Жексенбі, 16 наурыз күні Ресейдің Саратов қаласының Фрунзе аудандық соты фотограф Нұрлан Сұлтановты ресейлік оппозиционер, марқұм Алексей Навальныйдың суреті үшін "тыйым салынған символиканы көрсету" бабымен бес күнге қамауға үкім шығарды. Бұл туралы 164.ru басылымының тілшісі сот залынан хабарлады.
16 ақпанда, саясаткердің түрмеде жұмбақ жағдайда қаза болғанына бір жыл толған күні Сұлтанов Саратов қаласындағы Вавилов ескерткішіне гүл мен Навальныйдың суретін алып барған. Ол суретті ескерткішке жапсырған, бірақ полиция қызметкерлерінің талабынан соң оны алып тастаған деп хабарлады "ОВД-Инфо".
Шамамен бір ай өткенде, 14 наурыз күні Ресей полициясы Сұлтановты ұстады. Оған дейін полиция оған телефон соғып шақыртқан, бірақ фотограф барудан бас тартқан. Сосын өзін модельмін деп таныстырған әлдебіреу Сұлтановқа телефон шалып, өзін суретке түсіру үшін студияға келуін өтінген. Бірақ студияға әлгі адам емес, полиция қызметкерлері барып, фотографты ұстаған деп жазды "ОВД-Инфо".
Сот отырысы кезінде Нұрлан Сұлтанов "мені полиция қызметкерлері ұстағаннан кейін моральдық және физикалық қысым көрсетті" деп мәлімдеген. Бұған қоса ол "Алексей [Навальныйдың] бейнесі ешбір жерде экстремистік символика реестріне енгізілмегенін" атап айтқан.
"Менің қорғауымдағы адамның айтуынша, полиция қызметкерлері оған ішінен және мойнынан ұрып-соғып, дөрекі мінез көрсетіп, кінәсін мойындауын және қажет айғақтар беруін талап еткен", – деді Сұлтановты сотта қорғаған адвокат Кирилл Румянцев.
Сотта полиция қызметкері Константин Горюнов 16 ақпанда фотоға және видеоға түсіргенін және ондай жұмыстар полиция басшылығының бұйрығымен "ерекше және елеулі күндері" атқарылатынын айтты деп жазды 164.ru басылымы. Бұған қоса полиция өкілі Ресейде Навальныйдың суреті экстремистік символика болып саналатын сот тәжірибесі бар деп мәлімдеген. Бірақ Горюнов Навальныйдың суретін экстремистік символика деп ресми түрде таныған сот шешімі барын я жоғын білмейтінін айқан.
- Алексей Навальный (1976-2024) – Ресейдің ең танымал оппозиционерлерінің бірі және Ресей президенті Владимир Путиннің қарсыласы. Ол бірнеше саяси бап бойынша ұзақ мерзімге түрме жазасына кесілген. Навальный былтыр 16 ақпанда Ресейдің Ямал-Ненец автономды округіндегі "Полярный волк" колониясында қайтыс болды. Оппозиционердің өлімі туралы жазылған қорытындыда оның ажалы "табиғи жайттардан" болған деп көрсетілген, алайда жақтастары түрмеде қысымды көп көрген Навальныйды өлтіріп тастаған деп есептейді.
- Навальный өлгеннен кейін де Ресейдің қаржы мониторингі агенттігінде терроризм мен экстремизмге қатысы бар тұлғалар тізімінде қалды. Жақында осы мекеме марқұм саясаткерді тізімнен алып тастау туралы берілген өтінішті қабылдамады. Оның себебін "Навальныйға қатысты қылмыстық қудалау тоқтатылғаны туралы ақпарат түспегендігімен" түсіндірген. Ресейде марқұм Алексей Навальныйдың бейнесіне бола адамдарды қудалау оқиғалары бірнеше рет тіркелген.