Сириядағы толқу күшейе түсті

Армия күштеріне қарсы соғысып жүрген сириялық көтерілісшінің бірі. Кусайр, 8 қаңтар 2012 жыл

Осы апта БҰҰ бас хатшысы он айдан бері көтеріліс пен қантөгіс еліне айналған Сирияда «адам өлімі бұдан ары төзгісіз күйде шектен тыс көбейді» деп мәлімдеді. Наурыздан бері бұл елде бес мың адам қақтығыс кезінде қаза тапты.

Сирияның белгілі оппозицияшыл саясаткері Мишель Кило француздың «Фигаро» басылымына берген сұқбатында «Сирия азат армиясы» деп аталатын қарулы жасақ үкімет әскеріне қарсы партизандық шабуылды қолға алса, елде бітпейтін хаос басталуы мүмкін» деген болжам айтты.

Автократ президент Башар әл-Асадқа қарсы топтар оны биліктен тайдырудың түрлі әдістерін қарастырып жатыр. Соңғы уақытта «қару қолданбаса, ештеңе өнбейді» деген пікірлер жиі айтылып жүр.

Әл-Асад жақтастарының оппозиция қатарына өтіп жатқаны туралы ақпараттар жиілеп кетті. Жақында Сирия армиясының құрамынан шығып кеткен генерал Мұстафа Ахмад әл-Шейх «Сирия азат армиясының» шабуылдарын реттеп отыру үшін әскери кеңес құрғанын мәлімдеді. «Рейтер» агенттігінің хабарлауынша, әскерден қашып кеткендер мен басқа да қарулы жасақтардан құралған бұл ұйым Башар әл-Асадқа қарсы күрес бастаймыз деп қол жиып жатыр.

ШИИТТЕР МЕН СУННИТТЕРДІҢ ТЕКЕТІРЕСІ

Көршілес Ливандағы друз этноконфессионалдық тобының жетекшісі Валид Джумблаттың айтуынша, кикілжің ұзаққа созылған сайын 21 миллион Сирия халқының 74 пайызын құрайтын сунниттер мен шииттердің өз ішіндегі саны аз топ –

Еркін Сирия армиясының мүшесі қарауылда тұр. Забадани, 16 қаңтар 2012 жыл.

алауиттер (10 пайыз) арасында азамат соғысы тұтану қаупі арта береді. Башар әл-Асад алауиттер тобынан шықса да, осыған дейін өзін «елдегі барлық діни топтардың бірлігін көксеуші зайырлы саясаткер» ретінде танытуға тырысып келген еді.

Қазір кикілжің ошағына айналған Хомс қаласы – екі діни ағым өкілдері аралас қоныстанған жер, сондықтан да мұндағы қақтығыстардың діни сипаты бар.

«Рейтер» агенттігіне берген сұхбатында Джумблат «Президент Асад былтыр наурыз айынан бері АҚШ-тың, Қытайдың, Ресейдің және өзінің бұрынғы одақтасы – Түркия премьер-министрі Реджеп Ердоғанның саяси реформаларды баста деген ақыл-кеңесіне көңіл аудармай, қатты қателесті» деді.

Сирия үкіметі елдегі қантөгіс пен тәртіпсіздіктердің барлығына «террористік ұйымдар» кінәлі деп отыр. Үкімет қарамағындағы SANA ақпарат агенттігі қаңтардың 17-сінде таратқан хабарында террористер атқан зымыранның кесірінен алты азаматтың қаза болғанын хабарлады.

Содан бір күн бұрын ғана белгісіз біреулер армия генералын атып кеткен еді. Мұндай қанды оқиғалар елдің әр жерінде күн сайын болып жатады.

АЙМАҚТЫҚ СОҒЫС

«Демократиялық өзгерістер жолындағы ұлттық комитет» деп аталатын оппозициялық ұйымның құрамына кіретін Мишель Килоның ойынша, алдымен «террористерді» басып-жаныштап алып, одан соң наразылық акциялары кезінде түрмеге жабылғандарға рақымшылық жариялағанына қарағанда, президент Башар әл-Асад шарасыз күйде тал қармап жатыр.
Оның бар айтатыны – терроризммен күрес. Сол арқылы "Батысты қорқытамын, не олардың қолдауына ие боламын" деп ойлайды.

«Оның бар айтатыны – терроризммен күрес Сол арқылы Батысты қорқытамын, не олардың қолдауына ие болам деп ойлайды. Меніңше, қазір ол жанжалға Иранды, «Хезболланы» және Иракты тарту арқылы Парсы шығанағын «ұзаққа созылуы мүмкін соғыспен» қорқытып отыр» дейді Кило.

Араб елдерінің ішінде алғаш болып Катар әмірі Шейх Хамад бин Халифа әл-Тани Сириядағы қантөгісті тоқтату үшін бұл елге Араб лигасының әскерін кіргізу керек деген ұсыныс айтты. Өткен жылы дәл осы кісі Ливияда бейбіт тұрғындардың өмірін сақтау үшін мұнда НАТО әскерін кіргізуді қолдаған еді. Алайда Тунис президенті Монсеф Марзуки мұндай қадам «аймақтық жарылысқа» соқтыруы мүмкін деп ескертті.

Ал Сирия сыртқы істер министрлігі бұл мәлімдемені «мүлде қисынсыз» деп атап, «оның дағдардысты одан сайын тереңдетіп, шетелдік интервенцияға жол ашып беретінін» айтты және «Сирия халқы елдің егемендігіне қатер төндіретін және оның аумақтық тұтастығын бұзатын мұндай шабуылдарға қарсы тұрады» деп ескертті.

«ШИЕЛЕНІС ШЕГІНЕ ЖЕТТІ»

BBC-дің хабарлауынша, Араб лигасы елдері Сирияға әскер кіргізуге қатысты мәмілеге келген жоқ. Бұл халықаралық ұйымның бітімгер күштер құру жағынан еш тәжірибесі де жоқ.

Кеше Араб лигасының 165 бақылаушысының Сириядағы миссиясы аяқталды.

Сирияның Хомс қаласындағы өрт. 13 қаңтар 2012 жыл.

Өткен жылы қабылданған бейбіт жоспар бойынша, Сирия үкіметі қалалардан әскери техниканы шығарып, наразылық танытушыларды босатуы, ақпарат құралдарына жан-жақты мәлімет алуға мүмкіндік беруі тиіс болған. Бірақ Араб лигасының бақылаушылары Сирия үкіметінің бұл міндеттемелерді орындай алмағанын айтып отыр.

Апта басында БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінен Сириядағы қантөгісті тоқтату шараларын қолға алуды өтінді. «Адам шығыны шектен тыс көбейгені сондай, жағдайды бұлайша қалдыруға болмайды» деді ол.

СИРИЯ ТӨҢІРЕГІНДЕГІ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЖАҒДАЙ

БҰҰ қауіпсіздік кеңесінің Сирия үкіметіне қарсы шешуші қадам жасауына екі тұрақты мүшесі Ресей мен Қытай қарсы шығуы мүмкін деген болжам бар. Ресей қаңтардың 17-сінде қауіпсіздік кеңесінің Сирияға қатысты қарарының жобасын жариялады. Сарапшылардың айтуынша, онда Сирия үкіметіне көп сын айтылмады. Ресей үкіметі Батыстың Сирияға санкция салуына үзілді-кесілді қарсы.

Франция Иранды Сирияға қару жөнелту арқылы халықаралық ережелерді бұзды деп айыптады. Сыртқы істер министрлігі өкілінің айтуынша, Иран «репрессия әдісін таңдаған режимге көмектесіп отыр». Бұған қоса қару тиеген Ресей кемесі Түркияға жол тартардың алдында Сирияның портына тоқтап, қару-жарағын түсіріп кетті деген де ақпарат тарады.

Сириядағы саяси толқу биылғы наурыз айында Дераа қаласында әлдебір ғимарат

Билікке қарсы шерушілер Басар әл-Асадтың шимайланған суретін ұстап тұр. Дамаск, 8 қараша 2011 жыл.

қабырғасына үкіметке қарсы ұран жазғаны үшін тұтқындалған 15 мектеп оқушысын босатуды талап ету шарасынан тұтанып кеткен еді. Содан бері полиция мен наразылық танытушылардың қақтығысы кезінде кемінде бес мың адам қаза болған.

Наразылық танытушылар Башар әл-Асадтан биліктен кетуді, елдегі 48 жылға созылған төтенше жағдайды алып тастауды, сөз бостандығын шектемеуді, саяси жүйені демократияландыруды және саяси тұтқындарды босатып, азаптауды тоқтатуды талап етіп жатыр. Қоғамдық қысымға шыдамаған әл-Асад төтенше жағдайды жойғанымен, басқа мәселелерге қатысты реформа жасауға ықылассыз болып шықты.

Сирия үкіметі БҰҰ-мен ынтымақтасып жұмыс жасауға оң ниет танытпаған соң елдегі шиеленісті реттеуге Араб лигасының арнайы тобы араласқан еді. Лига өкілдерінен жасақталған топ былтырғы желтоқсан айының соңында Сирияға келіп келіссөз бастағанымен, бір айға жетер-жетпес уақытта бұл миссияның мәмілегер бола алмайтыны анықталды.