Қазақстандық және халықаралық құқық қорғау ұйымдарының дерегінше, 2022 жылғы Қаңтар оқиғасынан кейін елде саяси тұтқындар саны күрт артқан. Қазіргі нақтыланбаған тізімде 140 адамның аты-жөні бар. Құқық қорғаушылар бұл дерек әлі де толығуы мүмкін деп отыр. Өткен жылдың соңында саяси тұтқындар тізімінде 12 адам болған. Қаңтар оқиғасынан кейін саяси себеппен қудаланғандар саны 11 есе артқан.
"АктивистыНеЭкстремисты ("Белсенділер экстремист емес") құқық қорғау ұйымдарының коалициясы (құрамында жеті қазақстандық және екі халықаралық ұйым бар) 25 шілдеде Қаңтар оқиғасынан кейін Қазақстанда саяси тұтқындар тізіміне кемі 128 адамның аты қосылғанын мәлімдеді. Бұл – саяси тұтқындар тізімін жасау қолға алынған 2013 жылдан бері тіркелген ең үлкен көрсеткіш.
Коалиция мәлімдемесінен бұрын Нұр-Сұлтанда қаңтар қырғыны кезінде қаза тапқан азаматтардың туыстары ұсталды. Наразылар жақындарын ақтауды талап еткен. Қаза тапқандардың көбі "жаппай тәртіпсіздікке қатысты" деп айыпталып, кейбірі тіпті терроризм бабы бойынша кінәлі деп танылған.
ҚУДАЛАНҒАНДАР ЖӘНЕ ӘРТҮРЛІ ЕСЕП
Саяси тұтқындар тізімін жасауға қатысқан құқық қорғаушы Данияр Хасенов Азатыққа қамауда отырған 130 азаматтың аты-жөні жазылған құжат жіберді. Негізінен Ақтөбе, Алматы, Көкшетау, Қостанай, Қызылорда, Павлодар, Семей, Тараз, Талдықорған, Шымкент, Өскемен, Ащыбұлақ ауылы (Алматы облысы), Тұрар Рысқұлов ауданы (Жамбыл облысы), Мерке ауданы (Жамбыл облысы) сияқты оннан астам қала мен елдімекен тұрғындары ұсталған. Оларға "жаппай тәртіпсіздікке қатысу", "терроризм актісі", "ғимараттарға, құрылыстарға, қатынас және байланыс құралдарына шабуыл жасау немесе оларды басып алу", "қару-жарақ, оқ-дәрі мен жарылғыш заттарды ұрлау немесе тартып алу" баптары бойынша айып тағылған.
Хасеновтың айтуынша, тізімдегі адамдар азаматтық белсенділікпен айналыспаған. Ол тізім әлі де өңделіп жатқанын, біраз ақпарат өзгеруі мүмкін екенін ескертті. Тізімдегі бірнеше азаматты қамаудан босатып, бұлтартпау шарасын өзгерткен. Биліктің хабарлауынша, сотқа тартылған адамдардың бір бөлігі шартты мерзімге немесе бас бостандығын шектеу жазасына кесілген. Тізімде жақында қаңтар оқиғаларына байланысты қозғалған істер бойынша ұзақ мерзімге түрмеге жабылған белсенділер де бар.
Ашық деректер жоқ, тізімдегі ақпарат толық емес, сондықтан саяси тұтқындар саны айтылғаннан да көп болуы мүмкін деп топшылайды Данияр Хасенов. Оның сөзінше, кей құқық қорғау топтары қудаланып жатқан белсенділер тізіміне бейбіт наразылыққа шығып жүрген адамдарды ғана қосқан.
— Әрине, қаңтар оқиғасы бойынша азаматтардан келіп түскен ақпаратты қолымыздан келгенше тексереміз. Бірақ біз полиция емеспіз, сондықтан бәрін анықтай алмаймыз. Критериімізге сай келген адамды тізімге қоса береміз, — дейді Хасенов.
Саяси тұтқын тізіміне енгізудің екі қарапайым критериі бар: олар қамауда отыр және "саяси астары бар істермен қудаланған". Тізімнің ұлғайып бара жатуының бір сыры да осында дейді Данияр Хасенов. Ол стратегиялық деңгейде Батыс елдерінің назарын аударып, қамаудағы тұтқындардың құқығын қорғаудан үміттенеді. "Бұл біреудің денсаулығын сақтап, өмірін құтқаруы мүмкін" дейді Данияр Хасенов.
Қаңтар оқиғасына байланысты жауапқа тартылған саяси тұтқындар тізімі әзірге ағылшын тілінде ғана дайындалған. Құқық қорғаушылар одан бөлек, қаңтар қырғынына қатысы жоқ оннан астам азаматтың аты-жөнін атады. Олар "Тірек альянсы" құқық қорғау ұйымы жариялаған тізімге енген. Кей жергілікті құқық қорғаушылардың есебі мүлде басқа. Алматылық құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина атыраулық белсенді Сергей Шутовтың Facebook-тегі жазбасының астына қалдырған пікірінде "Қазір саяси тұтқындар тізімінде 13 адамның аты-жөні бар, бірнеше күн ішінде тағы бес адамның ісі қаралады" деп жазған.
Қаңтарда азапталып, Атырауда ұсталған азаматтарға күш қолданылғанын айтқан Сергей Шутов "елде саяси себептер бойынша жауапқа тартылатын азаматтар көп, олардың мойнына қылмыстық іс іліп жібереді" дейді. Белсендінің пікірінше, Қаңтар оқиғасынан кейін саяси астары бар істер бойынша қудаланған азаматтар саны 700-ден асып жығылады.
— Түсінгенім бойынша, бұл тізімге осыған дейін құқық қорғау қызметімен айналысып, белсенді болып, азаматтық ұстанымы үшін жауапқа тартылған азаматтар ғана кіретін сияқты. Яғни, қаңтарда митингіге шығып, азапталып, сотталған адамдардың көбі бұрын азаматтық белсенділікпен айналыспаған. Олар алғашқы қадам жасап, осындай жағдайға тап болып отыр, — дейді Сергей Шутов.
Шутов мәжбүрлі түрде процессуалдық келісімге қол қойған азаматтар да саяси тұтқындар тізіміне енуі керек деп есептейді. Белсенді бұл көп жыл уақыт алатынын, саяси тұтқындар қатары әлі де толыға беретінін айтады.
— Көбі келісімге қол қойды. Ол кезде әртүрлі жағдай болды ғой. Әлдекімнің тырнағының астына ине сұққаны, құлағына темір тыққаны туралы сұхбаты күн сайын оқимын. Мұндай азаптан кейін кез келген адам істемеген ісін мойнына алуға мәжбүр болады. Ал келісімге келген азаматтар "саяси тұтқын" саналмайды, олар "қылмыскер" қатарына жатады. Бірақ біздің сот пен тергеудің деңгейін, тұтқындарды азаптау фактілерін ескеріп, азаматтық ұстанымы үшін зардап шеккендердің бәрін тізімге енгізу керек деп ойлаймын, — дейді Шутов.
"Шынайы қылмыскерлерді ешкім ұстағысы келмейді, олар бетперде киіп, ойына келгенін істеді де, ұшты-күйлі жоғалып кетті" деп қынжылады Сергей Шутов.
ТҮРМЕДЕ ӨЛМЕСЕ, САЯСИ ТҰТҚЫН ТІЗІМІНЕН ШЫҒЫП ҚАЛАДЫ
Қазақстандық сарапшылардың саяси тұтқындар тізіміне қатысты критерилері Еуропа кеңесі парламент ассамблеясы мен халықаралық Amnesty International құқық қорғау ұйымының нұсқаулығына негізделген.
2020 жылы адам құқықтары жөніндегі қазақстандық бюроның директоры Евгений Жовтис құқық қорғаушы Әзімжан Асқаровтың Қырғызстан түрмесіндегі қазасынан кейін өткен онлайн-дискуссияда көпшілікке аты белгісіз азаматтарды да саяси тұтқын деп тануды, қуғын-сүргін мен азаптау шаралары үшін жекелеген билік өкілдеріне санкция салуды ұсынған. 2010 жылғы Ош оқиғасына байланысты өмір бойына түрмеге жабылған Әзімжан Асқаров 2020 жылы 24 шілдеде "оң жақ өкпедегі пневмония" диагнозымен түрме ауруханасына түскен. Ертеңіне түрме басшылығы тұтқынның қазасы туралы ақпарат таратты. Бұл хабар қоғамда резонанс туғызды. Ұлты өзбек Әзімжан Асқаров Ош оқиғаларын ұйымдастырды деп айыпталған. Ош жанжалында бәрінен де жергілікті өзбектер көп зардап шеккен, олардың көбі жаяулатып көршілес Өзбекстанға қашуға мәжбүр болған. Асқаров пен оның жақтастары қылмыстық істің саяси астары барын, бәрі қолдан құрастырылғанын айтқан. Асқаровтың қазасынан кейін халықаралық Amnesty International құқық қорғау ұйымы оны "ар-ождан тұтқыны" деп жариялады.
Жовтис Азаттықтың "Мәжіліс" подкасының "Әзімжан Асқаровтың қазасы және Орталық Азиядағы саяси тұтқындардың тағдыры" шығарылымында "Асқаровтың көзі тірісінде Магнитский тізімінің [баламасын] ұсынып, табандылық танытуымыз керек еді. Кінәлілерді жауапқа тарту үшін көп жұмыс істеу қажет. Мемлекетке санкция салуға мүмкіндік болмаса, жекелеген тұлғаларға шектеу шараларын енгізіп, ақпараттық болсын (түсініксіз — Ред.) қолдау көрсетуіміз керек" деген.
"Екіншіден, басқа қатысушылар айтқандай, тізімге ар-ождан тұтқыны болған азаматтардың бәрін қосу керек. Халық жақсы танитын адамдарды ғана енгізу жеткіліксіз. Өйткені жүздеген, мыңдаған адам бар. Бұл оларға моральдық қолдау көрсетіп, режимді реакция білдіріп, жауапкершілік алуға итермелеу үшін көп іс туғызуға мүмкіндік береді" деген Жовтис.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Саяси астармен қудалайды, еркіндікті шектейді, азаптайды". Қазақстандағы адам құқығының ахуалыҚазақстанда халықаралық деңгейде мойындалған саяси тұтқын бар. Ол – 15 жылға жуық өмірін түрмеде өткізіп, денсаулығынан айырылған диссидент Арон Атабек. Әзімжан Асқаровтан бір айырмашылығы, ол түрмеде емес, босап шыққаннан кейін бірнеше аптадан соң ауруханада көз жұмды. Арон Атабек жазылмайтын дертіне байланысты мерзімінен бұрын босату туралы өтініш жазудан бас тартқан, аурухана төсегінде жатып, онлайн соттан өзін толық ақтауды талап еткен еді. 2021 жылы 1 қазанда билік оны мерзімінен бұрын босатып, Павлодардан Алматыдағы туыстарының үйіне жеткізген. Ақын әрі диссидент Арон Атабек 2006 жылы Шаңырақ оқиғасы кезінде “жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды” деген айыбын соңғы демі үзілгенше жоққа шығарумен болды. Шартты түрде ғана босағанына қарамастан, Арон Атабек түрмеден шыққаннан кейін саяси тұтқындар тізімінен түсіп қалған. Ақынды босатуға билікке жолданған ашық хаттар легі себеп болған. Кей хаттарға депутаттар да қол қойған. Бірақ олар Арон Атабек ісіне дейін немесе одан кейін саяси тұтқындар мәселесін қайта көтермеген.
Биыл қаңтарда белсенді Кенжебек Әбішев түрмеден босатылғаннан кейін көп ұзамай көз жұмды. Ол да ұзақ жыл бойы саяси тұтқындар тізімінде болған. Әбішев қайтыс боларынан үш ай бұрын шартты түрде босатылып, пробациялық бақылауда болған.
БИЛІКТІҢ МӘЛІМДЕМЕСІ ЖӘНЕ САНКЦИЯ САЛУ ТУРАЛЫ ҰСЫНЫС
Биліктің дерегінше, Қаңтар оқиғасы кезінде 10 мыңнан астам адам ұсталған, жүздеген азамат күдікті ретінде қамауға алынған. 28 шілдедегі дерекке сәйкес, қаңтар оқиғалары бойынша сотқа 474 қылмыстық іс жіберілген, 717 адам "жаппай тәртіпсіздікке қатысу", "ұрлық жасау", "тонау", "заңсыз қару ұстау немесе сақтау" баптары бойынша айыпталған.
18 шілдеде бас прокуратура қаңтар оқиғаларына қатысты істер бойынша 83 адам түрмеге жабылғанын мәлімдеді. Билік бұл азаматтар құқық қорғау қызметкерлеріне күш көрсетіп, жекеменшік және мемлекеттік мүлікті бүлдіріп, ауыр қылмыс жасады деп отыр. Бас прокуратура 1077 aзаматқа қарсы қылмыстық қудалау тоқтатылғанын хабарлады. Қызметтік мекемелер мен изоляторлардан бес жүзден астам адам босап шыққан.
Өткен айда Шымкент қаласының прокуратурасы Қаңтар оқиғасы кезінде "жаппай тәртіпсіздікке қатысты" деген күдікке ілінген 21 азаматтың үстінен қозғалған істерді жапты. Құқық қорғаушылар қаңтарда жазықсыз ұсталған азаматтар мен тұтқындар азапталып жатқанын айтқан. Қаңтар оқиғасына байланысты қамауға алынған саяси тұтқындар туралы арызға "405", "Qaharman", "Elimay", "Bostandyq Kz", Femina Virtute, Article 14, Veritas, "Ашық диалог" халықаралық қоры және Адам құқықтары жөніндегі Италия федерациясы (FIDU) сияқты ұйымдар қол қойған.
Коалиция мәлімдемесінде "Ұсталған азаматтарды азаптап, істемеген ісін мойнына алуға, "терроризмге, жаппай тәртіпсіздікке қатысым бар" деп жалған куәлік беруге мәжбүрлеген" делінген.
Қаңтар оқиғасынан кейін ұсталған жүздеген адам азаптауға ұшырағанын, рұқсат етілмеген тергеу амалдары қолданылғанын айтқан. Шілденің басында азаптау туралы шағымдар негізінде тоғыз қызметкердің тұтқындалғаны белгілі болды. Олардың сегізі ұлттық қауіпсіздік комитетінде, біреуі полицияда істеген. 29 маусымдағы дерек бойынша, азаптау және рұқсат етілмеген тергеу амалдарын қолдану ісі бойынша барлығы он бес азамат күдікті деп танылған. Азаптаудан жалпы қанша адам зардап шеккені айтылмайды. Бір ғана Алматы облысының өзінде 25 азамат денесіне қыздырылған үтік басылғанын айтып, шағым жазған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Үтік, таяқ, электрошокер. Қамау мекемесіндегі азаптау қайтсе тыйылады?Билік жәбірленушілердің көбі азаптауға қатысқан азаматтарды атап көрсете алмағанын, өйткені қызметкерлер бетпердемен жүргенін, арнайы әскери киімде болмағанын айтқан. Құқық қорғаушылар азаптауға қатысқан қызметкерлерді анықтау мүмкін болмаса, командирлер мен басшыларын жауапқа тарту керек деп есептейді.
"Қазақстан билігі Қаңтар оқиғасына қатысты толық әрі объективті зерттеу жүргізу міндетін өз мойнына алды. Бірақ билік наразылық акциясына қатысушыларға, бейбіт митинг кезінде ұсталған азаматтарға, адам құқықтары бұзылып, бейбіт жиын өткізу мүмкіндігі шектелгенін айтып, дабыл қаққан құқық қорғаушылар мен журналистерді қудалай бастады" делінген коалиция мәлімдемесінде.
Құқық қорғаушылар мәлімдемесінде бейбіт тұрғындарды ату және азаптау фактілерін халықаралық деңгейде зерттеуге мүмкіндік бермеген өкілетті тұлғаларға санкция салуға шақырған. Куәгерлер сөзі мен видео айғақтарға сәйкес, 6 қаңтарда Алматыдағы Республика алаңында әскери формадағы адамдар халыққа қарсы оқ атқан. Билік қалада терроризмге қарсы операция жүргенін айтады.
Нұр-Сұлтан құқық қорғаушылардың қаңтар оқиғаларына қатысты халықаралық зерттеу жүргізейік деген өтінішіне құлақ аспаған. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мұндай зерттеу қажет емесін айтып, "Өзіміздің де қолымыздан келеді" деген.
Халықаралық Human Rights Watch ұйымы Қазақстан үкіметінің Қаңтар оқиғасынан кейін жариялаған шаралары "тәуелсіз зерттеуден тым алыс" деп мәлімдеген.
Нұр-Сұлтан құқық қорғау ұйымдарының билікке жақпайтын азаматтар қудалауға ұшырап жатыр деген мәлімдемесін жоққа шығарып, елде саяси тұтқындар барын мойындамайды. Шенеуніктер бұл тақырыпта пікір білдіре бермейді, бірақ бірен-саран жауабында “қылмыстық кодексте саяси баптар жоқ” деп жалтаруға тырысады.
Your browser doesn’t support HTML5