Ресми басшылар арасында бір-бірін телефон арқылы туған күнімен құттықтау – бұрынғы совет елдері үшін де қалыптасқан дәстүр. Аяқталып отырған аптада осындай қоңырау қабылдау бақытына ие болған екі президент болды. Оның бірі – Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон болса, екіншісі – Ресей президенті Владимир Путин. Екеуі де 65 жасқа толды. Қазанның 5-інде Рахмон, қазанның 7-сінде Путин туған күндерін атап өтті.
ЖЕРГІЛІКТІ ПРЕЗИДЕНТТЕРДІҢ ОРТА ЖАСЫ
Алпыс бес жас – өзгермейтін "үлкен туған күн иелері" – советтік кадрлар басқаратын Орталық Азия мен Ресейде президенттіктің орта жасы болып тұр.
Аймақтағы президенттігі де ұзақ, президенттердің ішінде жасы да үлкені Қазақстан басшысы – Нұрсұлтан Назарбаев. 77 жастағы ол 28 жыл бойы билікте тапжылмай отыр.
Одан кейін жасы үлкен президент Эмомали Рахмонның билікте отырғанына 25 жыл болды. Өзбекстан, Түркіменстан және Қырғызстан президенттерінің жасы қарайлас. Өзбекстан басшысы Шавкат Мирзияев пен түркімен президенті Гурбангулы Бердімұхамедов биыл алпысқа толса, Қырғызстан басшысы Алмазбек Атамбаев биыл 61 жасында алты жылдық бір кезеңдегі президенттік қызметін аяқтамақшы. Мирзияевтің ресми түрде президент болып жарияланғанына әлі бір жыл толмаса, да оның құрдасы Бердімұхамедовтің Түркіменстанды үзіліссіз басқарғанына 10 жыл толды.
Ал Ресей президенті Владимир Путин 2000 жылдан бері екі рет (2004 және 2012 жылы) президенттікке қайта сайланды. 2008-2012 жылдар аралығында премьер-министр болған оның қазіргі президенттік мерзімі 2018 жылы аяқталмақ. Сарапшылар ол премьер болған кезінде де "президенттік басқару пультін" өз қолында ұстады деп есептейді. 2008 жылы Медведев президенттігі кезінде Ресей конституциясына өзгерістер енгізіліп, президент өкілеттігі бұрынғы төрт жылдан алты жылға ұзарды. Соған сәйкес 2012 жылдан бастап Ресей президенті алты жылға сайланатын болған. Егер Путин 2018 жылы тағы да президенттікке түссе, билікте Брежневтен (18 жыл билікте болған) де ұзақ отыратын басшыға айналмақ.
Орталық Азия мен Ресейде маусым айында басталған "үлкен туған күндер шеруі" қазанда Рахмонның және Путиннің туған күндерімен аяқталады. Бердімұхамедов туған күнін 29 маусымда атап өтсе, 6 шілдеде – Назарбаевтың туған күні. Мирзияевтің туған күні 23 шілдеге келсе, Атамбаевтың туған күні – 17 қыркүйек. Орталық Азиядағы, жалпы бұрынғы совет елдеріндегі президенттердің жасы үлкені Нұрсұлтан Назарбаевтың туған күні 11 жылдан бері күнтізбеде демалыс (қызыл күн) болып белгіленген "Астана күнімен" бірге аталып өтіледі. 2006 жылға дейін Астанада "қала күні" қызылмен белгіленбеген 10 маусым болып келген еді. Осылайша, Назарбаевтың туған күні "үлкен туған күндердің" ішінде өзгешесі болып отыр.
РАХМОНҒА АРНАЛҒАН РОЛИК
Қазанның 5-інде 65 жасқа толған Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонды аймақ елдерің басшылары телефон соғып құттықтады. Президенттің ресми сайтында Рахмонға құттықтау-хат жолдаған басшылардың реті мына тәртіппен берілді: Қытай, Ресей, Өзбекстан, Беларусь, Түркіменстан, Қазақстан, Қырғызстан, Әзербайжан, Украина, Армения, Түркия. Сайтта құттықтау-хат жайлы мәтінге "Мемлекет және халықаралық ұйымдар басшыларының құттықтау-хаттары" деп тақырып қойылғанымен, олардың арасында халықаралық ұйымды басқарған дербес басшы байқалмады.
Осы күні тәжік президентінің әдеттегідей жұмыс күні ретінде аталғанымен, ресми БАҚ-та оны дәріптеген мақалалар, өлеңдер жарық көріп жатты. Ал әлеуметтік желіде оппозиция мен қарсыластарын қудалағаны үшін оны сынаған пікірлер жарияланды. Президенттің баспасөз қызметінің өзі әлеуметтік желіде Эмомали Рахмонның үлкен қызы, президент әкімшілігін басқаратын Озода Рахмонның әкесіне арнауының ролигін таратты.
Тәжік тіліндегі төрт минуттық роликтің бірінші жартысында Озоданың атынан құттықтау оқыған адам Эмомали Рахмонды "ақылды, дана, данышпан, ұстаз" деп атап, балалары мен немерелерінің мақтанышы болғанын айтады. Қара сөздің соңындағы тілекте "балаларының да Тәжікстан елі мен жері үшін әкесіндей адал қызмет ететіні" айтылады. Арнаудың екінші жартысында "Күні-түні жүрегіңмен егіліп Құранды мәнерлеп оқысаң да" деп аталатын өлең оқылады. Өлеңде "Әке риза болмай, ғибадат қабыл болмайды" деген қайырма бірнеше мәрте қайталанады.
Тоғыз баланың әкесі Эмомали Рахмонның тағы бірі қызы Рухшона Рахмонова сыртқы істер министрлігінің басқарма бастығының орынбасары қызметін атқарса, ұлы Рустам биыл Душанбе қаласының әкімі болып тағайындалды. Ал жеті бірдей күйеубаласы ел үкіметінде экономика және қаржы салаларында лауазымды қызметтер атқарады. Елдегі азамат соғысын тоқтатуы – соғыс кезінде билікке келген Эмомали Рахмонның негізгі жетістігі ретінде аталады.
ПУТИННІҢ ТУҒАН КҮНІ ӨТКЕН ШЕРУЛЕР
Биыл қазанның 7-сі күні күні ресейлік белгілі журналист Анна Политковскаяның Мәскеудегі үйінің алдында қастандықпен өлтірілгеніне тура 11 жыл толды. Ол Шешенстандағы кремльшіл биліктің адам құқығын бұзу істерін әшкерелеуімен танылған еді. Шешен соғысына себеп болған Мәскеудегі тұрғын үйлердегі жарылыстар мен Дубровкадағы театрда кепілге алынғандар қазасына қатысты ашық тергеу жүргізуді талап еткен журналистің өліміне кім тапсырыс бергені әлі күнге анықталмады. Қос бірдей шешен соғысы, Қырым аннексиясы, Сирия соғысына араласу – Ресейде Путин билік құрған дәуірдің негізі сипаты болып келеді.
Қазанның 7-сінде туған күнін атап өткен Владимир Путин – Ресейдегі алты жылдық құзырға ие алғашқы президент. Келесі жылы алғашқы алты жылдық мерзімі аяқталғанымен, заң бойынша оның екінші мерзімге президенттікке түсуге хақысы бар. Алайда ол алдағы сайлауға түсер-түспесін әзірге нақты жарияламай, тек "ойластыратынын" ғана айтып келе жатыр.
7 қазанда Ресейде өткен қарсылық акциялары туралы видео:
Your browser doesn’t support HTML5
Ресей президенті 65 жасқа толған 7 қазан күні ондаған қалада халық көшеге шығып, рұқсат етілмеген жиындарда Путинге наразылығын білдірді. Саяси бәсекелестік үстемдігі мен оппозициялық саясаткер Алексей Навальныйды сайлауға жіберу талабымен көшеге шыққан ресейліктердің кейбірі қолдарына Ресей туын, кейбірі "Путинсіз Ресей", "Путин - алаяқ" деп жазылған ұрандар алып шықты.
Сенбі күні Ресейдің 26 қаласында наразылық шерулеріне қатысқан 271 адамды полиция ұстаған. Жүздеген адам қатысқан Мәскеудегі қарсылық акциясына қатысқандардың ешбірін полиция ұстамаған.
2012 жылғы сайлаудан кейінгі Путинге наразылық тәрізді осы жолы да оған қарсы шеруге жұртты оппозициялық саясаткер Алексей Навальный шақырған болатын. Ол президенттің туған күнінде Путиннің еңбек демалысына шығуын талап етіп, елдің 80 қаласында жалпыресейлік шеру өткізу жөнінде бастама көтерген еді. Алайда Навальный мен оның сайлауалды штабының жетекшісі Леонид Волков "рұқсат берілмеген митингке шақырды" деген айыппен қыркүйектің соңында 20 күнге әкімшілік қамауға алынған. Ресейдің Орталық сайлау комиссиясы оппозициялық саясаткер Алексей Навальный "қаржы жымқырды деп айыпталғандықтан сайлауға үміткер болып тіркеле алмайтынын" мәлімдеген.
Президент Владимир Путин барынша атын атамауға тырысатын, ел басшыларының коррупциялық былықтарына үңіліп жүрген, бұған дейін де көптеген кедергіге қарамастан елде бірнеше мәрте жаппай митинг өткізіп сыналған, коррупциямен күрес қорының құрылтайшысы – оппозициялық саясаткер Алексей Навальный мен оның жақтастары билік тарапынан үнемі қысымға ұшырап, қудаланып келеді. Навальный 2013 жылы Мәскеу мэрінің сайлауында екінші орын алған соң Кремль оған қарсы науқанды күшейте түсті.
Қазанның 7-сі күні Ресей қалалары көшесінде халық қарсылық шеруіне шыққанда, Ресей президентінің ресми сайты Путинді құттықтаушылар жайлы мәлімет жариялап жатты.
Ресей президентін 65 жасқа толуымен Армения президенті Серж Саргсян, Әзербайжан басшысы Илхам Әлиев, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Қырғызстан жетекшісі Алмазбек Атамбаев, Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев, Тәжікстан басшысы Эмомали Рахмон, Беларусь президенті Александр Лукашенко және өзгелер құттықтаған.