Тәжік имамдары көп ұзамай жұма күнгі уағыздарын ресми билік бекітіп берген тақырыптар бойынша жүргізбекші. Алайда, сын айтушылар бұл – мемлекеттің кейбір тәуелсіз имамдарды бақылауда ұстау үшін жасаған соңғы амалы, бұлайша мешіттегі уағыздарға араласу сорақы іс деп бағалайды.
Шенеуніктер Дін істері жөніндегі комитет түзіп шыққан тақырыптар адамгершілік пен моральдық құндылықтарды қамтиды дейді. Ұзақ уақыт бойы діни салаға ықпал етуге тырысқан тәжік билігі мұны енді жаңа стратегия ретінде пайдаланбақ.
ЭКСТРЕМИЗМ МЕН ТЕРРОРИЗМНЕН «ҚАУІПТЕНУ»
Елдің Дін істері жөніндегі комитеті мемлекет қолдауындағы Ислам консулымен бірлесе отырып, мешіттерде жүргізілетін 60-қа жуық уағыздың ьақырыптарын дайындап қойғанын және оны жақын арада елдегі бүкіл имамдарға тарататынын жеткізді.
Алайда сын тағушылар, әсіресе, Ислам қайта өрлеу партиясының белсенділері бұл шешімді айыптап, осы арқылы мемлекет имамдардың діни сенім ұстанатын адамдарға, соның ішінде жастарға ықпалын етуін азайтуға ұмтылып отыр деп ескертті.
Мемлекеттің бұл әрекеті қоғамда Ислам құндылықтарын дәріптеуге және экстремизм мен терроризм қаупін азайтуға септігін тигізеді.
Дін істері жөніндегі комитет төрағасының орынбасары Мухтор Мавлонов бұған қарсы пікір ұстанады. Ол: «Мемлекеттің бұл әрекеті қоғамда Ислам құндылықтарын дәріптеуге және экстремизм мен терроризм қаупін азайтуға септігін тигізеді», - деген уәж айтады.
Бұған қоса, Мавлонов аталған уағыздар негізінен ата-ананы сыйлау, баланы қалай тәрбиелеу керек, көршіге деген құрмет сияқты тақырыптарға арналған деп толықтырды.
Аталған тізім имамдардың қолына осы айда тиеді. Діни қызметкерлерге уағызды аталмыш тақырыптар бойынша жүргізуге тапсырма беріліп қойған.
«СЫРТТАН ТАҢЫЛҒАН УАҒЫЗ ҚАЖЕТ ЕМЕС»
Ал Душанбедегі орталық мешітің бас имамы Хамидулло Рахимзода бұған қарсы пікірде. Ол: «Бізге сырттан таңылған уағыз қажет емес, өзіміз оқитын уағыздарда біз онсыз да моральдық құндылықтарды сөз етеміз. Себебі Ислам дінінің өзі көркем мінез-құлық пен өнегені насихаттайды» дейді.
Тәжікстан мешіттерінде құтпа уағызы жұма күні оқылатын намаздың алдында айтылады. Уағыз шамамен бір сағатқа созылады. Соңғы жылдары кең тараған мұндай уағыздар мыңдаған адамдарды дінге тартуға сеп болған.
Қай уағызда қандай тақырып қозғау керек екенін ешкімнен сұрамаймын.
Мәселен, Душанбедегі Қазоқон мешітінің имамы Мулло Абдурахим «Жұма күні мешітке келетін жамағаттың қарасы басқа күндердегіден әлдеқайда көп, оның себебі халық негізінен уағыз тыңдауға бола келеді. Қай уағызда қандай тақырып қозғау керек екенін ешкімнен сұрамаймын. Мешітке, уағызымды тыңдауға келіп жататын халықтың көптігіне қарап, уағыздарымның жамағаттың сұранысына жауап беретінін көріп отырмын» дегенді айтады.
Мешіттегі уағыздар көп жағдайда сұрақ-жауап түрінде өрбиді. Халық имамдардан отбасылық қатынастар, мұрагерлік сияқты түрлі мәселелерді қалай шешуге болатыны жайында кеңестер сұрайды.
Душанбеден қашық Вахдат ауданындағы Туркобод мешітінің имамы Эшони Нуриддин мен оңтүстік Куляб аймағының имамы Ходжи Мирзо жүргізетін уағыздар қазір елге кең таралып кеткен. Жұрт олардың айтқан уағыздарын жазып алып, DVD, CD дискілері арқылы жамағатттың қатарын көбейте түседі.
Алайда, діни және этикалық мәселеден кейде саяси тақырыпқа ойысып кететін де имамдар бар. Олар мемлекеттің саясатын, әсіресе, дінге қатысты мектептер мен жұмыс орындарында хиджаб киюге тыйым салуды ашық түрде сынап жүр.
«БИЛІК СЫН АЙТУ ҮРДІСІН ҚАЛАМАЙДЫ»
Ал Душанбедегі Диалог орталығының сарапшысы Хикматулло Сайфуллозода: «Билік басындағылар өздерін сынайтындардың күш алып кетуін қаламайды», - дейді.
- Халық компакт-дискде жазылған уағыздарды жақсы тыңдайды. Бұндай дискілерді жазып, тарататындар имамдар емес, керісінше, Эшони Нуриддин, Ходжи Мирзо және басқа да танымал имамдардың уағыздарын жақсы көретін қарапайым адамдар. Мұндай өнімдерге сұраныс өте күшті. Ал билік жоғарыда аталған имамдардың халықты артынан ертіп әкетуіне мүдделі емес, - деп толықтырды сөзін ол.
Тәжік билігіне көптен бері діни және ислам институттарына қысым көрсетіп келеді деген сын айтылып жүр. Душанбеде соңғы апталарда лицензияларының уақыты бітті деген себеппен Испешак пен Қазоқонды қосқанда барлығы 10 мешітті жауып тастаған. Алайда, Испешак мешітінің имамы Мулло Давлат Мирзоев билік ұзақ уақыт бойына өзінің мешітті ресми тіркеуден өткізу туралы өтінішін қабылдамай келгенін айтады.
Билік есімі танымал имамдардың халықты артынан ертіп әкетуіне мүдделі емес.
Елде мектептер мен жұмыс орындарында әйелдердің хиджаб киюіне тыйым салынған. Ерлердің сақал қоюына және тақия киіп жүруіне де теріс көзқарас бар. Бірақ, тәжік үкіметі азаматтарының дін ұстану бостандығына ие екенін айтып, өзіне тағылатын сынды жоққа шығарады.
Бұдан біраз бұрын ел президенті Эмомали Рахмонов шет мемлекеттердің діни оқу орындарында оқып жатқан студенттер терроризм мен экстремизмді таратушылардың қолына түсіп қалуы мүмкін деген қауіп айтқан. Кейін тәжік билігі шетелдік медреселерде оқып жатқан 1500-дей студентті елге қайтарған болатын.
Тәжікстаның білім министрлігі мен дін істері жөніндегі комитеті қайтарылған студенттер енді алған діни білімдері бойынша елде сынақ тапсырып, нәтижесіне қарай мемлекеттік тіркеуден өткен медреселер мен ислам университеттеріне орналасатынын айтады.
Жалпы, Тәжікстанда барлығы 300-ге жуық үлкен мешіт пен 27 қалалық орталық мешіт бар.