Иранға соғыс, Ливанға гуманитарлық апат төніп тұр. Таяу Шығыста не болып жатыр?

Тегеранда Иран Ислам Республикасының жақтастары Израиль туын өртеп жатыр. 2 қазан 2024 жыл. Олар осылайша Тегеранның содан бір күн бұрын Израильге шабуылдағанын қолдап тұр.

1 қазанда Иран Израильге қарсы ең үлкен шабуылын бастағанда, жүздеген адам Тегеран көшелеріне шығып, тойлады. Бірақ Азаттықтың Парсы қызметімен сөйлескен ирандықтардың көбі Израильдің қарымта соққысынан қорқатынын, соғыс басталып кетеді деп алаңдайтынын айтты. Ливанда Израильдің үздіксіз бомбалауынан гуманитарлық дағдарыс басталды. Кейінгі бір аптада 1 миллионға жуық адам үйін тастап, үдере көшкен.

"Бұл шабуыл Иранның күші мен беделін көрсетті", – дейді Тегеранда көшеге шыққан тұрғындардың бірі Аббас.

Бірақ Азаттықпен сөйлескен ирандықтардың көбі Израильдің қарымта соққысынан және соғыстан қорқатынын жасырмады.

"Бірнеше айдан бері қорқыныш пен күйзелісте өмір сүріп жатырмыз", – дейді Тегеран тұрғыны Нағме. "Израиль қашан шабуылдайды екен деп аспаннан көз алмаймыз".

Израиль Иранның 1 қазандағы зымыран соққысын жауапсыз қалдырмауға уәде берді.

Иранның Израильге соңғы шабуылы сәуірде жасаған соққысынан әлдеқайда ауқымды болды. Сәуірде Тегеран қас жауына қарсы жүздеген дрон мен зымыран жіберген еді. Израиль бұған жауап ретінде Исфахан қаласындағы зымыранға қарсы қорғаныс жүйесіне соққы жасады.

Сарапшылар Израильдің соққысы әлдеқайда жойқын болуы мүмкін деп болжады. Ақпарат құралдары Израиль Ирандағы стратегиялық маңызы бар инфрақұрылымдар мен ядролық нысандарға соққы жасауы мүмкін деп жазып жатыр.

"Бұл жолы соғыс болу ықтималдығы жоғары", – дейді Тегерандық журналист Парасту.

Ол ирандықтардың көбі Израильге жасалған соққыдан кейін үйлеріне азық-түлік пен дәрі-дәрмек қорын жинап қойғанын айтты. Журналистің сөзінше, қаладағы жанармай бекеттерінде ұзын-сонар кезек түзілген.

1 қазанда Иранның Израильге жасаған соққысына куә болған Мәриям қарапайым ирандықтар бұл үшін "үлкен құн төлейді" деді.

"Шенеуніктер мен олардың отбасы мамыражай өмір сүріп жатқанда, халық қорқып отыр", – дейді ол.

Алиреза бар мүлкін сатып, шетелге көшкісі келеді. Өйткені бұл жолы оған соғыс жақындап қалғандай көрінеді.

Ирандық әйел Тегеран Израильге шабуылдаған күні көлігіне жанармай құйып жатыр. Тегеран, 1 қазан 2024 жыл.

Азаттық сөйлескен бірнеше жас ирандық соғыстан қорықпайтындай кейіп танытты. Бірақ 1980-1988 жылдары Иран-Ирак соғысын көрген алдыңғы буын өкілдері бұл қамсыздықты түсінбейді.

"Олар соғыстың не екенін білмейді, салдарын түсінбейді", – дейді Иракпен соғыста қатты зардап шеккен Хузестан өңірінің тумасы Фереште. "Бізді тағы көшіретін сияқты".

Соғыстан ирандықтар ғана қорқып отырған жоқ.

Ирандағы ауғандар да Ираннан кетуге тура келе ме деп алаңдайды. Олардың көбі Ауғанстандағы Талибан билігінен қашып келген.

"Өмірімізге қауіп төнген соң, Ауғанстаннан Иранға қашудан басқа амалымыз болмады. Енді Иран мен Израиль арасындағы шиеленістен өңір соғыс табалдырығында тұр", – дейді ауған әйелдерінің құқығын қорғаушы белсенді Халима Пажвак.

"Бұл жақтан көшсек, қайда баратынымызды білмейміз", – деді ол.

ЛИВАНДАҒЫ ЖАҒДАЙ: КӨЛІКТЕ, ЖАҒАЖАЙДА ТҮНЕУ

Махмуд әйелімен және екі жасар ұлымен бірге Ливан астанасы Бейруттегі жағажайға жамылғы төсеп, соның үстінде ұйықтап жүр.

Олар – Израильдің Ливанға шабуылынан қашып, Бейрутті паналаған ондаған мың адамның бірі ғана.

"Бейрут қауіпсіздеу шығар деп, осында келдік", – дейді Махмуд. "Енді барар жеріміз жоқ, жағажайда ұйықтап жүрміз".

Сириялық отбасы Бейрут жағажайына тұрақтаған. Ливан, 1 қазан 2024 жыл.

Махмуд пен отбасы Ливанның оңтүстігіндегі Газия қаласынан қашып келген. Бұл қала Израильдің әуе соққысынан қатты зардап шекті. Махмуд үйі қираған соң, отбасымен бірге үш рюкзакпен автобусқа отырып, 20 сағат жол жүріп, Бейрутке жеткен.

Израиль әскері Ливанның оңтүстігіне басып кірді. Тель-Авив Иран қолдайтын қарулы топ әрі Оңтүстік Ливанның көп бөлігін бақылауында ұстайтын саяси партия "Хезболлаға" әуеден соққы беріп жатыр. Бұл шабуылдан бейбіт халық көп зардап шекті.

Ливан билігі Израиль 23 қыркүйекте бомбалауды бастағалы 1100 адам қаза тапты деп мәлімдеді. 1,2 миллион адам бас сауғалап қашқан. Бұл – Ливан халқының бестен бір бөлігі. Ел тарихындағы халық үдере көшкен ең ірі оқиға осы болғалы тұр.

Бейрутте мектептер, университеттер, мешіттер мен футбол алаңдары босқындарды қабылдайтын орталыққа айналған. Соның өзінде мыңдаған адам орын таппай, жағажайда, саябақтар мен гүлзарларда, көлікте ұйықтап жүр.

Махмуд пен отбасы кейінгі төрт күнін Бейруттегі Эль Манара жағажайында өткізген. Олар жергілікті тұрғындар берген тамақты талғажау етеді.

"Не істерімізді білмей отырмыз", – дейді Махмуд. "Босқындарға арналған орындардың бәрі лық толы".

Отбасы жақында тағы басқа жаққа көшуден қорқады. Израиль 2,5 миллион халқы бар Бейрутке де шабуыл жасап жатыр. Қаланың кей бөлігі қирап қалған.

"Қатты қорқып отырмыз", – дейді Махмуд. "Күн өткен сайын бомба құлаған жер жақындап келе жатыр. Бірақ қайда баратынымызды білмейміз".

ГУМАНИТАРЛЫҚ ДАҒДАРЫС

Ливандағы уақытша үкімет көмекке мұқтаж адамдарға қолынан келгенше көмектесіп жатыр. Жергілікті билік 500 мектепті уақытша лагерьге айналдырған, бірақ лагерьлер әлі де лық толы.

Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасы Израильдің Ливанға қарсы шабуылынан жапа шеккен 1 миллион адамды азық-түлікпен қамту үшін төтенше шараны қолға алды.

Ұйым Ливан "критикалық нүктеге жетті, елдегі босқындарға арналған лагерьлерге тамақ пен ақша таратамыз" деді.

1 қазанда Израиль Ливанның оңтүстігіне басып кірді. Бұл елдегі гуманитарлық дағдарысты одан әрі өршітті.

Израиль әскері 2006 жылғы Хезболлағы қарсы соғыстан кейін бірінші рет Ливан шекарасын кесіп өтіп, оңтүстіктегі ондаған ауылға эвакуациялануды бұйырды.

"ЕШКІМ ӨЗІН ҚАУІПСІЗ СЕЗІНБЕЙДІ"

Бейруттің өзінде мыңдаған адам үйін тастап кетуге мәжбүр болды. Израильдің әскери ұшақтары Таяу Шығыстағы ең ірі үш қаланың бірі cаналатын Бейрутті де бомбалап жатыр.

Баспанасыз қалған адамдардың қатарында банк қызметкері Мария да бар. Ол қала ішінде екі рет көшіп үлгерген.

"Өткен аптада үйімізден екі көше арыда бомба құлаған соң, анам мен әпкемді алып, пәтерімізден көшіп кеттік", – дейді Бейрут орталығындағы Мсайтбех ауданында тұратын 27 жастағы тұрғын. "Қазір қаланың басқа бөлігінде тұратын туыстарымыздың үйіндеміз. Ешкім өзін қауіпсіз сезініп отырған жоқ".

Бейруттің оңтүстігін бөлігі. Әуе шабуылынан кейінгі жарылыс. 3 қазан 2024 жыл.

Қаланың оңтүстігінде АҚШ террористік ұйым деп тапқан "Хезболла" тобы шоғырланған. Еуроодақ бұл ұйымның қарулы тобын ғана қара тізімге қосқан.

Израиль қаладағы көпқабатты тұрғын үйлерден тұратын ауданды бомбалады. Бейруттің оңтүстігі қирап, қаңырап бос қалған. Көшелерде қираған ғимараттардың үйінділері жатыр.

Мария Бейруттегі босқындардың кейбірі паналайтын жер таппай, қонақ үйлер мен бос ғимараттарға басып кіргенін көрген.

"Біреу кіріп кетер деп, пәтеріміздегі жарықты өшірген жоқпыз", – дейді ол. "Бейрутте берекетсіздік болып жатыр. "Тәртіп жоқ. Адамдар алда не күтіп тұрғанын білмейді".

Азаттық радиосы Иран және Ауған қызметтері әзірлеген материал.