Тбилисиде полиция наразыларды парламент маңынан қуды. Ұсталғандар 400-ге жетті

Тбилисидегі наразылық.

Тбилисиде полиция Еуроодақпен келіссөзді тоқтату туралы шешімге қарсы демонстранттарды тағы күшпен таратты.

Жұма күні кешке мыңдаған наразы алдыңғы күндердегідей парламент маңына жиналды. Наразылар парламент пен полиция жаққа қарай бірнеше отшашу жіберді.

Бұдан кейін Грузия ІІМ мәлімдеме жариялап, наразылықтағы "күш көрсететін топтарды" заңсыз әрекет жасады деп айыптады. ІІМ отшашудан бір полицей жараланғанын айтып, шара қолданамыз деп ескертті.

Митингіні тарату жарым түнде басталды: полиция демонстранттарды әуелі парламент ғимаратынан тықсырды, ізінше қала орталығынан мүлде қуып тастады. Жағалауда наразыларға белгісіз қарулы топ шабуыл жасаған. Полиция наразыларға қарсы жас ағызатын газ қолданып, су шашты, жолшыбай кейбірін ұстады.

Ақпарат құралдарының жазуынша, кемінде 20 адам ұсталған, арасында оппозиция жетекшілерінің бірі Цотне Коберидзе де бар. Кейін оны босатқан. Ол ұстау кезінде өзін ұрып-соққанын айтты.

Саясаткер Леван Иоселиани акция бейбіт басталғанын айтып, полицияның наразыларға күш қолдануына құқықтық негіз болмағанын мәлімдеді.

"Еркіндік пен еуропалық болашақ үшін күресіп жатқанына тоғыз күн болған грузин халқын қатыгез террор мен репрессия қарсы алды. Адам құқығын өрескел бұзу болып жатыр - адам ұрлау, ұрып-соғу, заңсыз тінту мен қамаулар тыйылған жоқ" деп жазды Грузияның президенті Саломе Зурабишвили.

Наразылық акциясы Батумиде де өтті. Оны полиция таратпаған.

Еуроодақпен келіссөзді тоқтату туралы шешімге наразылар ұсталғандарды босатып, парламент сайлауын қайта өткізуді де талап етіп отыр. Transparency International ұйымының Грузиядағы бөлімшесінің есебінше, наразылық кезінде 400-ге жуық адам ұсталған. Оларға қарсы 26 қылмыстық іс қозғалған: топ болып күш көрсету, бұзақылық, жарылыс дайындау, қала мүлкін бүлдіру, полицияға шабуылдау баптары бойынша айып тағылған. Ұсталғандар арасында шетел азаматтары да бар.

8 адам тергеу изоляторына екі айға қамалған. Оларға 7-8 жыл түрме жазасы қаупі төніп тұр. Қалғандарына әкімшілік баптармен хаттама толтырылған. Оларға 3 мың лари (мың доллардан астам) көлемінде айыппұл салынады немесе 14 күнге дейін қамайды. Transparency International мәліметінше, ұсталғандардың жасы – 15-60 аралығында, арасында әйелдер мен балалар да бар. 80-нен астамы ауруханаға жатқызылған. Полицейлердің ешқайсысы жауапқа тартылған жоқ.

  • 28 қарашада Грузияның премьер-министрі, "Грузин арманы" партиясының жетекшісі Ираклий Кобахидзе Еуроодақпен келіссөзді тоқтататынын мәлімдеп, 2028 жылға дейін оның гранттарынан да қол үзетінін айтқан. Дегенмен премьер мемлекет өзінің мақсаттарына адал қалатынын алға тартып, Грузия 2030 жылға қарай ЕО-ға қосылуға дайын болады деді. Оппозиция мен жақтастары "басқарушы партия осылайша Еуроодаққа бағытынан тайып, Грузияны Ресейдің ықпал ету аймағына қайтаруға тырысып жатыр" деп санайды.
  • ЕО және НАТО-мен интеграция Грузия Конституциясында жазылған.