Тәжікстанда жасқа толған сәби - Мудассирдің денесіне 10 инені кімнің тыққаны белгілі болды. Баланың денсаулығына ауыр зақым келтірді деген күдікпен оның анасы - Рудаки ауданы Сарикишти ауылының 26 жастағы тұрғыны ұсталды.
7 шілде күні Тәжікстанның ішкі істер министрлігі "Ресейде жүрген 30 жастағы күйеуіін қайтару үшін күдікті әйел 10 инені бір жасар ұлының денесіне әдейілеп тыққан. Сот-медициналық сараптама нәтижесіне сәйкес, сәбидің денсаулығына ауыр зақым келіп, ауруханаға түскен" деп хабарлады.
Күдікті әйелдің үстінен Тәжікстан қылмыстық кодексінің бірінші бөлімі 110 бабы ("Денсаулыққа ауыр зақым келтіру") бойынша қылмыстық іс қозғалған.
Өткен аптада Душанбедегі Ұлттық медициналық орталық (Караболо) дәрігерлері бір жасар сәбидің денесінен 10 ине тапқан және инелерді "баланың өзі жұтуы мүмкін емес" деп мәлімдеген.
Рентгенге түсіріп тексерген кезде баланың бас сүйегінен, мұрнының астыңғы жағынан, аяқтарынан, мойнынан, кеуде қуысынан және денесінің өзге де тұстарынан инелер табылған. Кей инелер терінің астына терең еніп кеткен, сондықтан дәрігерлер бірінші операция кезінде тек алтауын ғана шығарған, ал төрт ине әзірше сәбидің денесінде қалған.
Ұлттық медициналық орталықтың балалар хирургиясы бөлімі дәрігерлерінің сөзінше, маусымның 28-і күні туыстары әкелген Мудассир Каримовті дереу аурухана жатқызған. Дәрігерлердің айтуынша, инелердің сәби денесіне қадалып жүргеніне кем дегенде үш ай болған.
3 шілде күні балалар хирургиясы бөлімшесінің меңгерушісі Шухрат Чориев Азаттықтың Тәжік қызметі тілшілеріне "Бүгін алғашқы операцияны жасап, баланың денесінен алты инені суырып алдық. Операция тым ұзаққа созылып кетеді деген қауіппен бас сүйегі мен қарнындағы инелерді әзірше алмауды ұйғардық. Бірден бәрін алатын болсақ, сәбиге ауыр болатынын өздеріңіз де түсінесіздер ғой" деген болатын.
Дәрігерлердің айтуынша, егер инелерді баланың өзі жұтып қойса, олар ішкі органдарын зақымдап, асқазан-ішек жолдарында тұрып қалар еді.
Мудассир Каримов – Рудаки ауданының Сарикишти ауылында тұратын отбасыдағы екінші бала. Сәбидің әкесі - еңбек миграциясында, анасы - үй шаруасындағы әйел.
Сәбидің әжесі Махфират Хасанова Азаттық тілшілеріне "Кей инелерді бір ай бұрын байқадық. Баланы емізе бастағанда шешесі қызыл иегінен ине көріп қалды" дейді.
Балаға операция жасаған дәрігерлер "мұндай жағдайды бірінші рет көріп отырмыз" дейді. Шухрат Чориевтің сөзінше, екеуі тігін машинасының инесі, ал екеуі не екені түсініксіз үшкір темір болып шыққан. "Тағы екеуі кәдімгі ине екен. Баланың денесінде жүргеніне біраз уақыт болған, өйткені инелерді тот басып кетіпті" дейді ол.
Былтыр Өзбекстанда да осыған ұқсас оқиға болған. Қылмыстық іс қозғалып, тергеу материалдары сотқа жолданған. Өзбекстандық дәрігерлер 11 айлық баланың денесінен 16 ине тапқан.
(Азаттықтың Тәжік қызметінің материалы орысшадан аударылды)