"Қырғи-қабақ соғыс" заманының спутниктері

Vanguard спутнигін зымыран-тасығышқа орнатып жатыр. Америкалық бағдарлама Совет Одағының ғарыштағы үстемдігіне қарсы тұруға бағытталған болатын. Ол кезде СССР бірінші спутнигін ұшыруға дайындалып жатқан.

Алдыңғы екі әрекеті сәтсіз аяқталып, АҚШ 1958 жылы наурызда салмағы 1,5 келі тартатын шар тәрізді спутникті орбитаға шығарды. СССР алғашқы спутнигін 1957 жылы қазанда ұшырған.

Күннен қуат алып жұмыс істейтін алғашқы спутник саналатын Vanguard алты жыл бойы жерге әлсіз радиосигналдар жіберіп тұрды, кейін үнсіз қалды. Адамзат қолымен жасалған ең көне спутник әлі күнге ғарыш кеңістігінде жүр.

АҚШ ғарыш агенттігінің (NASA) Tiros 1 метеоспутнигі 1960 жылы ұшырылған. Суретте оны сынақтан өткізіп жатқан сәт бейнеленген. Tiros ауа райын болжауға арналған алғашқы спутник болды. Оған орнатылған екі камера жазған мәліметтерді Жердегі ұшуды басқару орталығына жіберіп отырды.

Tiros 1 спутнигін зымыран-тасығышқа орнату. Салмағы 122 келі тартатын бұл спутник ғарышта 78 күн жұмыс істеген.

СССР-де жасалған "Луна-10" спутнигінің миссиясы ғарышты игеруде үлкен қадам болды. "Луна-10" - Айды айналып ұшқан алғашқы аппарат.

"Луна-10" спутнигінің миссиясы Совет Одағы коммунистік партиясы съезіне орайластырылды. Ол Ай орбитасынан трансляция арқылы СССР гимнін таратуы тиіс еді. Бірақ, техникалық ақау шығып, инженерлердің зәре-құтын қашырды. Арада көп уақыт өткенде ғана Ай орбитасынан тараған гимннің алдын ала таспаға жазылып берілгені мәлім болды.

LAGEOS 1 спутнигін NASA 1976 жылы ғарышқа ұшырған. Салмағы 400 келі тартатын спутникке орнатылған рефлекторлар Жерден лазер сәулесінің көмегімен тектоникалық қабаттардың жылжуын және планетаның формасын дәл анықтауға мүмкіндік берді.

Суретте LAGEOS 1 (ортада) спутнигін орбитаға шығарар алдында Delta зымыранына орнатқаны бейнеленген. Көлемі 60 сантиметр болатын бұл спутник 8,4 миллион жылдан соң Жерге жалынға оранған шар түрінде оралмақ. Егер ол кезде Жерде адамдар болса, олар спутниктің оралған сәтін көре алады.

Советтік "Молния 1" спутнигі әскери коммуникацияға арнап жасалған. 1965 жылы оны Жер орбитасына шығару үшін аса үлкен зымыран қажет болды. Оның салмағы 1,5 тонна тартатын. Спутник Күннен қуат алатын панельдерін орбитада өзі жазатындай етіп жасалған.

Қазіргі кезде адамзат қолымен жасалған 18 мыңға жуық зат Жерді айналып ұшып жүр - көпшілігінің жұмыс мерзімі біткен немесе ешқашан жұмыс істемеген. Бүгінгі таңда ғарышты қоқыс пен адамзат шығарған заттардан тазалау жөніндегі бағдарлама әзірленіп жатыр. 2009 жылы Таймыр түбегінің үстіндегі ғарыш кеңістігінде сағатына 42 мың шақырымдық жылдамдықпен келген ресейлік "Космос 2251" және америкалық Iridium 33 спутниктерінің өзара соқтығысуы әлгіндей бағдарламаның қажет екенін тағы да дәлелдеген.