Забайкальеде кеншілер аштық жариялап жатыр

Көрнекі сурет.

Ресейдің Забайкалье аймағындағы алтын кенішінің ондаған жұмысшысы еңбекақыларын талап етіп аштық жариялап жатыр. Компания өкілі қызметкерлерге төлейтін ақшасы жоқ екенін мәлімдеген.

АШТЫҚ АКЦИЯСЫНДАҒЫ ОН АДАМ АУРУХАНАҒА ТҮСТІ

Шілденің 26-сы күні таңертең Ресейдің Забайкалье аймағындағы Дарасун алтын өндіру кенішінің "Юга-Западная" шахтасында аштық жариялаған 92 кеншінің оны ауруханаға түсті. Бұл туралы наразылық акциясына қатысушы Андрей Михеичевтің сөзіне сілтеме жасап, "Сибирь.Реалии" сайты хабарлайды.

Бейсенбі күні таңертеңгі тексеру кезінде наразылық акциясына қатысушы он адамның қан қысымы көтерілгені анықталған.

Михеичев "қалған кеншілер аштық акциясын тоқтатпайтынын " және олардың денсаулық жағдайын дәрігерлер бақылап отырғанын айтқан. Ал әлгі он адам "қажетті медициналық көмек алған соң қайтадан аштық акциясын жалғастырады" деген ол.

Дарасун қаласы Читаға жақын орналасқан. Шахта жұмысшылары әкімшіліктің ұзақ уақыттан бері жалақыны кешіктіріп беретіндігіне және оның мөлшеріне наразы. Шілденің 24-і күні "Урюмкан" кенішіне иелік ететін компания өкілі кен орнындағы электр жарығын өшіріп, оны суға батырам деп қорқытқан соң кеншілер аштық жариялаған. Бұған дейін олар үш айға жуық жалақы алмағандарын айтады. Әуелгіде 55 адам аштық акциясын бастаған, жұмыс күнінің соңына дейін олардың саны 92-ге жеткен. Акцияға кеншілердің әйелдері де қатысып жатыр деп хабарланды.

КЕНІШ БАСШЫЛЫҒЫ МЕН БИЛІКТІҢ РЕАКЦИЯСЫ

"Сибирь.Реалии" тілшісінің дерегінше, сәрсенбі күні аштық жариялаушылармен ешкім келіссөз жүргізбеген. Шілденің 26-сы күні таңертең кеніш директоры Евгений Рогалев аймақ губернаторы Наталья Ждановамен арнайы кеңес өткізуге кеткен. Жергілікті прокуратура жалақыны кешіктіру фактісі бойынша әкімшілік іс қозғаған, еңбекақыға қарыздың жалпы мөлшері 34,3 миллион рубльді құраған.

Рогалев жақында компанияның қызметкерлерге төлейтін ақшасы жоқ екенін, себебі Промсвязьбанк кен орнын сатып алу жөніндегі келісімді қаржыландыруды тоқтатқанын айтқан еді. Оның сөзінше, кен орны жаңа қожайынға өткенде техникалық жағдайы нашар болған, бес шахтаның тек біреуінің жұмысын жөнге келтіру мүмкін болған, оның табысы 10 миллион рубльден аспайды екен. Рогалевтің айтуынша, ол ақша ештеңеге жетпейді, сондықтан түрлі өкілетті мекемелерге, соның ішінде аудан басшысы мен Федералдық қауіпсіздік қызметіне (ФСБ) хат жолдап, қаржыландыруды қалпына келтіруге көмектесуді сұраған.

КЕНІШТІҢ ЖАҢА ҚОЖАЙЫНЫ

2017 жылдың күзінде кен орнының бұрынғы қожайыны "Южуралзолото" компаниясы "Дарасунский рудник" акционерлік қоғамының жарғылық капиталын толығымен "Урюмкан" компаниясына сатқан. Кен орны директорының мәлімдеуінше, осы мәмілені қаржыландырмақ болған Промсвязьбанк шартты толық орындамаған.

Промсвязьбанк баспасөз қызметі "Урюмкан" компаниясының Дарасун кені жобасын банктің ешқашан қаржыландырмағанын айтты. Кен әкімшілігі өкілінің айтуынша, шахтадағы техникалық жабдық әбден тозған, бес шахтаның біреуі ғана жұмыс істеуге жарамды деп танылған.

Шахтада барлығы 400 адам жұмыс істейді. Вершино-Дарасун кенті тұрғындарының негізгі құрамын осы кәсіпорын жұмысшылары құрайды. 2018 жылы наурыздың басында кен орны жұмысшылары қаңтардағы жалақыны қысқартудан соң аштық жариялап, өтемақы төлеуді талап еткен. Кеншілердің айтуынша, 100-ден астам адамға тиесілі еңбекақы төленбеген.

2017 жылы мамырда 81 жұмысшы "Юга-Западная" шахтасынан шығудан бас тартқан – олар жалақы мөлшері мен оның үнемі кешіктіріп берілетіндігіне наразылық білдірген. Ол кезде наразылық акциясы аймақ губернаторы Наталья Ждановамен кездесуден соң тоқтаған еді.

Бірақ өткен жылы қыркүйекте кеніштің бұрынғы 50 жұмысшысы жалақыны кешіктіргені үшін бірнеше күн аштық жариялаған – ол кезде 500-ден астам кенші тиесілі ақшасын ала алмаған. Оларды шахтаның қаржылық проблемасына байланысты жұмыстан қысқартқан еді. Оның үстіне, су тасқыны салдарынан кен орнының жұмысы тоқтаған – жер асты суы "Юга-Западная" шахтасының төменгі жағын басып қалған. ТАСС агентігінің хабарлауынша, "Урюмкан" компаниясы иелігіндегі кен орындарының көбінде жұмысын тоқтатуға мәжбүр болған.

("Сибирь.Реалии" сайты материалы орысшадан аударылды.)