Қытай тәліптерден не күтеді?

"Талибанның" негізін қалаушылардың бірі Молла Абдул Ғани Барадар мен Қытай сыртқы істер министрі Ван И Тяньцзиньдегі кездесу кезінде. Шілде 2021 жыл.

Ауғанстанда "Талибан" қозғалысы билікке келген соң, Қытай жаңа геосаяси жағдайға, Орталық және Оңтүстік Азияға төнген қауіптің жаңа кезеңіне дайындалып жатыр.

"Талибан" қозғалысы Батыс әскері толық кетпей жатып Ауғанстанды басып алды. Ал Қытай Кабулдағы жаңа билікпен істес болуға дайындалып, жаңа мүмкіндіктермен қатар қауіп-қатермен де бетпе-бет келді.

Тәліптер Ауғанстан астанасы Кабулды бақылауға алған соң, бірнеше сағаттың ішінде Қытай сыртқы істер министрлігі Пекиннің Ауғанстанмен "достық әріптестікке" дайын екенін, соғыс жайлаған елдің қалпына келуінде "конструктивті рөл" атқаруға ниетті екенін мәлімдеді.

"Ауғанстанның егемендігіне және елдегі топтардың бәріне құрметпен қарай отырып, Қытай "Талибанмен" байланысты қолдайды және ауған мәселесін саяси реттеуге атсалысуда конструктивті рөл атқарады" деді министрлік өкілі Хуа Чуньин 16 тамызда.

Пекин Батыс күштерінің Кабул әуежайындағы бейберекет эвакуациясын да өз пайдасына жаратпақ болды. Қытайдың пропагандашыл мемлекеттік басылымдары бұл жағдайды АҚШ-тың құлдырап жатыр, Батысқа сенуге болмайды деген пікірді қалыптастыру үшін пайдаланып жатыр.

Бірақ тәліптерге бірден дипломатиялық қадам жасаған және АҚШ-ты Ауғанстандағы бейберекет үшін айыптаған Қытай шын мәнінде Ауғанстанмен қарым-қатынасын қалай түзетіні жөнінде екіұдай күйде отыр. Өйткені тәліптердің билікке келуі Оңтүстік және Орталық Азия геосаяси картасында жаңа қауіптердің пайда болуына әкелді.

ПЕКИННІҢ МҮДДЕСІ

Қытай мен Ауғанстанның шекарасы 76 шақырым ғана. Пекин осы күнге дейін көршісіне қатысты жайбарақат ұстанымда болды. Бірақ АҚШ әскерінің елден кетуі және Ауғанстан үкіметінің құлауы жағдайды өзгертуі мүмкін. Қытай Ауғанстан алдағы уақытта да бұрынғы міндеттерін орындай береді деп үміттенеді.

Пекиннің Ауғанстанның табиғи байлықтарына қатысты экономикалық мүддесі бар. Бірақ Қытайдың негізгі мүддесі – Ауғанстандағы шиеленістің басқа елдерге тарап кетуіне жол бермеу.

Бұл проблемалардың ішінде аймақтағы тұрақсыздықты тоқтату, Ауғанстанды лаңкес топтардың, әсіресе, ұйғыр экстремистерінің панасына айналдырмау басты назарда тұр.

Қытай мен тәліптер қарым-қатынасының сынағы "Талибанның" Шығыс Түркістан ислам қозғалысына қатысты ұстанымы болмақ. Пекин бұл қозғалысты Шыңжаңдағы тәртіпсіздікке кінәлі санайды және тәліптердің оған тыйым салуын күтеді.

Сарапшылар ұйғыр топтарынан төнген қауіптің әсіреленгенін айтқанымен, Қытай оларды үлкен қауіп көреді. Осы қауіпті Қытай коммунистік партиясы Шыңжаңдағы миллионнан аса мұсылман топтардың қамалуына әкелген саясатын ақтау үшін пайдаланып отыр. Пекиннің қуғынына ұшырағандар арасында қазақтар, ұйғырлар және өзге мұсылман ұлттар бар.

Тәліптер ұйғыр топтардан алыстады. Дегенмен Үндістан, Ресей, АҚШ сияқты ірі державалар "Талибан" қозғалысының Ауғанстанды лаңкестік топтардың базасына айналдырмауын бақылайды.

Ал нақты мақсат көздеген Қытай Ауғанстанға ағылып келуді жоспарлап отырған жоқ. Пекин Ауғанстанды қаупі жоғары орта көреді және ол жерде мүмкіндік қуалағаннан гөрі сол қауіптің бетін қайтаруды көздейді.

ҚЫТАЙ-ТАЛИБАН ҚАРЫМ-ҚАТЫНАСЫ

Қытай сыртқы істер министрі Ван И "Талибан" басшылығын қабылдап, Пекин жаңа кезеңнің негізін қалады.

Қытай мен "Талибан" 2014 жылы байланыс орната бастады. Оған Пекиннің тәліптердің басты қамқоршысы Пәкістанмен одақтас болуы ішінара әсер етті. Олар бір-біріне толық сенбесе де, ортақ мүддені таба білді.

Қытайдың Ауғанстандағы саяси фракциялардың ешбіріне іші жылымайды. Ашраф Ғани үкіметі құламай тұрып, Қытай Кабулмен жақсы қарым-қатынаста болды, Пекиннің сұрауымен үкімет ұйғыр содырларын аңдуға септесті.

Қытай сарбаздары Ауғанстан шекарасына жақын жердегі мұздықта күзетте жүр. Архив суреті.

"Талибан" Қытайдың Ауғанстандағы мүддесін қорғай отырып, Пекинмен прагматикалық әріптестігінің жемісін көре алады.

Егер "Талибан" Батыс қолдауына ие болған үкіметке қарағанда өзінің сенімдірек әріптес бола алатынын дәлелдесе, Пекин саяси және экономикалық мүддесін артқа тастап, оларға Ауғанстанның жаңа үкімет ретінде халықаралық қолдауға жетуіне көмектесуі мүмкін.

АУҒАНСТАНДА НЕ БАР?

Ауғанстанда электроникадан бастап, спутниктер мен ұшақ жасауға дейінгі өндірісте пайдалануға болатын, триллиондаған долларға бағаланған сирек табиғи металдар бар.

Қытай мемлекеттік металлургия корпорациясы 2008 жылы Кабулдың оңтүстігінде орналасқан мыс орны – Мес Айнакты игеруге 30 жылға келісім жасады. Ал Қытай ұлттық мұнай корпорациясы солтүстіктегі мұнай орнына тендер алды. Дегенмен, бұл жобалар қауіпсіздік проблемалары кесірінен тоқтап қалды. "Талибан" Кабулды басып алғаннан кейін саяси жағдайдың тұрақсыздығы арта береді.

Ауғанстанның Логар уәлаятындағы "Мес Айнак" кен орнындағы қытай ғимараттары. Архивтен.

Қытай Ауғанстанның табиғи ресурстарын пайдаланғысы келеді. Сондай-ақ "Бір белдеу – бір жол" жобасы арқылы экономикалық ықпалын арттыруды да көздейді. Қауіпсіздік проблемалары туындағандықтан, бұл мақсатқа қашан қол жеткізетіні белгісіз.

ҚЫТАЙ НЕ ІСТЕЙДІ?

"Талибан" Қытаймен әріптестік орнатуға дайын екенін мәлімдеді. Дегенмен, олардың жеңіске жетуі Ауғанстанда да, аймақта да тұрақсыздық жалғаса беретінін, босқындар көрші елдерге ағылып, Орталық және Оңтүстік Азияда терроризм қаупі туатынын білдіреді.

Пекин Қазақстан, Қырғызстан, Пәкістан, Тәжікстанды қамтитын "Бір белдеу – бір жол" инфрақұрылым жобасына Ауғанстанды қосуға әлі де күмәнмен қарайды. Инвестиция мен инфрақұрылым жобалары арқылы ықпалын жүргізетін Қытай қауіпсіздік вакуумына Ауғанстанды кіргізу кең ауқымды мақсаттарға жетуге кедергі келтіреді деп алаңдайды.

Кейінгі кездері "Бір белдеу – бір жолдың" негізгі орталығы саналатын Пәкістанда Қытай қызметкерлері қуғынға түсті. 14 шілдеде Пәкістанда Қытай жұмысшылары отырған автобус жарылып, 13 адам мерт болды. Оның тоғызы Қытай азаматы болатын.

28 шілдеде Карачиде қытай жұмысшыларына тағы да шабуыл жасалды.

Әзірге Қытай Ауғанстанда қандай үкімет болатынын күтіп отырады, "Талибан" елдегі билігін нығайта береді.

Осыған дейін Пекин өз мүддесіне қажет негізді қалыптастырды, бірақ Ауғанстандағы жағдайдың тұрақсыз екенін ескерсек, Қытайға әлі де күтуге тура келеді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ АҚШ әскерінің кетуі Қытайдың Ауғанстандағы саясатына қалай әсер етеді?