бір тұлғаны дәріптеп, жемқорлық пен саяси төзбеушілікке жол берілгенін көріп отырмыз. Елде сөз бостандығы жоқ, – деді митингті ұйымдастырушы Лұқпан Ахмедияров.
Мінберге шығып сөйлеген әр азаматқа бес минуттан уақыт берілді. Спикерлер биліктің ауысуын талап етіп, "мезі қылған режим" туралы айтты.
– Халықты қудалап, өлтіріп, түрмеге жапқан, берген уәделерін орындамаған, 30 жылдан бері ел басында отырған "Нұр-билікке" көңілім толмайды. Билікке жабысып алып, жібермей ұстап отыр. Шағын және орта бизнес, ауыл шаруашылығы – бәрінің түбіне жетіп болды. Барлық ірі бизнес, телеарна мен газет Назарбаев отбасының қолында. Бүгін "Болды, тоқта, жетер!" деп айтуға шықтым, – деді мінберден сөйлеген Маруа Ескендірова.
Ол мінберден "Шал, кет!", "Шал, кет!" деп айғайлаған кезде жиналған халық та оған қосылып, ұрандата жөнелді.
Митинг қатысушыларының арасында 82 жастағы Майя Лукьянова да болды. Зейнеткер газет қиындысын ала келіпті. Газеттің басты бетіне Лукьянованы полиция ұстап жатқан сәтінен түсірілген сурет жарияланған.
– Билікке көңілім толмайды, сол үшін келдім. Жазықсыз адамды ұстап әкетіп, түрмеге жабады. Бұл не сұмдық? Бұл – барып тұрған бассыздық. Содан кейін "Назарбаев туралы жаман ешнәрсе айтуға болмайды" дейді. Жақсы ештеңе істемесе, қалай айтпайсың? Бәрін өзінің айналасындағылар мен отбасы үшін істеді, ал қарапайым адамдар үшін ештеңе істеген жоқ, – деді Лукьянова.
Майя Лукьянова 2019 жылы 10 мамырда өткен митингіге қатысқаннан кейін бірнеше рет ұсталған. Зейнеткерді бірнеше рет полиция бөліміне апарып, наразылық акцияларына қатысқаны үшін жауапқа тартылатынын ескерткен.
– Қазақстанда диктатура орнаған, сөз бостандығы, ақпарат құралдарының еркіндігі жоқ. Олар жоқ жерде демократия да болмайды. Сондықтан Еуропарламент депутаттарынан 11 ақпанда қабылданған қарардан кейін Қазақстанның жоғары шенді тұлғаларына қарсы санкция салуды сұраймын, ал президент Тоқаев отставкаға кетсін. Диктатураның көзі жойылсын, – деді наразылық шараларына, бір адамдық пикеттерге жиі шығатын Ерік Жұмабаев.
Құқық қорғаушы Ғалым Агелеуов рұқсат етілген митингіге қатысу үшін Оралға арнайы келді. Мінберде сөйлеген сөзінде ол қазіргі билікті жемқор деп атап, өкімет пен халық арасындағы теңсіздікке тоқталды.
– Қазір жолайрықта тұрмық: не мемлекет ретінде дамып, азаматтық ұлт құрамыз, еркін мемлекетке айналамыз, немесе үнемі аузымызды жауып тастайтын, кландық жемқор билік құруды жалғастыра береміз, – деді құқық қорғаушы.
Агелеуов Азаттыққа митинг тақырыбының маңызды екенін айтып, наразылардың пікірлерін талқылауға тұрарлық құнды ұсыныстар деп атады.
"ЭКСТРЕМИЗМ ҮШІН" ЖАУАПКЕРШІЛІК
Митинг ұйымдастырушысы Лұқпан Ахмедияров жергілікті полициямен алдын ала келісіп, митинг өтетін орынға тәртіп сақшыларын жіберуді сұрағанын айтады.
– Бірнеше күн бұрын әкімдікке кездесуге шақырған кезде біз алдын ала солай келістік. Кездесуде болған полицияның өкілі митинг өтетін жерде тәртіп сақшылары болады, тіпті металл іздейтін тексеру құрылғысын орнатамыз деп уәде берді. Біз қуана қолдадық, бірақ кейін полиция қызметкерлерінің келмейтіні белгілі болды. Алаңның айналасында бірнеше полиция қызметкері ғана жүрді, – дейді Ахмедияров.
Полиция қызметкерлері митинг басталмай, әлі дайындық жүріп жатқан кезде алаңға келген. Бірақ митинг басталар кезде көрінбей кеткен.
– Оларды көрші аулалардан да іздеп көрдік. Жігіттер барлық жерді қарап, таба алмады. Алаңның екі жағында бірнеше полиция қызметкері мен бір көлік қана қалғаны белгілі болды. Жігіттер байланысты бәсеңдететін құрылғы орнатылған көлік тұрғанын көрген. Дәл сол кезде адамдар тікелей эфирге шығып, видео жібере алмай жатқанын айтты. Кейін бұл көлік кетіп қалды, – дейді Ахмедияров.
Полиция департаментінің өкілі Болатбек Белгібековтың айтуынша, алаңда "полиция қызметкерлері болған", бірақ наразылық акциясы биліктің рұқсатымен өтіп жатқанықтан, олар митингіге тікелей қатыспаған.
– Ол жақта қызметкерлер болды, тіпті, қатысушылардың бірі тікелей эфир жүргізген кезде форма киген адамдар тұрғанын көрсетті. Олар қоғамдық тәртіптің бұзылмауын қадағалап тұрды. Митинг биліктің рұқсатымен өтіп жатқандықтан, қызметкерлердің тікелей қатысуы талап етілген жоқ, – деді Белгібеков.
Наразылық акциясы аяқталғанша алаңда Орал қаласы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің бірнеше қызметкері болды. Олардың кейбірі плакат ұстаған адамдар мен мінберден сөйлеген азаматтарды суретке, видеоға түсіріп алды. Дегенмен ұйымдастырушылардан "экстремистік сөздер жазылған" плакаттарды жинауды талап етті. Мысалы, ішкі саясат бөлімінің басшысы Ербол Көшеков "Nazarbayev is a dictator" деген жазуы бар плакатты алып тастауды сұрады.
– Бұл сөздер экстремизм емес, шындық деп есептейміз. Сондықтан плакатты жинамаймыз. Шындықты айтуға тыйым салуға болмайды, – деді сахнада тұрып Көшековтың ескертуіне жауап берген Лұқпан Ахмедияров.
Кейін Лұқпан Ахмедияров ішкі саясат бөлімі басшысының бірнеше рет ұйымдастырушыларға келіп, "жауапқа тартылуларың мүмкін" деп ескерткенін айтты.
– Митинг аяқталған соң ол маған келіп, "Лұқпан Сайлауұлы, экстремизм үшін жауапқа тартылатыныңызды ресми түрде мәлімдеймін" деді, – дейді Ахмедияров.
Бұған қатысты Ербол Көшековтен пікір алу мүмкін болмады: ол бір рет тілшінің сұрағын жауапсыз қалдырды, екінші рет "Пікір бермеймін" деп қысқа қайырып, митинг өтіп жатқан орыннан кетіп қалды.