Солтүстік Македонияда клубтағы өрттен 50-ден астам адам мерт болды

Кочани қаласындағы өрт шыққан клуб. Солтүстік Македония, 16 наурыз, 2025 жыл.

Солтүстік Македонияның солтүстік-шығысындағы Кочани қаласындағы клубта болған өрт салдарынан, кейінгі деректерге сәйкес, 50-ден астам адам қаза тауып, 100-ден астамы ауруханаға түскен.

Зардап шеккендердің бір бөлігі Штипе және Скопье қалаларындағы ауруханаларға жеткізілді. Жергілікті тұрғындардың кейбірі өрттен кейін туыстарымен байланысқа шыға алмай қалғанын айтып отыр, деп хабарлады Азаттықтың Балқан қызметі.

Алдын ала мәліметтер бойынша, клубта өрттің шығуына DNA тобының концерті кезінде пиротехникалық құралдар қолданылуы себеп болған.

Солтүстік Македонияның ішкі істер министрі Пансе Тошковски журналистерге пиротехникалық құралдардың ұшқындары төбедегі тез тұтанатын материалдан жасалған қаптамаға тиіп, содан өрт шыққан болуы мүмкін деген болжам барын айтты. Бірнеше минут ішінде ғимараттың іші өртке оранып, қою түтін басқан.

Кочаниге елдің премьер-министрі Христиан Мицкоски және үкімет мүшелері барды.

Көп адамның қазасына себеп болған төтенше оқиғаға байланысты клуб иесі деп болжанған бір адам ұсталған. Ішкі істер министрлігі шараны ұйымдастырушылардан жауап алуға кіріскен.