Тәжік парламентінің төменгі палатасы ақпанның 7-сі күні сайлау туралы заңнамаға енгізілетін түзетулерді талқылады. Жиын алдында Өкілдер мәжілісінің депутаты Саидджафар Усмонзода Азаттықтың тәжік редакциясына парламент мүшелерінің «Тәжікстан Республикасы президентін сайлау туралы», «Тәжікстан Республикасының Оли Маджилиске сайлау туралы» заңдарға түзетулерді қарайтынын айтқан.
2016 жылы Тәжікстанда конституциялық референдум өтті. Соған сай қазіргі президентке «ұлт көшбасшысы және бейбітшілік пен ұлттық бірлік негізін қалаушы» деген мәртебе берілді. Ендігіде Эмомали Рахмон шектеусіз кезеңге президенттік сайлауға түсе алады.
- Оған қоса, референдумда қабылданған, Конститутцияға енгізілген түзету бойынша 30 жасқа толған Тәжікстан азаматы ел президенті және парламент депутаты бола алады. Бұған дейін аталған жас мөлшері 35 және 25 жасты құрайтын, - деді Саидджафар Усмонзода.
Оқи отырыңыз: Орталық Азияда "сарай балалары" өсіп жетілді
2016 жылы мамырдың 22-сі күні Тәжікстанда елдің негізгі заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы референдум өтті. Билік ұсынған және тұрғындар мақұлдаған 40 түзетудің ішінде мына мәселелер маңызды болатын. Сол түзетулер бойынша Тәжікстан басшысы Эмомали Рахмон президенттік сайлауға қалауынша түсе береді, шектеу қойылмайды. Және де президент болуға үміткер адамның жас шектеуі 35-тен 30 жасқа төмендетілді. Сарапшылардың айтуынша, билік мұндай өзгерістерді егер Эмомали Рахмон биліктен кетуді ұйғарса, оның үлкен ұлы Рустам Эмомали 2020 жылы сайлауға түсу үшін жасап отыр деп санайды.
- Бұл негізгі түзетулер әлі күнге дейін «Тәжікстан Республикасы президентін сайлау туралы» заңға енгізілмеген болатын, - дейді Саидджафар Усмонзода.
Рустам Эмомали былтыр желтоқсанда отызға толды. Бір жыл бұрын ғана ол Душанбе мэрі болып сайланды. Бұған дейін президенттің тұңғыш ұлы Тәжікстанның қаржылық бақылау және жемқорлықпен күрес агенттігіне және Кеден қызметіне басшылық жасап үлгерген еді.
2020 жылдан кейін Эмомали Рахмон Тәжікстан билігінде қала ма, әлде үлкен ұлына билікті табыстай ма немесе мемлекет тағдыры басқаша шешіле ме - оны уақыт көрсетеді.
ФОТОГАЛЕРЕЯ: Эмомали Рахмонның жоғары биліктегі ширек ғұмыры
Азаттықтың Тәжік қызметінің мақаласы.