ШҚО билігі Маралдыдағы алтын фабрикасы іске қосылғанын хабарлады

Фабрикадағы кен өндірісінде қолданылатын қондырғылар. Маралды ауылы Күршім ауданы Шығыс Қазақстан облысы. Сурет Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің баспасөз қызметінен алынған. 2024 жыл

Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданы Маралды ауылында тұрғындар қарсы болған алтын өндіру фабрикасы 26 қарашада іске қосылды. Бұл жөнінде фабрика өкілдері жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарына айтқан. Күршім ауданы әкімдігі бүгін, 27 қарашада Азаттық тілшісіне растады.

— 26 қарашада аудан орталығы Күршімде облыс басшылығы аудан активімен кездесу өткізді. Облыс әкімінің орынбасары Сапанов Дархан Бақытжанұлы мен фабрика өкілдері келіп, барлық құзырлы органдардан рұқсат алынды, фабрика ресми түрде жұмысын бастады деп хабарлады. Яғни, бұған дейін Маралды жанында барлау жүргізілсе, енді кенді өндіруге көшеді, — деді Күршім ауданы әкімінің орынбасары Мейіржан Әлібеков телефон арқылы.

Оның айтуынша, фабрика құрылысы әу баста жоспарлаған мерзімінен кеш аяқталды. Бұған құрылысқа наразы адамдар мен компания арасындағы сот даулары және құзырлы мекемелер мен сарапшылардың тексерулері әсер еткен.

Фабрика іске қосылғаны туралы жаңалықты бұған дейін қарсылық көрсетіп келген Маралдының белсенділері “қабылдай алмаған”.

— Ауыл үш жылдан бері қарсыласып келе жатыр. Қаншама заңсыздықты көрсетіп, дәлелдедік. Қызыл кітапқа енген өсімдіктер, компанияға берілген жерлерден шыққан бұлақтар барын көрсеттік. Фабрика аумағының астында су қоры бар. Біздіңше, жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы кодекс бұзылып отыр. Әлі де қарсымыз, — деді белсенді Талғат Исин.

Облыс әкімдігіне қарасты Altainews.kz сайты “фабрика іске қосылғаннан кейін қауіпсіздік пен әлеуметтік міндеттемелерге басымдық беріледі” деп жазды.

“Экологиялық қауіпсіздік бойынша барлық шара қабылданады. Түлектерді оқыту, жұмыс орындарын ашу, тұрғын үй, жол және әлеуметтік нысандар салып, жөндеу жұмыстары толық көлемде орындалады”, — деді кәсіпорын директорының орынбасары Талғат Мақатаев.

Ал ауыл адамдары “фабрикаға жұмысқа кірмейтінін, олардың әлеуметтік көмегін алмайтынын” айтқан.

— Фабрика басталады деген алғашқы жылы үш-төрт адам жұмысқа кірген. Одан өзгелері содан бері жұмысқа кірмейміз деп отыр. Осы жолы көмір түсіріп кетіпті, бірақ ол сол күйі жатыр, адамдар алмай қойған, — деді Талғат Исин.

Күршім ауданы әкімінің орынбасары әлеуметтік көмекті пайдаланбай отырғандар бары рас дейді.

— Аудан орталығындағы жиналыстан кейін ауылға бардым. Ресми жұмыс басталғанын айттым. Сүйінші сұрайтын жаңалық емес қой, қуанып отырған ешкім жоқ. Қарсы, әрине. Ауылдағы бір адамның үйіне 100 тонна көмір түсірген екен. Соның 20 тоннасын алған. 80 тоннасы жатыр. Алам деушілер де, алмайтындар да бар. Адамдардың пікірі әртүрлі, — деді Күршім ауданы әкімінің орынбасары Мейіржан Әлібеков.

Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев 24 мамырда фабрика арқылы елге инвестиция құйылып, жергілікті жерде инфрақұрылым жақсарады дегенді айтқан. Ал фабрика жобасын әзірлеуші Дәулет Асанов “цианид қоспасы арқылы алтын өндірудің арнайы технологиясы енгізілген және халық алаңдағаннан соң пайдаланылатын суды жерасты суына өткізбейтін геомембрана екі есе қалыңдатылды” деген.

Фабрикаға наразылар мен тәуелсіз экологтар жобаға сенбейтіндерін айтып келеді. Эколог Лаура Мәлікованың пікірінше, жаңбыр мен қар суы зиян суға қосылып кетуі мүмкін. Фабрика ауылдың дәл іргесіндегі биік таудың үстінде тұрғандықтан құлап аққан суға ие болу қиын болады. Бұдан өзен мен жерасты суы, яғни ауызсу бүлінуі мүмкін.

Ауыл адамдары өзен ластанса, бау-бақша, балық және малға зияны тиеді деп алаңдайды. Омарташылар фабрикадағы техникалардың дауысы мен жару жұмыстары араны қысқы ұйқыға жатқызбай, бізді өнімсіз қалдырады деп ойлайды. Сонымен бірге тұрғындар қатты дыбыс аң-құсты да мекенінен бездіріп жібереді дегенді айтады.

Алтын өндірісіне наразылық білдіріп келе жатқандар жергілікті билік пен құзырлы органдардан қысым көргенін айтқан. Ауылда халық бірнеше рет наразылық білдіргеннен кейін кейбір адамдардың үйін тінтіп, телефондарын тәркілеген жағдайлар болғаны хабарланған. Облыстық полиция департаменті қызметкерлерінің “қоғамдық тәртіпті бұзуға жол бермеу үшін жұмыс істейтіндіктерін” мәлімдеген.

Тұрғындар президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа және ШҚО-ның бұрынғы әкімі Даниал Ахметов пен қазіргі әкімі Ермек Көшербаевқа бірнеше мәрте үндеу арнап, жағдайды келіп көрулерін сұраған. Аталған лауазымды тұлғалар ауылға барған жоқ. Облыс әкімдері кен барлау мен фабрика құрылысы “заң шеңберінен шыққан емес” дегенді айтқан.