Саран қаласына жаңа әкім тағайындалды

Саран қаласының әкімі болып Дарын Бұлқайыр тағайындалды деп хабарлады Қарағанды облысы әкімдігінің баспасөз қызметі. Оның кандидатурасын президент әкімшілігі мен мәслихат депутаттары қолдаған. Жаңа әкім қалалық мәслихаттың кезектен тыс сессиясы кезінде таныстырылған.

Алдыңғы әкім Еркін Баулықов Сарандағы үйлердің қазан айында жылусыз қалғандығы үшін сыналып, ізінше қызметінен босатылған еді. Сол кезде қала әкімінің міндетін уақытша атқарушы болып қала әкімінің орынбасары Мақсат Қайрешов тағайындалған еді.

34 жастағы Дарын Бұлқайыр бұған дейін 2023 жылдың шілдесінен бастап Қарағанды облысының өнеркәсіп және индустриялық-инновациялық даму басқармасына жетекшілік еткен. Оның алдында шамамен екі жыл Қарағанды облысының жер қатынастары басқармасын басқарған. Әр жылдары тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасында, мемлекеттік сатып алу және құқықтық жұмыс бөлімінде түрлі қызмет атқарған.

Биыл қазан айының ортасында Қарағанды қаласынан 25 шақырым жердегі Саран қаласындағы үйлерде жылу жоғы хабарланып, тұрғындар батареялардың салқын екенін айтып, шағымданған. Ізінше Саран қаласының әкімі Еркін Баулықов жылу жоғын растап, қаланың жылу жүйесі "жаңартылғанын", орталық жүйелер арқылы "жылу бере бастағанын" айтқан. Ол тұрғындардан кешірім сұраған.

Қазақстанда жылу орталықтарында жиі апат болып, тұрғындар жиі жылусыз қалады. Былтыр энергетика министрлігі 2023 жылы жылу-энергетика нысандарын жөндеуге 146 миллиард теңге бөлінгенін, жылу беру маусымына дайындық жоғары деңгейде болғанын мәлімдеген. Алайда биылғы қыста да бірқатар өңірлерде қатты аяз кезінде жылу орталықтарында апат болып, жылу жүйесі мен электр станциялары істен шыққан.