Темірлан Еңсебекке 5 жыл бас бостандығын шектеу жазасы кесілді

Qaznews24 авторы Темірлан Еңсебек (экранда) және прокурор Дидар Қабаев. Алматы, 9 сәуір, 2025 жыл.

Qaznews24 авторы Темірлан Еңсебек (экранда) және прокурор Дидар Қабаев. Алматы, 9 сәуір, 2025 жыл.

Алматының Наурызбай аудандық соты Qaznews24 сатиралық паблигінің авторы Темірлан Еңсебекті "араздық қоздыру" бабы бойынша кінәлі деп тауып, оған бес жыл бас бостандығын шектеу жазасын кесті.

ЖУРНАЛИСТИКАМЕН АЙНАЛЫСУҒА ТЫЙЫМ

Бір күн ішінде куәлер сөйлеп, жарыссөз өтті, содан соң үкім де шығарылды. Сот Еңсебектің қоғамдық жұмыспен, соның ішінде журналистикамен айналысуына, митингіге қатысып, сұхбат беруіне тыйым салды. Бұған қоса сот Темірлан Еңсебектің телефоны мен ноутбугын тәркілеп, одан сот шығындарын қайтаруға үкім етті. Одан бөлек Еңсебек 20 айлық есептік көрсеткіш көлемінде (70 мың теңгедей) айыппұл төлеуі тиіс.

Прокурор сотталушының айыбы толық дәлелденді деді. Айыптау актісі бойынша Темірлан Еңсебек "адамзаттың бейбітшілігі мен қауіпсіздігіне қатер төндіретін ауыр қылмысты қасақана жасаған".

"Ашық процесс" болады деп жұртқа хабарланған сот процесінде Темірлан Еңсебектің ісін судья Бейнегүл Қайсина қарады.

Қылмыстық кодекстің "Араздық қоздыру" бабы бойынша айып тағылған Темірлан Еңсебек сот процесіне Алматының тергеу абақтысынан видеобайланыс арқылы қосылды.

Процесс басталған күні сотталушы өзін сот залына алып келуді сұраған. Бұған қоса адвокаты Жанар Балғабаева судьядан процеске сыртта кіре алмай қалған адамдарды да қатыстыруды өтінген. Бірақ судья екі өтінішті де қанағаттандырмады. Еңсебек үкімді онлайн режимде тыңдады.

Your browser doesn’t support HTML5

"Йоу, орыстар", қолдау мен айыптау. Темірлан Еңсебек ісінің мән-жайы

БЕЙӘДЕП СӨЗДЕРДЕН ҚҰРАЛҒАН ӘН

Прокурор Дидар Қабаев оқыған айыптау актісінде Темірлан Еңсебек Qaznews24 паблигінің әкімшісі бола отырып, 2024 жылғы 21 қаңтарда өзі жүргізетін пабликте "орыс азаматтарының ар-намысын қорлайтын" трек жариялаған. Еңсебек "Йоу, орыстар" деген бейәдеп сөздерден тұратын әнді ресейлік тележүргізуші Тина Канделаки туралы постына қосқан. Былтыр жазда Алматыдағы рэп-фристайлда "Йоу, орыстар" әнін айтқан видео желіде тарап кеткеннен кейін Алматының әкімшілік соты әнді айтқан белсенді Мария Кочневаны 10 күнге қамаған еді.

Qaznews24 сатиралық паблигінің Instagram-да 70 мыңдай фоллоуері бар. Бұл парақша көбіне саяси тақырыпта шындыққа жанаспайтын әзіл пост шығарумен танылған.

Алматы қаласының полиция департаменті 21 қаңтарда оның үстінен іс қозғауға сатиралық жазбалары емес, автордың "бүтін бір этнос өкілін қорлайтын, ұлтаралық алауыздық қоздыратын белгілері бар материал жариялағаны" себеп болды деп мәлімдеді.

"Қазақстан – көпұлтты ел, сондықтан мұндайға жол берілмейді, Конституцияға сәйкес, ешкімді шығу тегі, ұлты, тілі, дінге көзқарасы я кез келген басқа жағдай бойынша кемсітуге болмайды. Мұндай іс-әрекеттер Қазақстанның негізгі қағидаттарының бірі саналатын этносаралық келісім мен халық бірлігіне нұқсан келтіреді". Полиция баспасөз қызметі осылай деген.

Еңсебек сотта өзіне тағылған айыпты мойындамайтынын айтқан. "Айыптау актісінде адамзатқа қарсы қылмыс жасағаным туралы жазылған. Мен Қазақстан билігі үшін ресейлік пропагандистер тұтас әлем және адамзат екенін білген жоқпын. Не істеп қойдым?", – деді Еңсебек сотта.

"САЯСИ АСТАРМЕН ҚУДАЛАУ"

Темірлан Енсебектің ісі бойынша сот процесі бірнеше рет кейінге шегерілді. Алғашында 14 ақпанға белгіленген еді, кейін 21 ақпанға ауыстырылды. Бірақ тағы да ысырылып, ақырында 27 ақпанда Алматының Алмалы аудандық сотында негізгі сот процесі басталған-ды. Прокурор айыпталушы Темірлан Енсебек Наурызбай ауданындағы үйінде "қылмыс жасалғандықтан" бұл істі Наурызбай аудандық сотына беру қажет деген уәж айтты. Судья прокурордың өтінішін қанағаттандырды.

Qaznews24 сатиралық паблигінің авторы Темірлан Еңсебекті полиция 17 қаңтарда Алматыда ұстады. 18 қаңтарда тергеу соты оны екі айға қамауға алу туралы шешім шығарды. Еңсебекке "ұлтаралық алауыздық қоздырды" деген айып тағылды.

Еңсебек қамауға алынғаннан кейін Қазақстанның бірнеше қаласында белсенділер мен журналистер оны қолдап жалғыз адам пикетін өткізді, көбін полиция ұстап әкетіп, айыппұл салды я әкімшілік қамауға алды. Еңсебекті қолдаушылар пикетке "Сатира қылмыс емес" деген жазу ұстап шыққан еді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Үнсіз қала алмадым". Темірлан Еңсебекті қолдап пикетке шыққандарды жазалау

International Partnership for Human Rights, Human Rights Watch, Amnesty International халықаралық құқық қорғау ұйымдары мен "Журналистерді қорғау комитеті", Article 19 ұйымы Қазақстан билігін Темірлан Еңсебекті босатуға үндеген. Сатиралық паблик авторының үстінен іс қозғалғанын тәуелсіз сарапшылар да сынға алған. Белсендінің жақтастары Темірлан саяси астармен қудалауға түсіп жатыр деп біледі.