Солтүстік Кореяның жетекшісі Ким Чен Ын Ресеймен барлық салада ынтымақтастықты кеңейтуге ниетті екенін мәлімдеді. Бұл жөнінде сенбі күні Солтүстік Кореяның орталық телеграф агенттігі хабарлады. Агенттік Ресей қорғаныс министрі Андрей Белоусовтың сапарының жай-жапсарын жазды.
Ким өзінің мәлімдемесінде маусымда Ресей президенті Владимир Путинмен қол қойған жан-жақты стратегиялық әріптестік туралы келісімді атап өткен. Келісім қорғаныс саласындағы өзара ықпалдастықты да қамтиды.
Солтүстіккореялық ақпарат агенттіктерінің хабарламасында Ким Чен Ынның Ресей қорғаныс министрі Андрей Белоусовпен Ресейге солтүстіккореялық әскерді шоғырландыру мәселесін талқылады ма, жоқ па, ол жағы айтылмаған. Бұған дейін түрлі дереккөздер, арасында Оңтүстік Кореяның барлау қызметі де бар, Пхеньянның Ресейге кемінде он мың солдатын жібергенін хабарлаған.
Дегенмен солтүстіккореялық ақпарат агенттіктерінде Ким Чен Ынның Белоусовпен әңгімеде Украинаға Батыс қаруымен Ресей аумағына рұқсат беруі бұл АҚШ-тың соғысқа "тіке араласуы", ал Мәскеудің өзін қорғауға құқығы бар деген сөзі келтіріледі.
Бұған дейін Андрей Белоусов Солтүстік Корея жасағын 2025 жылы 9 мамырда Мәскеуде өтетін жеңіс парадына шақырғаны белгілі болған.
Мәскеу солтүстіккореялық әскердің Ресей аумағына келгенін растаған жоқ, терістеген де жоқ.
Дереккөздерге сүйенген көп басылым Ресей аумағына солтүстіккореялық әскердің келуі Украинаға Батыс қаруымен соққы жасауға рұқсат берілуіне түрткі болғанын жазды.