Иранда "сайлау карнавалы" басталды

Иран президенті Хасан Роухани ішкі істер министрлігіндегі сайлау штабында президент сайлауына кандидат болуға тіркеліп шыққаннан кейін. Тегеран, 14 сәуір 2017 жыл.

Иранда президенттікке үміткерлерді тіркеу аяқталды. Тіркелгендердің арасында қоғамның әртүрлі саласы мен әлеуметтік топтарының өкілдеріне қоса қазіргі президент Хасан Роухани мен бұрынғы президент Махмұд Ахмадинежад та бар. Тіркелген мыңнан астам адам біліктілікті анықтау кезеңінен өтсе, сайлау алдындағы үгіт шарасына кіріспек.

Иранда 19 мамырда президент сайлауы өтеді. Биыл президент сайлауына қатысам деген адамдардың көрсеткіші рекорд ретінде аталып, бір мыңнан асып отыр. Бұның алдындағы сайлауда президенттікке кандидаттар 676 адамның арасынан сұрыпталған болатын. Бұл жолы ішкі істер министрлігі сайлау штабы сәуірдің 11-і мен 15-і аралығында 1636 адамды кандидат болуға тіркеді. Оның ішінде 137 адам - әйелдер. Барлық тіркелгендердің ішінде 40-тан астам белгілі саясаткер бар.

«КАНДИДАТТЫҚҚА КАНДИДАТТАР»

Саяси жүйесі ерекше Иранда сайлауға кандидаттарды тіркеу екі кезеңнен тұрады. Біріншісінде талапқа сай кез-келген Иран азаматы ішкі істер министрлігінде құрылған сайлау штабына келіп тіркеле береді. Келесі кезеңде осы адамдардың президент болуға лайықтылығы тексеріледі. Бұл кезеңде Конституциялық қадағалау кеңесі олардың біліктілігін анықтайды. Осындай іріктеуден өткен адамдар ғана толыққанды кандидат ретінде сұрыпталады. Сондықтан Иранда президент сайлауына кандидат болатын адамдарды тіркеу шарасын «кандидаттыққа кандидаттарды тіркеу» деп атауға болады.

Иранның бұрынғы президенті Махмұд Ахмадинежад.

Биылғы сайлауға тіркеу науқаны шоуға ұқсас өтті. Іс жүзінде мемлекет басшысы болып отырған аятолла Әли Хаменеидің ескертпесіне қарамастан бұрынғы президент Махмұд Ахмадинежад аяқ астынан сайлау штабына келіп тіркелді. Кандидат болуға тіркелгендердің бірі – бұрынғы президент марқұм Акбар Хашеми Рафсанджанидің інісі Махмұд Хашеми болды. Роуханидің алдында президент болған Ахмадинежад кабинетінде қызмет атқарған бірнеше адам да кандидат болып тіркелді. Тіркелгендер арасында Роухани үкіметінде қызмет атқарып отырған шенеуніктер де бар.

Президенттікке кандидат болуға тіркелгендердің жасы 18 бен 92-нің арасын қамтиды. Олардың арасында әртүрлі себеппен бұрын сотталғандар да бар. Сайлау штабына тіркелуге келген адамдардың кейбірі мойнына галстук тағып келген. Иранда ресми тұлғаларға «батыс мәдениетінің көрінісі болып табылатын» галстук тағуға рұқсат етілмейді. Тіпті тіркелуге келген мектеп оқушылары мен алты жастағы баласын әкелгендер де бар. Сайлау штабының жұмыс уақыты басталмай таңғы мезгілде кезек күтіп тұрғандардың қарасы да мол болған. Кандидаттар бір өзі емес, ондаған қолдаушыларымен топтасып жүрген. Бірақ қазіргі президент Хасан Роухани серіктері - үкімет мүшелерінен ешкімді ертпей, бірнеше оққағарымен сайлау штабына келген. Кейбір адамдар тіркеліп шыққаннан кейін оларды қолдаушылар көшеде жиылып тұрып алған. Биылғы тіркелу науқанының осындай сипатынан кейін сайлау заңына өзгеріс енгізу керектігі туралы айтыла бастады.

Тіпті Иран жиі сынайтын Американың Сириядағы әуе базасына және Ауғанстандағы «Ислам мемлекеті» ұйымы позициясына жасаған шабуылдары да сайлауға тіркеу шарасының тасасында қалып, жергілікті баспасөз белгілі кандидаттар жайлы мақалаларды бірінші бетіне жариялап жатты. Иран, Ресей және Сирия сыртқы істер министрлерінің кездесуін бірінші бетіне хабарлаған баспасөз санаулы болды.

«САЯСИ ЖҮЙЕНІ МАЗАҚҚА АЙНАЛДЫРУ»

Бүгін, 16 сәуірден бастап Конституциялық қадағалау кеңесі президент сайлауына кандидат болу үшін тіркелген адамдардың біліктілігін анықтайды. Кейде біліктілікті анықтау процессі кезінде көптеген белгілі тұлғалар мен саяси жүйеге берілген деген адамдардың өзі тізімнен түсіп қалатын жайлар да кездеседі. Тіпті 2013 жылғы сайлауда Акбар Хашеми Рафсанджани тәрізді ірі саяси қайраткер де Конституциялық қадағалау кеңесінің сүзгісінен өте алмаған.

Иран Конституциялық қадағалау кеңесінің хатшысы және эксперттер кеңесінің төрағасы Ахмад Жәннати. 24 мамыр 2016 жыл.

Конституциялық қадағалау кеңесінің хатшысы және эксперттер кеңесінің төрағасы, жасы 90-нан асқан аятолла Ахмад Жәннати биылғы кандидаттарды тіркеу кезінде үміткерлердің көбі тізімнен түсіп қалатынын қазірдің өзінде ескертіп отыр. Ал белгілі діни қайраткер 93 жастағы аятолла Макарем Ширазидың кандидаттарды тіркеу шарасындағы осынша толқынды көріп арнайы мәлімдеме жариялауына тура келді. Ол көптеген адамның «саяси жүйені мазаққа айналдыру» үшін ғана сайлау штабына тіркелгенін айтып сынаған.

Ирандағы бұл жағдайды көпшіліктің сайлауға деген наразылығы деп те қабылдауға болады. 2005 жылғы президент сайлауында Мехди Карруби, 2009 жылғы сайлауда Мирхусейн Мусави екеуі де Махмұд Ахмадинежадтан ұтылып, оны әділетсіздік ретінде атап, сайлау нәтижесіне наразы болған. Екеуі де сол жылдарғы сайлаулардан бері үйқамақта отыр. Карруби мен Мусави реформаторлық бағыттағы саясаткер ретінде танымал және олардың қолдаушылары көп екендігі сайлаудан кейін де байқалған. Елде 2005 жылғы және 2009 жылғы сайлаулардан кейін наразылық шаралары өтіп, оларды жақтаушы «Жасылдар қозғалысы» құрылған болатын.

АХМАДИНЕЖАД, РОУХАНИ, РАИСИ?

Биылғы сайлауға бұрынғы президент Махмұд Ахмадинежадтың тіркелуі елді ерекше таңғалдырған оқиға болды.

Ультра-консерватор Махмұд Ахмадинежад әуелде Әли Хаманеидің жақтасы ретінде танылып, соңында екеуінің арасына сына түскен. Хаменеи оның биылғы сайлауға түсуін «қоғамды екіге жаратын» мәселе ретінде бағалайтынын білдіріп, оның атын нақты атамаса да тұспалдап, «сайлауға түспеуге кеңес беретінін» білдірген еді. Ахмадинежад осы жолы сайлау штабына тіркелуге келгенде одан бұл жайында сұрағандар да болды. Ол Хаменеидің сөзі «бар болғаны кеңес» екенін айтқан. Бұл жолғы сайлауда «үшінші жолмен» жүретінін білдірген бұрынғы президент өз кабинетінде вице-министр болған Хамид Бақаидың кандидат болып тіркелетінін жариялап өткізген баспасөз мәслихатында өзінің сайлауға түсуге «бағдарламасы жоқ» екенін, тек Бақаиды қолдайтынын айтқан.

Иранның консерватор саясаткері Ибрагим Раиси ішкі істер министрлігіндегі сайлау штабында президент сайлауына кандидат болуға тіркелгені туралы құжатты көрсетіп тұр. Тегеран, 14 сәуір 2017 жыл.

Алдағы уақытта Ахмадинежадты Конституциялық қадағалау кеңесі білікті кандидат ретінде танитын-танымайтыны өз алдына, сайлауда оның жеңіске жетуге мүмкіндігі аз деуге болады.

Биылғы президент сайлауында тартыс негізгі қос кандидат – реформатор Хасан Роухани мен консерватор Ибрагим Раисидің арасында өтетін тәрізді. Екеуі де кандидат болуға бір күнде, 14 сәуірде тіркелді. Тіркелу кезінде Роухани өзінің ұраны еркіндік, қауіпсіздік, тыныштық екендігін айта келіп, ядролық келісім бойынша жұмысты жалғастыратынын баяндаған. Ядролық келісімді нәрестеге теңеген Роухани консерваторлардың «нәрестеге жақсы бас-көз бола алмайтынын» меңзеп сөйлеген. Ал Раиси «елге тыныштықты қайтаруды» ұстанатынын айтқан.

Азаттықтың парсы тіліндегі «Фарда» радиосының хабарлауынша, Роухани тіркелуге келгенде, Иран арналары тікелей трансляция жасамаған. Раиси тіркелгенде Иранның ағылшын тілді Press TV арнасы титрмен тікелей эфирде хабар таратқан. Иран баспасөзі сайлау штабында Раиси сөйлегенде, оған белгіленгеннен көбірек уақыт берілгенін де жазып отыр. Ал консерваторлық бағыттағы «Ресалат» газеті Раисидің пайдасына Роуханиді сайлауға қатысудан бас тартуға шақырған. Реформаторлық бағытқа қарсы басылымдардың кейбірі Роухани үкіметінің жіберген кемшіліктерін сынаған.

19 мамырда Иранда президент сайлауымен қоса қалалық және ауылдық басқару органдары сайлауы да өтпек. Халқының саны 80 миллион деп есептелетін Иранда шамамен 55 миллион адам дауыс беру құқығына ие. Бұл елде президент төрт жылға сайланады, бір адам екі мерзімнен артық президент болып сайлана алмайды.