Апта бейнелері: 1 - 7 қыркүйек

Солтүстік Осетияның Беслан қаласында 1 қыркүйекті қаралы күн ретінде атап өтті. 10 жыл бұрын, 2004 жылы 1-3 қыркүйек күндері Бесландағы 1-мектепте терроршылар 1 мың 200 адамды кепіл тұтқынға алды, 334 адам қаза тапты. Оның 186-сы бала еді. Терактіні шешен содырларының жетекшілерінің бірі Шамиль Басаев мойнына алды. Қаралы оқиғаны Ресейдің басқа қалаларында да еске алды. Бұл теракт әлі күнге жан-жақты тексерілген жоқ. 

2 қыркүйек күні Астанада Қазақстан парламентінің кезекті сессиясы ашылды. Онда Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев сөйлеп, өкімет жұмысының негізгі бағыты Украина дағдарысының зиянды ықпалымен күрес болатынын мәлімдеді. Азаттық репортері мен халықаралық БАҚ-тың бірнеше журналисін парламент ғимаратына кіргізбеді.  

3 қыркүйек күні АҚШ президенті Барак Обама Эстонияға барды. Осы сапарында ол АҚШ-тың Ресейдің Қырымды қосып алғанын ешқашан мойындамайтынын айтты. Обама Украина халқымен бірге екенін мәлімдеді. Оның сөзіне қарағанда, Украинаның шығысындағы сепаратистерді Кремль қаруландырып әрі қаржыландырып отыр.  

3 қыркүйек күні Қазақстан әскери сотының апелляциялық алқасы ефрейтор Шұғыла Пірәлиеваның шағымын орындаудан бас тартты. Пірәлиеваның әскери қызметке оралу жайлы шағымы осымен үшінші рет орындалмай қалды.

АҚШ ұлттық қауіпсіздік кеңесі 3 қыркүйек күні "Ислам мемлекеті" ұйымының АҚШ журналисі Стивен Сотлоффты өлтірген видеосының шын екенін мәлімдеді.  

4 қыркүйек күні Франция президенті Франсуа Олланд Мәскеудің Украинадағы басқыншылығына байланысты Франция жағы Ресейге алғашқы екі «Мистраль» әскери кемесін беруден бас тартатынын мәлімдеді. Тікұшақ қондырып, тасымалдауға арналған алғашқы «Мистраль» кемесі Ресейге қазан айында жеткізілуі тиіс болған. Париж бұған дейін одақтастарының келісімнен шығу туралы қысымына бой бермей, «бірнеше миллиард қаржыны құрайтын келісім-шартты бұзудан Ресейден гөрі Францияның өзі зиян шегеді» деп мәлімдеген еді.

Қыркүйектің 4-і күні «Барахолканың» «Алатау-2» базарында өрт шықты. Бұл – қалада солтүстік айналма жол салу үшін сүрілуге тиіс базар аумағында соңғы екі жылда болған үшінші өрт. Ресми мәліметке қарағанда, өрт аумағы 200 шаршы метр болған. Барахолканы көшіру туралы биліктің талабы күшейген былтыр және биыл бұл базар бірнеше рет өртенді. Өртенген базарлардың аумағы күреліп, қазыр ол жерлерде жол құрылысы жүріп жатыр. 

Петербургтегі ЛГБТ (лесби, гей, бисексуал, трансгендер) белсендісі Наталья Цымбалова 4 қыркүйек күні Мадридте екенін, Испанияның оған саяси баспана беруі мүмкін екенін хабарлады. Ашық хатында Цымбалова "24 тамыз күнгі Украинаның тәуелсіздік күніне орай Петербургте өткізген акциямнан кейін маған "Көзіңді құрт", "Ресейден кет!" деп, қоқан-лоқы жасаушылар көбейді" деп жазады. 

 

АҚШ, Ұлыбритания, Франция, Германия және Италия президенттері 4 қыркүйек күні Уэльсте НАТО саммитінде Украина президенті Петр Порошенкоға Украинаның егемендігін қолдайтындарын білдірді. Кездесуде Украинадағы жағдай мен Ресейге қарсы қосымша экономикалық санкциялар салу жайы талқыланды.  

Суретте: Украина президенті Петр Порошенко мен НАТО бас хатшысы Андрес Фог Расмуссен (оң жақта).

5 қыркүйек күні Қазақ зағиптар қоғамының бірнеше облыстан келген 20-дан астам өкілі президент Нұрсұлтан Назарбаевтың атына шағым хаттарын тапсыру үшін Астанаға жиналды. Жиналғандар хаттарын президенттің резиденциясы - Ақорда алдындағы жәшікке салды. Зағиптар президенттен зағиптар қоғамы ішіндегі бұрыннан бар дауға араласып, шешіп беруді сұрайды.

5 қыркүйек күні азаматтық белсенділер - оппозициялық "Алға" партиясының бұрынғы мүшелері Жасарал Қуанышәлин, Марат Жанұзақов және Нұрлан Жолдасов - Францияның Алматыдағы бас консулдығына осы ел үкіметінен қазақстандық қуғындағы саясаткер, бұрынғы банкир Мұхтар Әблязовті экстрадицияламауды сұрап хат тапсырды.

Украина президент Петр Порошенко Донбаста 5 қыркүйек күні сағат 18.00-ден бастап атысты тоқтатуға бұйрық беретінін хабарлады. Бұл мәлімдеме оның сайтында жарияланған. Бұған дейін Минскіде өткен кездесу барысында Украина билігі мен елдің шығысындағы сепаратистер басшылары жұма күні жергілікті уақыт 18 сағаттан бастап Донбаста атысты тоқтатуға келіскені хабарланған еді. 

Суретте: Минск тобының отырысына қатысқан Украинаның бұрынғы президенті Леонид Кучма (сол жақта), Украинадағы Ресей елшісі Михаил Зурабов (оң жақта), ЕҚЫҰ арнайы өкілі Хайди Тальявини (оң жақтан екінші), өзін өзі жариялаған "Донецк халық республикасының" "премьер-министрі" Александр Захарченко (сол жақтан екінші).

Украина президентінің баспасөз хатшысы Святослав Цеголко "сепаратистердің қолға түскен Украина жауынгерлерін босата бастағанын" хабарлады. Украина ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс кеңесінің мәліметіне қарағанда, сепаратистер 200-ден аса Украина жауынгерін кепіл тұтқында ұстап отыр.  

Суретте: Тұтқынға түскен Украина жауынгерлері көше тазалап жатыр. Донецк облысы, 29 тамыз 2014 жыл.