Желтоқсан, "тірі қалқан", Майдан. СССР ыдырағанға дейінгі одақтас республикалардағы наразылық

Алматыдағы Желтоқсан оқиғасы – Совет одағын бір орталықтан басқарған Кремль билігіне жұрт жаппай наразылық білдірген алғашқы митингілердің бірі болды. 1986 жылғы желтоқсанның 17-і мен 18-і Қазақстан тарихына қазақ жастарының азаттық үшін күресі ретінде енді. Желтоқсан оқиғасынан кейін бес жылдан соң СССР күйреді.

Желтоқсан оқиғасына Совет одағы коммунистік партиясының орталық комитеті Қазақстан коммунистік партиясын көп жыл басқарған Дінмұхамед Қонаевты алып, орнына бұрын Ресейдің Ульяновск облыстық компартия басшысы болған Геннадий Колбинді тағайындауды түрткі болды. Кремльдің Қазақстанға бейтаныс адамды республика халқының пікірін сұрамастан басшы етіп қоюы көптің наразылығын туғызды. Республика астанасы Алматының орталық алаңына мыңдаған қыз-жігіт шықты.

Коммунистік партия қазақ жастарының наразылығын "ұлтшылдық көрінісі" деп атады. Мәскеудің өктемдігімен келіспей бейбіт шеруге шыққан жұмысшы және студент қазақ жастарын билік қатыгездікпен басып-жаншыды.

Шеруді күшпен тарату үшін Совет одағы басшылығы Ресейден арнайы күш жұмсады. Билік наразылықты басып-жаншу операциясын "Метель" деп атады.​

Желтоқсан оқиғасына байланысты 99 адамның үстінен қылмыстық іс қозғалды. Екі адам ату жазасына кесілді, оның бірі 20 жастағы студент Қайрат Рысқұлбеков (суретте оң жақтан екінші тұр) Семей түрмесінде жұмбақ жағдайда мерт болды (ресми ақпаратта суицид деп айтылды). Жүздеген адам партия мен комсомолдан шығарылып, оқудан, жұмыстан қуылды. Желтоқсан оқиғасына қатысқандардың барлығы кейін ақталды.

Суретте: Минскінің Ленин алаңындағы жұмысшылар ереуілі. 1991 жылғы сәуір айы. Қымбатшылық пен совет азаматтарының жылдар бойы жинаған қаржысын әп сәтте құнсыз қылған ақша реформасы халықтың наразылығын тудырды. Минскіден кейін Беларусь республикасының өзге де қалаларында жұмысшылар наразылық акциясына шықты.

Суретте: Минскінің Ленин алаңындағы жұмысшылар ереуілі. 4 сәуір 1991 жыл. Шенеуніктер мен ереуілшілер өкілдерінің келіссөзінен кейін жұмысшылар жалақысы көтерілетін болды. Бірақ дүкен сөресі бұрынғысынша жылан жалағандай күйде қалды.

1989 жылғы 23 тамызда Эстония астанасы Таллинндегі "Ұзын Герман" мұнарасы мен Литва астанасы Вильнюстегі "Гедиминас мұнарасының" арасын екі миллионнан астам адам қол ұстасып, "тірі шеп" құрып жалғастырып тұрды. Литва, Латвия және Эстонияның тәуелсіздікке ұмтылысын әлемге паш ететін бұл шара "Балтық жолы" деп аталды. Акция Балтық бойындағы үш мемлекетті тәуелсіздігінен айырып, Совет одағы құрамына күштеп кіргізуге себеп болған "Молотов-Риббентроп пактісіне" қол қойылғанына (1939 жылғы 23 тамыз) жарты ғасыр толған күні ұйымдастырылды.

Суретте: Қырым татарлары совет өкіметінен өздерін тарихи атамекеніне қайтаруды талап етіп тұр. Краснодар, 6 наурыз 1988 жыл. Қырымды ежелден мекендейтін халық 1944 жылы Сібір мен Орта Азияға күштеп жер аударылған. Совет билігі оларды "нацистермен ауызжаласты" деп айыптады. Ал 44 жылдан кейін Краснодарда өткен бұл жиын совет баспасөзі алғаш рет көпшілікке хабарлаған Қырым татарларының жалпыұлттық наразылық акциясы болды.

Суретте: Украинаның "Рух" халық қозғалысы Киевтің Тәуелсіздік алаңында (Майдан Незалежності) ұйымдастырған митингі. 23 қазан 1989 жыл. Украинаның тәуелсіздігін жариялауына "Рух" ұйымының әсері болды.

Үш миллион адам Украинаның Львов қаласы мен Киевтің арасын жалғап, қол ұстасып шепте тұр. 21 қаңтар 1990 жыл. Бұл акция 1919 жылғы Украина халық республикасы (УХР) мен Батыс Украина халық республикасының (БУХР) бір мемлекетке бірігетінін паш еткен құжаттың қабылданғанына 71 жыл толуына арналды.

1919 жылғы Украина халық республикасы (УХР) мен Батыс Украина халық республикасының (БУХР) бір мемлекетке бірігетінін жариялаған құжат қабылданғанына 71 жыл толуына арналған демонстрация. 21 қаңтар 1990 жыл.

Тәуелсіз украин жастары одағы ұйымдастырған "СССР-ді жерлеу" акциясы. 30 қыркүйек 1990 жыл.

Украинаның СССР-ден тәуелсіздігін жариялауын талап еткен Украина халық қозғалысы ұйымдастырған митингіге қатысушылар. 30 қыркүйек 1990 жыл.

Грузия тәуелсіздігін жариялағаннан кейін Тбилисидің орталық алаңында билеп жүрген ұлттық армия сарбазы. 10 сәуір 1991 жыл.

Исламшылдармен қанды қақтығыстан кейін Душанбенің орталығындағы Ленин алаңында өткен наразылық акциясы. 15 ақпан 1990 жыл.

Тәжікстан азаматтары президент сайлауына түсіп жатқан кандидаттардың барлығына тең жағдай туғызу үшін парламент төрағасы Рахмон Набиевтің отставкаға кетуін талап етіп тұр. 24 қараша 1991 жыл.

Совет одағы мен коммунистік партия үстемдігін сақтап қалуды көксеген топ ұйымдастырған 1991 жылғы "тамыз бүлігі" кезінде Мәскеудің Калинин даңғылына келген әскери танкілер.

Суретте: Молдова халық майданы ұйымдастырған митингіге қатысушылар. Кишинев, 1989 жылғы маусым. Шеруге шыққандар республикаға саяси және экономикалық дербестік беруді, әліпбиі латын қарпіне негізделген молдован тілін ресми тіл деп тануды талап етті.

Молдова ССР Жоғарғы кеңесі төралқасының республика тәуелсіздігін жариялау туралы шешімін қолдаушылар митингісі. 27 тамыз 1991 жыл.

Әзербайжан тәуелсіздігін жариялағаннан кейін бір айдан соң совет көсемі Владимир Лениннің бейнесі бар коммунистік пропаганда жарнамасын балтамен шауып жатқан адам. Баку, 21 қыркүйек 1991 жыл.

Приднестровьенің Молдовадан бөлінгенін қолдаушылар мен оған қарсылар бетпе-бетпе келіп тұр. Дубоссары, 1 қазан 1991 жыл.

Литва СССР құрамынан шығатынын жарияланғаннан кейін Вильнюс қаласындағы телеорталықты совет әскерінің басып алуына наразылық білдіріп шеруге шыққан әйел "Тойынған партноменклатура, жолды босат! Халық сені жек көреді!" деген жазу ұстап тұр. Мәскеу, 13 қаңтар 1991 жыл.