Солтүстік Корея Ресейге өздігінен жүретін 50 зеңбірек жеткізген болуы мүмкін

Солтүстік Корея Ресейге өздігінен жүретін 50 зеңбірек (М1978 "Коксан") пен 20 шақты дүркіндете ататын жүйе жеткізген болуы мүмкін. Бұл жөнінде Украина барлау қызметінің есебіне сүйенген Financial Times басылымы жазды.

САУ М1978 жүйесінің Ресейдегі темір жол платформаларында тұрған суреті бейсенбі күні желіде тарады, сурет қашан түсірілгені белгісіз. Бұған дейін Ресейге шетелден мұндай қару түрі жеткізілетіні айтылмаған.

"Коксан" Иранға Иран-Ирак соғысы кезінде жеткізілген. 170мм калибрлі қондырғы қарапайым снарядтарды 40 шақырым жердегі нысанға тигізе алады, ал реактивті снарядтарды 60 шақырымға дейін жеткізе алады. Солтүстік Корея да, Иран да Украинаға қарсы соғыста Ресейге оқ-дәрі жеткізіп жатыр.

Әскери сарапшылардың сөзінше, Koksan – Ресей зәру болып отырған артиллериялық “Пион” қондырғыларын алмастыруы мүмкін. Зерттеушілердің мәліметінше, Ресей соғыс кезінде осындай кемінде 31 қондырғысынан айырылған. Koksan Ресей қажетсінген қондырғыларды алмастыра алғанмен оның да кемшіліктері бар: мысалы, аталған зеңбіректің діңі мен өзге де бөлшектері тез тозады.

FT басылымының жазуынша, Пхеньян Мәскеуге 240 мм калибрлі дүркіндете ататын жүйелер берген болуы мүмкін. Ол қарапайым ракета, басқармалы ракета түрлерін де қолдана алады. Мақалада нақты қай жүйе жөнінде болып отырғаны айтылмаған, тек олар советтік РСЗО БМ-27 "Ураганға" негізделгені айтылаған. Пхеньян мұндай жүйені сынақтан өткізгенін мамырда айтқан.

  • Солтүстік Кореямен кез келген әскери ынтымақтастық және қару-жарақ саудасына БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің санкциясымен тыйым салынған. БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне Ресей де мүше. Солтүстік Кореяның Мәскеуге қару-жарақ жеткізуін Батыс елдері, Жапония мен Оңтүстік Корея қатаң сынаған. Бұған дейін Сеулдің Украинаға қару-жарақ жеткізе бастауы мүмкін екені хабарланған болатын.
  • Жұма күні АҚШ, Жапония мен Оңтүстік Корея қауіпсіздік саласында үшжақты ынтымақтастық бойынша хатшылық құрылғанын мәлімдеді. Лимадағы саммитте үш елдің жетекшілері Солтүстік Корея мен Ресейдің шешімін айыптап, Украинадағы "соғысты ұлғайту қауіпті" екенін айтысты. Бұл жөнінде "Ренхап" жазды.