Бұрын "қандас" куәлігін алу туралы берілген өтініш үш күн ішінде қаралып, халыққа қызмет көрсету орталығынан беріліп келген. Ал биыл қазан айынан бастап өтінішті қарау мерзімі 35 күн болып белгіленді. Өтініш иесі құжатын жаңадан ашылған "Құтты мекен" сайты арқылы тапсыруға міндетті. Бірақ шеттен келген қазақтар сайтқа кіру, одан қалса тіркелудің әуре-сарсаңы көп екенін айтып шағынады.
Қытайдың Шыңжаң аймағында туып-өскен қазақ Асхат Нұрлан 2023 жылы тамыз айында Іле Қазақ автономиялық облысындағы Күнес ауданынан Қазақстанның Алматы облысына көшіп келген. Әйелі, бес және жеті жасар екі қызымен төрт айдан бері "қандас" куәлігін ала алмай жүр.
– Екі баламның визасының мерзімі қаңтар айында бітеді. Паспорттарының да мерзімі сол уақытқа дейін. Қытайдан бері шығарда бізге "үш айда қайтып келесіңдер" деп жіберген болатын. Келе салысымен өзім мен әйелімнің және екі баламның құжаттарын жөндеп, Ұзынағаштағы халыққа қызмет көрсету орталығына өткіздім. 45 күн күттім. 44 күн бойы "Не болды?" деп барып жүрдім. 45-күні "отказ келді" деді. Сосын "Құтты мекен" сайты арқылы тапсырдық. Онда да жергілікті жердегі орысша білетін бір тәтеге өтініш жасап, істеттік. Өйткені сайттағы жазуды оқи алмаймыз. 35 күннен кейін тағы да "отказ" келді. Бірақ не үшін қандас куәлігін бермегенін түсіндірмеген, – дейді Асхат.
Асхат Қытайда жүк көлігін жүргізген, әйелі сұлулық салонында қызмет көрсетіпті. Ол енді Шыңжаңға кері қайтпақшы. Айтуынша, қаңтар айында екі баласының құжаты мен виза мерзімі бітетіндіктен, Қазақстанда қалу мүмкіндігі жоқ.
– Барғанда мені Қытай билігі қалай қарсы алады, білмеймін. Себебі, "үш айда келемін" деп кеттім. Оның үстіне, ол жаққа барсам, тұтас бір ауданның тұрғындарының көшкелі отырған көңілін лайлаймын ғой. Олар менің азаматтық ала алмай келгенімді естиді. Ал мұнда қалайын десем, қазір қолымда ЖСН-нен басқа ешқандай қағаз я құжат жоқ. Қытайдан әкелген қаражатты жұмсап қана отырмыз, – дейді Асхат.
Мейірлен (есімі өз өтініші бойынша өзгертілді – ред.) Қазақстанға Өзбекстаннан келген. Қазір ықтиярхатпен жүр. Айтуынша, биыл мамыр айында күйеуі Жұбат екеуі қандас мәртебесін сұрап өтініш берген. Ол құжатты жұбайы үш күнде алған. Ал Мейірленге "қандас" мәртебесі берілмеген.
– "Маған неге берілмеді?" деген сұрағыма "келу мақсатың көрсетілмеген" деп жауап берді. Қазақ болғаннан кейін бізде бір ғана мақсат бар ғой – атамекенге қоныстанып, Қазақстан азаматы болу, – дейді Мейірлен. Ол қазір Алматы облысы Қарасай ауданында тұрып жатыр.
Мейірлен бұдан кейін де қандас куәлігін алуға екі рет талпынып көріпті. Бір жолы "өтініш қате толтырылған" деп қайтарса, келесіде "балаңызды атыңызға тіркемепсіз, сол себепті қандас куәлігі берілмейді" деген жауап алған. Қазір "Құтты мекен" сайты арқылы қандас куәлігін алуға төртінші рет өтініш берген оның көңілі күпті.
"БІРГЕ ТУҒАН, БІРАҚ СОЙЫ БӨЛЕК"
Алматы облысы Жамбыл ауданы Ұзынғаш ауылында тұратын Отар Әділқан осыдан он жыл бұрын Қытайдан көшіп келген. Ол кезде жеке куәлікпен-ақ "оралман" мәртебесін де, кейін Қазақстан азаматтығын да алғанын, ал қазір қандас мәртебесін алудың өзі қиындап кеткенін айтты.
– Биыл тамыздың ортасында туған ағам келіншегі және екі баласымен Қытайдан атамекенге көшіп келді. Бірақ біздің фамилиямыз екі түрлі. Менің тегім – Әділқан. Оның тегі – Әділақын. Әкеміз бір адам. Менің паспортымды қытайшаға аударған кезде Әділқан қылып жіберген ғой. Сол күйінде қалып қойған. Ал енді Қазақстандағы көші-қонның жаңа талабы бойынша, туысқандықты дәлелдеу керек. Яғни бір фамилияда болуымыз керек. Екіншіден туу туралы куәлікті міндеттейді, – дейді Отар Әділқан.
Оның ағасы, 45 жастағы Бәзілақын Әділақынұлының туу туралы куәлігі де жоқ. Ал "Құтты мекен" сайтында толтыруға тиісті құжаттар тізбесінде Қазақстанда тұратын туысқаныңа жақындығыңды дәлелдеумен қатар туу туралы куәлікті де тіркеу қажет.
– Қытайда 1997 жылға дейін туу туралы куәлік берілген жоқ. Жергілікті әкімдік бала дүниеге келгеннен кейін әкімдіктегі кітапшаға (жергілікті халық "нопос" деп атайды) тіркеп қояды да, 18-ге толғанда жеке куәлік береді. Мен көшіп келгелі оншақты жыл болды. Бізден ол кезде туу туралы куәлік сұрамайтын. Ал мына жаңа талап шыққалы бері жағдай қиындап кетті, – деп шағынды Отар.
"ҚҰТТЫ МЕКЕН" ҚОСЫМШАСЫ
Қазан айынан бастап Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен туризм және спорт министрлігі бірлесе отырып, шетелдегі қазақтардың "қандас" мәртебесін алуға өтініш беру процесін жеңілдету үшін "eQonaq" ақпараттық жүйесі негізінде "Құтты мекен" жобасын іске қосқан болатын.
"Құтты мекен" – мемлекеттік қызмет көрсетуге арналған мобильдік қосымша. Бірақ осы қосымша арқылы қандас мәртебесіне өтініш берген адам 35 күнге дейін жауап күтеді. Себебі, өтінішті арнайы құрылған комиссия қарайды. Оның құрамындағы тоғыз адам: ішкі істер министрлігі, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау миинистрлігіне қарасты жергілікті атқарушы органдар мен Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы, Спорт және туризм министрлігі мен "Отандастар" қоры секілді мемлекеттік және үкіметтік емес ұйым өкілдерінен тұрады.
Көші-қон комитеті бұл қосымша тек шетелдегі қазақтарға арналғандықтан, оған Қазақстандағы жергілікті азаматтар тіркеле алмайтынын айтты.
"АДАМ ҚҰҚЫҒЫН ШЕКТЕЙТІНІ РАС, БІРАҚ ИДЕОЛОГИЯЛЫҚ ТҰРҒЫДАН ДҰРЫС"
Алматы қаласы бойынша "қандас" мәртебесін беру туралы өтінішті қарайтын комиссияның мүшесі, Дүниежүзы қазақтары қауымдастығының Алматы қалалық филиалының жетекшісі Омарәлі Әділбек "Құтты мекендегі" туыстық мәртебені анықтау деген шарттың асығыстық болғанын айтады.
– Комиссия қандас мәртебесін беруден үш жағдайда бас тартады. Біріншісі – өтініш берушінің аты-жөні қате жазылған жағдайда. Себебі, әсіресе Қытайдан келген ағайындар құжат толтыру кезінде делдалдың көмегіне жүгінеді. Ал олар ақшасын алғанымен, құжаттарды толық әрі дұрыс толтырмайды. Ал сайттағы талап бойынша, бір әріптен қате кетсе өтініш қанағаттандырылмайды. Екіншісі, көшіп келетін аумақта жақын туысы болуы керек. Сойы ұқсас болуға тиіс. Егер Алматыға көшіп келетін жағдайда шақырту берген туысқаныңызбен бір фамилияда болмасаңыз, онда да өтінішіңіз қабылданбайды. Ал үшіншісі, сіз белгілі бір мекемеде тұрақты жұмыс істейтініңізді, зейнетақы қорыңызға, әлеуметтік сақтандыруға ақша аударылғанын дәлелдеуіңіз қажет. Яғни тұрақты жұмысқа тұра алған жағдайда қандас куәлігі беріледі, – дейді Омарәлі Әділбек.
Ол "Құтты мекен" сайтындағы кейбір шарттар "қандас" мәртебесін алуға жоқ жерден кедергі келтіретінін мойындайды.
– "Қандас" мәртебесін сұраушының тегі сайтта жақын туысым деп көрсеткен адаммен бірдей болу керек деген шарт дұрыс ойластырылмаған. Себебі, Қытай қазақтарының бірі атасының, енді бірі әкесінің атына жазылады. Тіпті қазақша аты-жөнін қытайшаға аударған кезде қате кетіп қалатын да жағдайлар болады, – дейді ол.
Ондай жағдайда "туыстығын растай алмады" деп комиссия мүшелері "қандас" мәртебесінен беру туралы өтінішті қанағаттандырудан бас тартады.
Ал "Отандастар" қорының өкілі, Алматы облысы бойынша құрылған "қандас" мәртебесін беру жөніндегі комиссияның мүшесі Серік Ахмет "қандас мәртебесін алудағы кейбір шарттар адам құқығын шектейтіні рас. Бірақ идеологиялық тұрғыдан бұл дұрыс шешім" деп есептейді.
– Алматы облысы бойынша екі жағдайда "қандас" мәртебесі беріледі. Оның біріншісі – отбасымен қосылу үшін келген жағдайда рұқсат етіледі. Екіншісі, арнайы мекеменің шақыруымен келген адамға. Әрине, кез-келген адам өзі тұратын жерді таңдауға құқылы. Бірақ мемлекеттік саясат деген бар ғой. Бос тұрған жер жау шақырады. Солтүстікке барып тұрсын. Соған квота береміз дейді. Бірақ ол жаққа Өзбекстан мен Қытайдан келгендер баруға қорқады. Мен енді комиссияда отырғаннан кейін қалаған жерінде тұра берсін, сұраған мәртебесін берейік деймін. Алайда заң жүзінде бекітіліп қойған нәрсе ғой. Оны ешкім бұза алмайды, – дейді "Қазақстан" мемлекеттік телеарнасында көп жыл жұмыс істеген журналист Серік Ахмет.
Ол қала маңындағы саяжайлардың барлығын қандастар сатып алып тұрып жатқанын, күні ертең саяжайлардан үлкен шу шығып кетуі мүмкін екенін де жасырмады.
– Көшіп келіп жатқан қандастардың жартысы Алматы облысына қоныстанып жатыр. Қазір саяжайлардың барлығында оралмандар, қандастар. Сол жерде тіршілігін жасап жатыр. Енді 5-6 жылдан кейін әлеуметтік шу болады. Неге? Себебі, саяжайда балабақша жоқ. Мектеп жоқ. Ол жерде әлеуметтік жағдай жасалмаған ғой. Ал онда келіп тұрып алғаннан кейін бес-алты жылдан соң шуламай ма? Шулайды. Сондықтан бұларға танымдық, ақпарттық тұрғыда қолдау білдіру керек. Солтүстікке барса, қандай қолдау болатынын түсіндіру керек, – дейді Серік Ахмет.
Қытайдан көшіп келген қазақтар солтүстік облыстарға барса, ол жақта кең тараған орыс тілін түсінбей қиналатынын айтады. Осындай уәжді Асхат Нұрлан да білдірді. Ол енді ықтиярхатқа құжат тапсырмақ.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Қалаға көшуге мәжбүр". Ауыл неге құрып барады немесе қазақша урбанизацияның қыр-сырыЖЕЛІДЕГІ АРЫЗ-ШАҒЫМ
Қытайдан келген қазақтардың құқығын қорғап жүрген Ауыт Мұқибек WhatsApp мессенджерінде "Мәртебесіз қандастар" деген топ ашқан. Оған "қандас" мәртебесін ала алмай жүрген жүздеген қазақ тіркелген. Солардың бірі өзін "Ерлан Көмек" деп таныстырған азамат "сіздер "Құтты мекен" сайты арқылы шетелдегі қазақтар да өз елінде отырып қандас мәртебесін ала береді деп едіңіздер. Шыңжаңдағы туыстарым неше күннен бері сайтқа да кіре алмай отыр. Қытайда бұл сайтқа шектеу қойып тастапты" деп жазса, тағы бір қазақ "қандас куәлігін тез алуға көмектесіңіздерші. Ағам отбасымен көшіп келген еді. Визасының мерзімі бітіп бара жатыр" деп көмек сұрайды. Ал тағы бір азамат "Қандас куәлігін ала алмадық. Сосын еріксіз ықтиярхат алуға өтініш беріп едік. Күнде барамыз, "интернет жоқ, база істемейді" деп қайтарады. Енді не істейміз?" дейді. Осы топтағы Нұрлан деп тіркелген қолданушы "анам карантин кезінде осында (Қазақстанға) келіп, сол беті қайта алмай қалған еді. Қазір Қазақстан азаматы. Мен анамның үйіне тіркеліп, екі рет өтініш бердім. Екі жолы да қабылдамады. Сонда туыстық қатынасы болу керек деген өтірік әңгіме болғаны ма?" деп жазыпты.
"Туған інім Айдын Нұрдыбекұлы қандас куәлігін ала алмай жүргеніне екі жарым ай болды. Жарты айдан соң тіркеу мерзімі бітеді. Кері қайтпайды. Құқық қорғау орындары, қолдарыңнан келсе, Сталиннің шешендерді жер аударған қызыл жүк вагонымен байлап-матап атамекенінен қуып шығыңдар" деп жазыпты Ержан есімді қолданушы.
"Мәртебесіз қандастар" тобындағы жазбалардың басым бөлігі – сайт тілінің кирилл қарпінде болуы мен туыстық қарым-қатынасты талап етуіне арналған. Сайтқа тіркелудің қиындығын айтады.
"Мәртебесіз қандастар" тобында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне қарасты көші-қон комитеті мен "Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы" және "Отандастар" қорының өкілдері де тіркелген.
Бірақ олардың ешқайсысы топтағы арыз-шағымдарға тұщымды жауап бермеген. Тек "Отандастар" қорының өкілі ақпараттық қолдау білдіретіндерін, ол үшін WhatsApp-та көрсетілген телефон нөміріне қоңырау шалу керегін айтумен шектелген.
КӨШІ-ҚОН КОМИТЕТІНІҢ УӘЖІ
12 желтоқсанда Көші-қон комитетінің өкілі Дастан Айтқұлов WhatsApp-тағы "Мәртебесіз қандастар" тобына "2023 жылғы 28 қарашадан бері Көші-қон комитеті мәртебе ала алмаған қандастардың тізімін құрған болатын. Тізімде 98 адам бар, оның 46-сына қандас мәртебесі берілді. 12 адамның өтініші қаралып жатыр, жақын арада беріледі. Ал тізімдегі 10 адам бұрын қандас мәртебесін алған, қазір мерзімі өтіп кеткен. 10 адам мәртебеге өтініш тапсырмаған. 13 адам хабарласқанға жауап бермейді. 7 адам консультация алған, бірақ құжаттарын тапсырмай отыр" деп жазды. Бұдан кейін сол топта 50-ге жуық адам өз аты-жөнін көрсетіп, қандас куәлігін ала алмай жүргенін айтты.
Дастан Айтқұловтың айтуынша, туыстық қарым-қатынасты дәлелдеу талабы мемлекет айқындаған сегіз облысқа көшіп барған қазақтарға қойылмайды. Олар ешқандай кедергісіз "қандас" куәлігін ала береді дейді ол.
"Жалпы туыстық қатынасты дәлелдейтін құжат болуы керек. Мысалы, постсоветтік елдерде туу туралы куәлігі болады. Ал Қытайдан келген қазақтарда ондай куәлік болмайды екен. Сол себепті олар өздерінің туыстық қатынасын дәлелдеу үшін оларға екеуі бір фамилияда болуы керек деген талап бар. Мәселе сонда болып тұр. Неге мұндай талап қойылып отыр десек, қаланың, өңірдің әлеуметтік, демографиялық жағдайына байланысты, жергілікті билік өзі реттеуге құқылы. Мысалы, ертең Қытайдан немесе Өзбекстаннан келетін азамат инфрақұрылымға қосымша күш түсірмес үшін, оның туған-туысқаны болса, әлеуметтік жағдайы шешілген болса, онда кез-келген жерге бара беруіне болады. Егерде ешқандай туыс-туғаны жоқ, көмектесетін, қарайласатын адамы болмаса, мәселен Алматыға келіп, жұмыссыздар қатарын көбейтіп жатса, біз ол адамға солтүстік өңірге баруға кеңес береміз. Мәжбүрлемейміз. Солтүстікке барған адамның алдағы бес жылғы өміріне тұрақты мониторинг жасалады", – дейді көші-қон өкілі.
Қандастарды "айқындалған өңірлерге қоныстандыру" бағдарламасы бойынша көшіп келген шетелдік қазаққа баспана жалдап тұру үшін бір жылға қаражат беріледі.
Сонымен бірге көшіп келгеннен кейін жарты жыл өткен соң баспана сатып алуға 4 миллион теңге беріледі. Жергілікті әкімдік отын-суын түсіруге көмектесуге міндетті.
Қандастарды қоныстандыру үшін үкімет Абай, Атырау, Батыс Қазақстан, Павлодар, Шығыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарын таңдаған. Көші-қон комитеті өкілінің айтуынша, осы облыстарға көшіп барған қандастарға туысқандық қарым-қатынасты анықтау талап етілмейді.
Биыл 23 сәуірде қолданысқа енгізілген "халықтың көші-қоны" туралы заңның 20-бабында "қандас" мәртебесін беруден бас тартудың бірнеше себебі көрсетілген. Осы баптың бесінші тармағында "қандастарды аумақтық-әкімшілік бірлікте қабылдаудың өңірлік квотасының болмауы немесе ұлты қазақ адамның қоныстануы үшін ұсынылған аумақтық-әкімшілік бірліктен бас тартуы" деп жазылған. Яғни әкімшілік ұсынған аймаққа бармаған жағдайда қандас мәртебесі берілмейтіні көрсетілген.