Теміртаудың "ұмыт қалған" тұрғындары
Теміртаудың Оң жағалау деп аталатын шеткі ауданындағы бірнеше көпқабатты үйдің тұрғындары адам тұрғысыз жағдайда – орталық жылу жүйесі мен ыстық суы жоқ баспаналарында өлместің күнін кешіп жатыр. Суық суға тұрғындар жылдар бойы талап етіп жүріп осыдан бірер жыл бұрын ғана қол жеткізген.
Оң жағалаудағы көпқабатты үйлердің кей тұрғындары Азаттық тілшісін пәтерлеріне кіргізіп, баспананы қалай жылытатынын көрсетті. Кейбірі қолдан жасалған электр жылытқыш қосып отыр, енді біреулері буржуйка пеш жағады. Тұрғындардың айтуынша, дүкенде сатылатын кәдімгі жылытқыштан аязда қайран жоғын айтады. Орталық жылу жүйесінің жоқтығы және жылытқыш құралдарды көп қосқандықтан, тұрғындардың көбі электр қуаты үшін ай сайын 25-30 мың теңге төлеуге мәжбүр.
Зейнеткер Лидия Михайловна пәтеріндегі қолдан жасалған буржуйка пешке от жағып отыр. Айтуынша, екі бөлмелі пәтеріне пәтерін едәуір жылу беретін пештің күйе-түтінінен дем алу оңай емес. Оның үстіне мұндай пештер қауіпті саналады.
Зейнеткер Милита Екель пәтерін жылыту үшін сырттан көмірді қиналып әрең таситынын айтады. Қария биыл қыста көмір әкеле жатып бірнеше рет құлап қалғанын, қазір денесі, аяқтары ауыратындығына шағымданды.
- Көмірді төрт қабатты үйіміздің қасындағы арнайы сарайларда сақтаймыз. 21 ғасырда әрі қалада мынадай жағдайда тұрып жатқанымыз жабайылық қой. Бұған қоса, биыл көмірдің бағасы тіпті шарықтап кетті. Төрт тонна көмір үшін 54 мың теңге төледім! Билік ақыры орталық жылу жүйесін тартып бере алмайды екен, тым болмаса көмір жағынан қарайласса қайтер еді. Бұрын үйлердің бәрі орталық қазандықтан жылынатын. Қалған өмірімізді бірдеңе етіп сүрерміз, қайтеміз, тек соғыс болмасын, - дейді зейнеткер Милита Екель.
Көпқабатты үйдегі пәтеріне көмір кіргізіп жатқан тұрғын.
Тұрғындар көпқабатты үйлердегі пәтерлерін, қауіп-қатерге қарамастан, қолдан жасалған пештер мен электр жылытқыштардың көмегімен жылытып отырғандарын айтады. Олардың проблемасы мұнымен бітпейді: үйлер әбден ескіріп, тозған, күл-қоқыс басқан елдімекендегі жолдың жағдайы мүлде нашар.
Металлургия комбинатының іргесіндегі АБВ кварталының тұрғыны өзі тұратын аудандв «түтін басып, ұмыт болған, қараусыз қалған» деп атайды. Тұғындар соңғы екі жылдан бері ауадан көк түтін мен қолқаны ататын өткір иіс кетпей қойғанын айтады.
Теміртауда ақпанның 26-сы күні металлургия комбинаты мұржаларынан шыққан түтін қала жаққа қарай тарады. Жақын қоныстанған аудандардың тұрғындары билік орындары мен өндірістік кәсіпорын басшылығын комбинаттан тарайтын түтін көлемін қысқарту үшін еш қимыл танытпай отыр деп сынайды. Қаңтарда ауадағы күкірт диоксиді, күкіртті сутегі, фенол, көміртегі мен азот диоксиді және аммиак тәрізді заттардың шекті мөлшерден көп мәрте асып кеткені тіркелген. Теміртау тұрғындары билікке қаладағы экологиялық ахуалды реттеуді талап етіп тағы да хат жазып жатыр.
АБВ кварталы тұрғындары орталық кәріз құбырын тартып, тозығы шыққан жолды жөндеп беруді сұрап жергілікті әкімге бірнеше рет өтініш жасағандарын айтады. Ойдым-ойдым жолмен елдімекенге жедел жәрдем көлігі мен такси әрең кіреді. Бюджет көмегімен күдер үзген тұрғындар көшені жарықтандыруды өз мойнына алуға мәжбүр болғандарын айтады. АБВ кварталындағы кей көшелерге асфальт төселмегендіктен балалар мектепке кір-қожалақ болып барады дейді тұрғындар.
Теміртаудың үлкен аудандарының бірі саналатын Соцгород ауданында орталық су құбыры, кәріз және жылу жүйесі дегеннің көзден бұл-бұл ұшқанына 20 жылдың жүзі болған. Тұрғындар билік миллиондаған ақшаны орталықты абаттандыруға және жолды сапасыз жөндеуге жұмсап, халқы қазынаға салық төлеп отырған және өркениетті жағдайда тұруға құқылы өзге аудандарды есіне де алмай отыр деп сынайды. Жергілікті билік "барлық проблеманы бір күнде шешу мүмкін емес" деп ақталады.
Бірнеше жыл бұрын Соцгородта су таратқыш қондырғы мен кәріз желісі құрылысының жобасы және сметалық құжаттарын дайындауға ақша бөлінген, бірақ жоба сол күйі қағаз бетінде қалған. Тұрғындардың шамасы жеткендері қосылып ақша жинап, су мен кәріз жүйесін өздері тартып алған. Бірақ ондай жандар аз, өйткені коммуникация желісін тарту өте қымбатқа түседі. Тұрғындардың көбі бұрынғысынша даладағы әжетханаға барады, суды сырттағы колонкадан тасиды (ондағы су тұз татиды дейді олар), пәтерінде пеш жағады. Кейбірі үйлеріне электр қазандықтарын орнатып алған.