Қазанда мектепке қарулы шабуыл жасалды. Қаза болғандар арасында балалар да бар

Қарулы шабуыл жасалған №175 мектеп-гимназияның маңындағы адамдар. Қазан, Ресей, 11 мамыр 2021 жыл. Фото:TASS

11 мамырда Татарстан астанасы Қазан қаласындағы №175 мектепте қарудан оқ атылды. Тоғыз адам қаза тапты, олардың жетеуі оқушы балалар. Татарстанда 12 мамыр – аза тұту күні болып жарияланды.

Азаттықтың Татар-Башқұрт қызметінің хабарлауынша, оқиға сейсенбі күні, Жаудат Файзи көшесінде орналасқан мектепте сабақ өтіп жатқан кезде болған. Мектептен адамдарды шұғыл түрде терезеден шығаруға тура келген деп хабарлайды ақпарат агенттіктері. Мектеп сайтындағы ақпаратқа сәйкес, білім мекемесінде мыңнан астам шәкірт оқиды, 57 мұғалім жұмыс істейді.

ОҚҚА ҰШҚАНДАР МЕН ЖАРАЛАНҒАНДАР

Кейінгі түскен ресми мәлімет бойынша, шабуыл салдарынан тоғыз адам мерт болып, 21 адам жараланған. Олардың 18-і оқушы. Жараланған алты бала ауруханада жатыр.

Қаза тапқандардың жетеуі – сегізінші сыныпта оқыған төрт ұл және үш қыз бала. Екеуі – ересек адам.

Бұл оқиғаға байланысты Қазан қаласында террорға қарсы режим енгізілді.

Ресей президенті үкіметке шабуылдан құрбан болғандардың отбасына 1 миллион рубль (шамамен 13500 доллар), ал жараланғандарға 200 000 - 400 000 рубль төлеуді тапсырған.

Оқушылар мен мүғалімдер Азаттық тілшілеріне оқ атылмас бұрын жарылыс дауысын естігенін айтқан. Олар осы жарылыстан соң ғимараттан шығуға асыққан. Кейбір оқушылар үш қабатты мектептің терезесінен секірмек болған. Мұғалімдердің сөзінше, оқтың дауысы үшінші қабаттан естілген.

Your browser doesn’t support HTML5

"Оқушылар терезеден секірді". Қазандағы мектепке шабуылдан тоғыз адам қаза тапты

Басында жергілікті басылымдар екі адам шабуыл жасағанын хабарлаған. Бірақ кейін Татарстанның ішкі істер министрлігі шабуылды 19 жастағы ер адам жасаған деді.

Қазір Ресейде осы шабуылға байланысты қылмыстық іс қозғалды.

ҚЫЛМЫСҚА КҮДІКТІ ҰСТАЛДЫ

Ішкі істер министрлігі мектепке жасалған шабуылға күдікті ретінде жалғыз адам ұсталды деп хабарлады. Татарстан президенті Рустам Минниханов ұсталған адам - 19 жастағы жігіттің ресми тіркелген қаруы болғанын айтты.

"Күдіктіні патруль қызметінің өкілдері ұстады. Құқық қорғау органдары мектепте жедел шаралармен айналысып жатыр" деді ІІМ ресми өкілі Ирина Волк.

Басылымдар күдіктінің аты-жөнін Илназ Галявиев деп көрсетті.

ТАСС агенттігі дереккөзіне сілтеп, қарудан оқ атқан адам төрт жыл бұрын осы мектепті тәмамдаған деп хабарлады.

Сейсенбі күні түстен кейін Татарстан президентінің баспасөз қызметі мектептің қауіпсіздік жағдайы қалпына келді деп хабарлады.

Қарулы шабуыл жасалған мектептің қасынан түсірілген фотоларды көріңіз:

Қазан мектебіне жасалған шабуыл

ШАБУЫЛДАН СОҢ

Қазан қаласындағы мектепке жасалған шабуылдан кейін Ресей президенті Владимир Путин қару айналымы ережесін қатайтуды шұғыл әзірлеуді тапсырды.

Мемлекеттік дума депутаты Александр Хинштейн Қазандағы №175 мектепте күзетші жоқ, тек Росгвардияға дабыл беру құралы ғана барын айтты. "Қазандағы қайғылы оқиға болған мектепте күзетші жоқ. Орталықтандырылған күзет қызметіне дабыл соғатын түйме ғана орнатылған. Сол себепті оқиға болған жерге ең алдымен Росгвардияның ведомстводан тыс күзет қызметкерлері жеткен" деді ол.

Ресей бейбітшілік қоры президентінің бірінші орынбасары Елена Сутормина мектепте оқ атқандардың аты-жөнін БАҚ-та жариялауға тыйым салу қажетін айтты.

"Осы тәрізді қылмысқа баратын жасөспірімдердің басым көпшілігі мұны өз атын шығарып, тархита қалу әдісі деп қабылдайды" дейді Елена Сутормина. Оның сөзінше, осындай бастаманы жақын арада Мемлекеттік думаның тиісті комитетіне жолданбақ.

Қазан қаласындағы мектепке жасалған қарулы шабуыл салдарынан көп адамның қаза табуына байланысты Татарстанда ертең, 12 мамыр – аза тұту күні болып жарияланды.