Алматы әуежайын сатты, Шымкент билігі шешімінен айныды, батыста киік көбейді

Қазақстанның мұнай және газ министрі Сауат Мыңбаев (сол жақта) Астанадағы жиында Қазақстан президентінің күйеу баласы, KAZENERGY ассоциациясының төрағасы Тимур Құлыбаевты тыңдап отыр. Қазан, 2011 жыл.

Азаттық тілшілері осы аптада да қоғамдағы маңызды оқиғаларды елеусіз қалдырмай, мақала мен видеорепортаждар әзірледі, тамыры терең жайылған әлеуметтік мәселелерді қозғады. Демалыс күні сайтымыздағы аптаның үздік жеті хикаясын назарларыңызға тағы бір мәрте ұсынамыз.

Құлыбаевтың сатылған әуежайы, Қытайдың әскери ықпалы және "айтылмайтын қасірет"

Түркияның TAV Aiports холдингі Қазақстанның ең ірі қаласы – Алматының әуежайын сатып алу процедурасын аяқтады, сөйтіп әуежай акцияларының 85 пайызы түрік компаниясының қарамағына өтті. Ал акциялардың қалған бөлігі мемлекеттік Қазақстан инфрақұрылым қорының қолында қалды. Алматы әуежайының акциясын 2011 жылы Нидерланд елінің Venus Airport Investments B.V компаниясы сатып алып, содан бері қызмет көрсетіп келген. Қазақстандық Forbes журналы былтыр қарашада бұл компанияның негізгі иесі – президентіктен кетсе де, Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы ретінде билігін сақтап қалған Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың күйеу баласы, миллиардер Тимур Құлыбаев басқаратын сингапурлік Steppe Capital Pte. Ltd екенін жазған.

Бұл туралы баспасөз шолуынан оқи аласыз

Сириядан бес жылдан соң оралған баланың хикаясы

13 жасар Асан — Қазақстанға Сириядан қайтарылған жүздеген баланың бірі. Жеті жасында анасы оны және тағы бір ұлын алып, Батыс Қазақстан облысынан соғыс болып жатқан Таяу Шығысқа аттанған. Қолдан қолға өтіп жүрген Асан бес жылдан соң Оралдағы нағашы әжесіне оралды. Ал анасы мен ағасы өлгендер санатында. Асанның әжесі олар өлді дегенге сенбейді, телефон шырылдаған сайын елеңдейді.

Асанның басынан өткен хикая жайлы мына жерден оқуға болады.

Вакцина еккеннен кейін қайтыс болды. Марқұмның туыстары дәрігерлерді кінәлайды

Your browser doesn’t support HTML5

Алматылық тұрғын екпеден соң қайтыс болды деген күдік бар. Тергеу басталды

Алматыда вакцина алған тұрғын, үйіне барғаннан кейін денсаулығы нашарлап қайтыс болған. Бірақ өлімнің нақты себебі белгісіз. Оны тергеу мен сараптамалар анықтайды. Ал марқұмның туыстары кінәні дәрігерлерден көреді. Дәрігерлер сараптама қорытындысын күтіп отыр.

Сол баяғы қудалау, сотқа тарту, тыйым салу. Митинг заңы қалай жұмыс істейді?

Қазақстанда азаматтар митинг өткізетіні жайлы жергілікті әкімдікті алдын ала хабардар еткенімен, билік шараны өткізуге келісім бермейді. 2020 жылы мамырда митинг туралы заңға өзгеріс енгізіп, бейбіт митинг өткізу үшін рұқсат алу қажет емес, ескертсе жеткілікті дегенімен, наразылыққа шыққандар әлі де қудалаудан құтыла алмай отыр. Азаттық бейбіт митинг өткізу тәртібі қалай өзгергенін саяси белсенділігі жоғары өңірлердің бірі – Батыс Қазақстан облысының мысалында саралап көрді.

Осы жайлы мақаланы оқыңыз

"Салығын біз төлейміз, шөбін киік жейді". Батыс Қазақстанда киік көбейді, бұған не себеп?

Батыс Қазақстан облысының үш ауданындағы шаруалар көбейіп кеткен киіктің зардабын тартып жатыр. "Егінді таптап, шөпті тып-типыл еткен дала жануары үкіметтен несие алып күнелтіп жатқан ауыл халқын тақырға отырғызады" деген тұрғындар үкіметтен көмек күтеді. Алматыдағы зоология институтының Териология лабораториясының меңгерушісі Алексей Грачев мұндай жағдайға Жайық бойында жаңа құрылыстар мен жергілікті жолдардың пайда болуы, транспорттың көбеюі әсер етуі де мүмкін дейді. Маман кешенді зерттеу жүргізу қажетін айтады.

Киік туралы мақаланы оқып шығыңыз

Әкімдік өз қаулысынан айныды. Ондаған отбасы салған үйінен айырыла ма?

Шымкент әкімдігі былтыр қаңтарда жергілікті кооперативке 35 гектар жерге үй салуға рұқсат берген. Жер 414 учаскеге бөлініп, кооператив мүшелері құрылысты бастап кеткен. Бірақ бірнеше айдан соң прокуратура әкімдік шешімін заңсыз деп тануды сұрап сотқа жүгінген. Қала әкімдігі мен жер қатынастары басқармасы прокуратура жағына шығып, өзі шығарған шешімге қарсы тұрған. Ал берілген учаскеге бар қаржысын жұмсап, жетпегенін қарызға алып, үй салып қойған 50 шақты отбасы енді не істерін білмей дал.

Шымкенттегі жер дауы туралы мақаланы оқып шығыңыз

Ashyq вирусқа тосқауыл ма? Жаңа қосымша жайлы пікір екіге жарылды

5 мамырдан Қазақстанның барлық аймағында Ashyq қосымшасы қолданыла бастайды. Жобаға бір жылдан астам уақыттан бері жабық тұрған караоке-барлар мен банкет залдары қосылды, ал қоғамдық тамақтану орындары, боулинг пен бильярд клубтары тәрізді көпшілік нысандардың жұмыс уақыты ұзартылды. Кәсіпкерлердің қосымша туралы пікірі әрқилы: бірі Ashyq карантинде жұмыс істеуге мүмкіндік берді десе, енді бірі қосымшаның кесірінен тұтынушыдан айырылып жатқанын айтады. Ashyq "конституциялық құқығымды шектейді" деп қосымшаны орнатудан бас тартып жатқандар да бар.

Жаңа қосымша жайлы мақаланы оқыңыз.