Смартфондар, компьютерлер және өзге де тұрмыстық электроника, сонымен бірге чиптер, процессорлар, қатты дискілер, жады карталары және жартылай өткізгіш құрылғылары Дональд Трамп әкімшілігі бұған дейін енгізген бас салығынан босатылатын тауарлар қатарына енді. Бұларға АҚШ-қа импортталатын бірқатар тауар түрлері тәрізді 10 пайыздық баж салығы, Қытаймен күшінде 125 пайыздық қосымша салық та салынбайды.
АҚШ кеден және шекара қызметі жариялаған тізімге 12 сәуірде Bloomberg агенттігі назар аударды. Ақпаратты Reuters және өзге де ақпарат құралдары растады.
Кеден қызметінің хабарламасында қандай да бір тауар түрлері не себепті тізімге енгізілгені түсіндірілмеген. Ақ үй де түсініктеме бермеді.
Reuters-тің жазуынша, баж салығы Қытай импортына тәуелді Apple немесе Dell сияқты технологиялық компаниялардың өнімдеріне әсер етуші еді. Bloomberg-тің жазуынша, мұндай қадам тұтынушыларды "бағаның шарықтауынан" қорғау үшін жасалып отыр. Қымбатшылық президент әкімшілігінің саясатына наразылықты арттыруы мүмкін еді.
2 сәуірде Трамп АҚШ-тың сауда серіктестерінің басым көпшілігіне 5 сәуірден бастап сауда тарифтерін енгізетінін жариялаған. Атап айтқанда, ол ЕО-ға мүше елдерден келетін импортқа 20 пайыздық баж салығын енгізді. Ұлыбританияға – 10%, кейбір елдерге енгізілген салық шамамен 40 пайыз немесе одан да көп.
9 сәуірде Америка президенті 75-тен астам елге баж салығын енгізуді 90 күнге шегерді. Бірақ Қытайдан келетін импортқа салынатын салықты 125 пайызға дейін арттырды. Қытай да ізінше АҚШ-тан келетін тауарларға баж салығы көлемін 125 пайызға жеткізді. Еуроодақ та америкалық тауарларға енгізген 25 пайыздық салықты 90 күнге шегерді.
АҚШ президенті Дональда Трамптың әкімшілігі 90 күнде 90 сауда келісімін жасағысы келеді деді 11 сәуірде Трамптың сауда жөніндегі кеңесшісі Питер Наварро.