Тәжікстанның ЕАЭО-ға қосылуы мүмкін бе?

Ресей президенті Владимир Путин (оңнан солға қарай), Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон. Санкт-Петербург. 26 желтоқсан, 2016 жыл.

Ресей Тәжікстанның Еуразия экономикалық одағына қосылуына мүдделі екенін қайталап еске салғанымен, одақтың өз ішінде шешілмеген мәселелер де көбейіп келе жатыр.

Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров 20 қарашада Бакуде Әзербайжан дипломатиялық академиясындағы кездесуінде Еуразия экономикалық одағы (ЕАЭО) туралы сұраққа жауап бере келіп Тәжікстанның одаққа мүшелігі қарастырылып жатқанын айтты. «Жаңа мүшелерге ықыластымыз. ЕАЭО жұмысына Тәжікстанды, басқа да қазығушылық білдірген елдерді тарту қарастырылып жатыр. Бұл елдердің ТМД құрамында болуы міндетті емес. Солардың қатарынан Әзербайжанды да көрсек қуанар едік»​, - деген Ресей сыртқы істер министрі.

«РЕСЕЙ ӨЗ МҮДДЕСІН ОҚИҒА ТӘРІЗДІ КӨРСЕТЕДІ»

Бұл Ресей сыртқы істер министрінің Тәжікстанда мүшелікке тартуға байланысты алғаш айтқаны емес. Лавров ЕАЭО құру туралы келісімге қол қойылған 2014 жылы Душанбеге сапарында да одақтың бірінші кезекте Тәжікстан тәрізді Ресейдің «жақын көршілеріне» ашық екендігін мәлімдеген. Тәжікстан болса, Ресейдің бұл мүддесіне қатысты мәселені зерттейтінін, пайда-зиянын екшейтінін айтып сырғытпа жауап беріп келе жатыр.

Бұл туралы 22 қарашада Азаттықтың Тәжік қызметіне берген жауабында Тәжікстан экономика және сауда министрлігі ЕАЭО-ға мүше болу үшін одаққа кейіннен қабылданған Қырғызстан мен Армения тәжірибесі зерттеліп жатқанын айтқан.

Тәжік сарапшысы Зафар Абдуллаев Ресей «өз мүддесін оқиға тәрізді» көрсеткісі келеді деп бағалайды. Сарапшы Азаттықтың Тәжік қызметіне берген сұхбатында Мәскеу Лавров арқылы Тәжікстанға одаққа ену процессін тездету сигналын беріп отыр дейді.

Зафар Абдуллаев, сарапшы

​ - Мәскеу Тәжікстан тәрізді әлсіз экономиканы өз бақылауына алғысы келеді. Өйткені Ресей Қытай және басқа да бәсекелестерінің Тәжікстан экономикасына бөліп жатқан инвестициясын жақтыртпайды. Осы одаққа елді тарту арқылы бәсекелестерінің инвестициясын құртуды қалайды. Мәскеу мұндайда қысымның барлық түрін, саяси және «жұмсақ күштерді» де қолдануға барын салып отыр, - дейді ол.

Зафар Абдуллаевтың айтуынша, Ресей зерттеу мекемелерінің қаржыландыруымен бір топ тәжік сарапшылардың басын біріктіретін Душанбеде «Еуразиялық даму» орталықазиялық эксперттер клубы құрылған. Ресейдің Тәжікстандағы елшілігінің қолдауымен осы клуб жиі-жиі жиын өткізіп тұрады. Сол жиындарда Тәжікстанның ЕАЭО-ға қосылуынан қандай пайда көретіндігі жайлы көбірек айтылады. Бұл клуб ЕАЭО құрылған 2014 жылы ашылған.

Соңғы кезде Тәжікстан экономикасын қаржыландыруға Қытаймен қоса Сауд Арабиясы назар аудара бастаған. Оның үстіне Душанбеге соңғы айда Тегераннан да делегациялар жиі келіп, солғын тарта бастаған тәжік-иран қатынасын жандандыру қадамы байқалған. Алайда Ресей өзін Тәжікстандағы жетекші инвестор ретінде таниды.

АҚСАҢДАҒАН ҰЙЫМ ЖӘНЕ ӘЛСІЗ ЭКОНОМИКА

Сарапшы Зафар Абдуллаев соңғы кездегі қазақ-қырғыз шекарасындағы жағдайға меңзеп, ЕАЭО-ның одақ мүшелері арасында саяси дау туындағанда мәселені шешуге қауқарсыз екенін айтады.

- Бұл одақ та мүшелері елемейтін ТМД -ның кебін құшқан өлі ұйым болды, - дейді ол.

Сарапшылардың кейбірі Тәжікстан ЕАЭО-ға мүше болса, Ресейде жүрген саны бір миллион деп шамаланатын тәжік мигранттарының құқы Ресей азаматтарының жұмыс істеу құқығымен теңесетінін айтады. Сондықтан тәжік мигранттары елінің осы ұйымға мүше болуына мүдделі. Алайда есептеулерге қарағанда, ондай жағдайда Тәжікстан бюджетінің шамамен 30 пайызынан айрылуы мүмкін.

Әзімбай Ғали, саясаттанушы.

Қазақстандық саясаттанушы Әзімбай Ғалидың айтуынша, елдегі жұмыссыздық Тәжікстан азаматтарының Ресейге барып жұмыс істеуіне итермелеп отыр.

- Тәжікстан мен Ресей одақтас болса да, болмаса да мигранттар тасқыны тыйылмайтыны анық. Көп жағдайда мигранттар Ресейге заңсыз барып, әртүрлі проблемаларға тап болады. Тәжікстан егер ЕАЭО-ға мүшелікке өтсе, Ресейге қатынау жеңілдейтіні сөзсіз, - дейді Азаттыққа сарапшы.

Ресей президенті Владимир Путиннің биыл ақпан айындағы Душанбеге сапарынан кейін Ресейде жүрген тәжік мигранттарына бір айдың ішінде тіркелуге рұқсат берілген болатын.

«Ресей ресми өкілдерінің оқтын-оқтын Тәжікстанның алдағы уақытта осы одаққа мүше болатыны жайлы айтуы нені аңғартады?» деген сауалға Әзімбай Ғали былай деп жауап берді:

- Ресей өзінің одақтастарының саны көбейтуге мүдделі. Шын мәнінде Мәскеу өзіне тәуелді мемлекеттердіҢ көп болғанын қалайды. Осы ретте экономикасы әлсіз Тәжікстанның одаққа қосылғаннан басқа амалы жоқ. Менің пайымдауымша, қазіргі ахуалға қарағанда Тәжікстанның ЕАЭО-ға қосылуы ұзаққа созылмайды, - дейді саясаттанушы.

Қазақстандық тағы бір саясаттанушы Толғанай Үмбетәлиева Тәжікстан ЕАЭО-ға қосылады дегенге күманмен қарайды.

- Тәжікстан бұл одаққа кәдімгідей қызығып отырған жоқ. Әне-міне қызығушылығы оянуы да неғайбіл, - дейді.

Ол бұл арада Өзбекстанның Орталық Азиядағы интеграцияға жасаған қадамы Ресейді алаңдатып отыр деп санайды.

Толғанай Үмбетәлиева, саясаттанушы.

- Бұл - Өзбекстаннан тараған импульс пен өзгерісті постсоветтік кеңістіктегі, сондай-ақ Орталық Азия аймағындағы өз мүддесіне қайшы деп есептейтін Ресейді едәуір алаңдатады, - дейді сарапшы Азаттыққа.

Толғанай Үмбетәлиева Ресейдің ЕАЭО құрамына бұрынғы СССР елдерін тартып жатқанына назар аударған.

- Шын мәнісінде одақ жұмысына жаңадан қатысатындар үшін де және одақтың өзі үшін де экономикалық тиімділік мәселесі қарастырылып жатқан жоқ. Оның сыртында одақтың өз ішінде де шешілмеген проблемалар өте көп, - дейді саясаттанушы Азаттыққа.

Оның айтуынша, Ресей, Беларуссия және Қазақстан арасындағы мәселелерді айтпаған күннің өзінде Армения мен Қырғызстан әлі интеграцияланып біткен жоқ. Осы жағдайда одаққа экономикалық жағынан әлсіз елдерді қосатын болса, проблемалар тек қордалана беретін болады.

ЕАЭО-ны құру келісіміне 2014 жылы Ресей, Қазақстан және Беларуссия басшылары қол қойып, одақ 2015 жылы өз жұмысын бастаған. Кейіннен одаққа Армения мен Қырғызстан қосылған. Алайда одаққа мүше Минск-Мәскеу, Астана-Бішкек арасында келіспеушіліктер байқалған. Ал Ресей Қырымды аннексиялап алуына байланысты Батыстың санкциясына ұшыраған.