Таразда тұтқын ішіне шеге сұғып, түрмедегі жағдайға шағымданды

Қазақстандағы түрмелердің бірі. Көрнекі сурет.

Қазақстандағы түрмелердің бірі. Көрнекі сурет.

Жамбыл облысы Тараз қаласындағы N58 түзеу мекемесінде жазасын өтеп жатқан бірнеше сотталушы түрмедегі жағдайға шағымданып, президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан көмек сұрады. Түрме ішінде түсірілген видеоны Азаттыққа олардың туыстары жіберді. Сотталушылар мекеме басшынысының есімін атап, қысым көрсетілетінін айтады. Тәуелсіз тексеріс жіберуді сұрайды.

– Бізге келіп, қоқан-лоқы жасап, ар-намысымызды қорлап, ар-намысқа тиетін балағат сөз айтып, осындай жағдайға мәжбүрлеп отыр. Таңертең келіп, жеп отырған тамағымызды жерге тастап, шашып, бізді қорлап, мазақ қылды, – дейді сотталушы Нұргелді Өмірзақов.

Өмірзақовтың айтуынша, ол «Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру» бабымен 4 жыл 8 айға бас бостандығынан айырылып, жазасын өтеп жатыр.

Өмірзақов түрме басшысы Руслан Жапаров «Сендердің қолдарыңнан не келеді, сотталып кеткенсіңдер, ештеңе істей алмайсыңдар» деп қоқан-лоқы көрсететінін айтады.

– Душ жоқ, душқа шықпағалы екі апта болды. Сасып отырмыз мына жерде, – дейді тағы бір видеода сөйлейтін сотталушы Шыңғыс Беделбаев. Оның сөзінше, шағым бойынша тергеу тобы келгенде мекеме басшылығы қысым жасалмайды деп уәде беріп, кейін қайтадан қыспаққа алған.

Сотталушылардың айтуына қарағанда, түрме басшылығы видео түсірілген күні жазылған шағымдарын қайтарып алдырған. Қорыққанымыздан «арыз-шағымым жоқ» деп, видеоға сөйлеп беруге мәжбүр болдық дейді.

Азаттыққа түскен бірнеше видеода жазасын өтеп жатқан азаматтардың кейбірі наразылық ретінде қолын тілгенін айтып, жарақатын көрсетеді. Тағы бір сотталушы видеоға түсіріп тұрып, ішіне шеге тәрізді ұзындығы 10 сантиметр темірді кітаппен ұрып, кіргізеді.

Видеода сөйлеген сотталушылардың сөзінше, олар қарақшылық, кісі өлтіру, денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру сынды баптар бойынша жазасын өтеп жатыр. Олар «өміріме әлдеқандай қауіп төнсе, оны түрме әкімшілігінен көріңіз» деген пікірді де жиі қайталаған.

Азаттық N58 түзеу мекемесінің бастығы Руслан Жапаровтың жеке телефонына хабарласты, ол тұтқаны көтермеді.

Жамбыл облыстық Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті бір сотталушы бойынша ғана жауап берді. Ол ішіне шеге сұққан адам туралы, әлде өзге сотталушы жайлы ма, нақтылаған жоқ.

– Жазаны өтеу режимін бірнеше рет бұзуына байланысты бұл сотталған азамат ұстаудың қатаң шартына орналастырылды. Мекемеге облыс прокуратурасының жауапты қызметкері барды. Аталған сотталған азаматты жеке қабылдау барысында материалдық-тұрмыстық жағдай бойынша өтініш алынды. Азаптау бөлігінде өтініш түскен жоқ, – деп жауап берді департамент.

Ресми жауапты өзіне жарақат салған сотталушыға медициналық көмек көрсетілгені, денсаулық жағдайы қанағаттанарлық екені жазылған. Бейнежазба фактісі бойынша қызметтік тексеру басталған.

Қазақстан ішкі істер министрлігі қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің 2024 жылғы дерегінше, елдің түкпір-түкпіріндегі жиыны 78 мекемеде 37 706 адам қамауда отыр. Оның 3 мыңға жуығы әйел. Қамаудағылардың 30 мыңы мекемелерде, 7 мыңнан астамы тергеу изоляторында отыр.