Тбилиси орталығында полиция наразы жұртқа су шашты

Грузия парламентінің алдына наразылық танытып келген адамдарға полиция су шашып жатыр. Тбилиси, 1 желтоқсан, 2024 жыл.

Грузияда полиция Тбилиси орталығындағы парламент ғимаратының алдына жиналған наразы жұртқа су шашатын арнайы құрал қолданды. Оқиға болған жерден түсірілген видеолар әлеуметтік желіде тарады. Ішкі істер министрлігінің қызметкерлері парламент аумағынан наразыларға тас лақтырды деп хабарлады "Эхо Кавказа" сайты.

Грузия үкіметінің Еуроодаққа қосылу үрдісін тоқтата тұру туралы шешіміне наразы болғандар Тбилиси орталығындағы Руставели және Костава даңғылын жауып тастады.

Полиция резеңке оқ қолданған болуы мүмкін. Мұндай сәт Азаттықтың Грузин қызметі түсірген видеолардан байқалады.

Тбилисиден басқа, Батуми, Кутаиси, Поти және басқа да ірі қалаларда жұрт наразылық білдіріп жатыр. Олар даулы парламент сайлауы қайта өтсін, жаңадан құрылған үкімет қызметтен кетсін деген талап қойды. Грузия үкіметі 28 қарашада Еуроодаққа қосылу туралы келіссөзді 4 жыл мерзімге тоқтата тұруды ұйғарғанын хабарлаған. Бұл жаңалық Еуропарламент осы елдегі парламент сайлауы қорытындысын мойындамау туралы қарар қабылдағаннан кейін көпшілікке айтылды.

Наразылықтарды қолдаған ел президенті Саломе Зурабишвилидің резиденциясында оппозиция мен азаматтық сектордың консультациясы өтті. Кейін ол Еуроодақ басшылығымен байланысқа шықты.

Зурабишвили "Конституциялық сотқа қысым жасауды" жоспарлап отырғанын айтты. Ол бұған дейін 26 қазандағы парламент сайлауының ресми қорытындысының күшін жою туралы арыз берген. Зурабишвили сайлауды қайта өткізу керек деп біледі.

Ал Грузия премьер-министрі Ираклий Кобахидзе жаңадан сайлау өткізу мәселесі қарастырылмайды деп мәлімдеді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Грузиядағы наразылық: Зурабишвили заңды парламент сайланғанға дейін қызметте қала беретінін мәлімдеді