Сирияда уақытша үкімет құрылды. Құрамында әйел адам да бар

Ахмед әш-Шараа

Сирияны іс жүзінде басқарып отырған Ахмед әш-Шараа жаңа үкімет құрамын бекітті. Салтанатты рәсім Дамаск қаласындағы президент сарайында өтті.

Үкімет құрамына енген 23 адамның арасында елдегі аз ұлттардың – алавит, друз және күрдтердің өкілдері бар. Әлеуметтік істер және еңбек министрлігін христиан дінін ұстанатын әйел Хинд Кабават басқарады. Ол –жаңа үкіметтегі жалғыз әйел.

Уақытша министрлер кабинетінде қорғаныс және сыртқы істер министрлері болған адамдар жаңа үкіметте осы лауазымында қалды.

Сирияда алғаш рет спорт министрлігі және төтенше жағдайлар министрлігі құрылды. Төтенше жағдайлар министрлігіне "Ақ дулығалар" азаматтық ұйымының жетекшісі Раед әл-Салех басшы болып тағайындалды.

Премьер-министр қызметін әш-Шарааның өзі атқарады. Заңнамалық база исламдық құқық нормаларына сәйкес болмақ.

Жаңа үкімет Сирияда бес жыл билік жүргізбек. Осы уақыт ішінде елде жаңа Конституция қабылданып, сайлау өтеді деп жоспарланып отыр.

• Былтыр желтоқсанда Сириядағы билік "Хайят Тахрир әш-Шам" қарулы тобының қолына өткен. Бұл топты АҚШ, Еуроодақ және басқа да елдер террористік ұйым деп таныған. Топ жетекшісі Ахмед әш-Шараа Сирияның іс жүзіндегі басшысына айналды. Сирияның бұрынғы президенті Башар Асад елден қашып, отбасымен бірге Ресейді паналады.

• Наурыздың ортасында әш-Шараа уақытша конституциялық декларацияға қол қойды. Құжат өтпелі кезеңде күшінде болады. Оған сәйкес, қолданыстағы заңнама исламдық құқықты негізге алатын болады. Сонымен қатар, құжатта әйелдер құқықтарын, пікір еркіндігін және БАҚ бостандығын қорғауға кепілдіык берілетіні көрсетілген.

• Әш-Шараа билікке келгеннен кейін Батыс елдерінің жетекшілері егер Сирия адам құқықтарын, соның ішінде діни және этика бостандықтарын сақтайтын болса, онда бұл елге бұрынғы билік кезінде салынған санкцияларды алып тастауға мүмкіндік болатыны жайлы жиі айта бастаған.

• Наурыздың басында Сирияда алавиттер (Башар Асад әулеті шыққан азшылық) көтерілді. Лондонда орналасқан Сирияның адам құқықтары жөніндегі мониторинг орталығы көтеріліс салдарынан шамамен мыңға жуық бейбіт тұрғын қаза тапқан деген дерек келтіреді.