Сирияда жүріп, "терроризмді насихаттады" деп айыпталған жезқазғандық 7 жылға соттады

Жезқазған қалалық соты "терроризмді насихаттады" деп айыпталған әйелді жеті жылға бас бостандығынан айырды деп хабарлады Ұлытау облыстық сотының баспасөз қызметі. Сот мәліметінше, айыпталушы Telegram арқылы терроризмді насихаттаған. Сот хабарламасынан ҚазТАГ үзінді келтіреді.

"Жезқазған қалалық соты "Б"-ны Қылмыстық кодекстің 256-бабы, 2-бөлігі бойынша кінәлі деп танып, жеті жылға бас бостандығынан айырды" деп жазылған сот хабарламасында.

Ақпаратқа қарағанда, сотталушы 2017-2018 жылдары Сирия аумағында жүріп, Telegram арқылы Ұлытау облысы Сәтбаев қаласында тұратын жақынына радикалды діни материалдап жіберіп, осылайша терроризмді насихаттаған.

Соттың хабарлауынша, сотталушы өзінің кінәсін толық мойындап, әрекетіне өкініп, соттан өзін түрмеге жібермеуді өтінген. Сот хабарламасында оның кінәсі толық дәлелденгені жазылған.

Сотталушының кәмелетке толмаған балалары қамқорлық қызметін көрсететін органдарға берілген. Сот үкімі күшіне енбеген.

Қазақстан заңнамасы азаматтарына шетелдегі қақтығыстарға қатысуға тыйым салады. Бұған дейін ДАИШ террористік ұйымына қатысы болған Сирия мен Ирактан оралған қазақстандықтардың көбі елге оралғаннан кейін сотталған еді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Ирак түрмесіндегі қазақстандық алты әйелдің өкініші мен үміті