Мәскеу Пхеньяннан Украинаға қарсы соғысқа қатысатын әскер алды. Есесіне Ресей Солтүстік Кореяға МиГ-29 және Су-27 жойғыш ұшақтарын жібереді. Бұл жөнінде The Eurasian Times басылымы жазды.
7 желтоқсанда ұлттық қорғаныс мәселелері жөніндегі форумда АҚШ-тың Үнді-Тынық мұхиты басқармасының жетекшісі адмирал Сэмюэл Папаро осындай мәлімдеме жасаған.
Папароның сөзінше, келісім бойынша Ресей Солтүстік Кореяға "төртінші буынға жататын жойғыш ұшақтарды" бермек. Бірақ қанша ұшақ берілетінін нақтыламады.
Пхеньян бұған дейін Мәскеуге шамамен 12 мың сарбазын жіберген. Бір бөлігі Курск облысында украин әскеріне қарсы соғысып жатқаны хабарланған.
Солтүстік Корея ұшақтан бөлек, Ресейдің жоғары әскери технологиясына, оның ішінде баллистикалық ракеталар мен қазіргі заманғы суасты кемелеріне де қол жеткізгісі келеді дейді адмирал. Мұндай сауда Солтүстік Кореяның аймақтағы әскери позициясын нығайтады деді ол.
Қыркүйекте АҚШ мемлекеттік хатшысының орынбасары Курт Кэмпбелл Ресей "әскери техникаларын" қалпына келтіру мәселесінде Қытаймен де "ортақ тіл тауып отыр" деп мәлімдеген. Ресей Қытайды бұрын әріптестік орнатпаған салаларда қолдады деп жазылған мақалада.
Мәселе атап айтқанда, суасты, авиация және ракета технологиялары жөнінде болып отыр. Бұл Мәскеу мен Пекиннің стратегиялық әріптестігіндегі едәуір ілгерілеушілік дейді сарапшылар.
2023 жылы қарашада Иран ресейлік Су-35 және Ми-28 соққы тікұшақтарын алатынын мәлімдеген. Былтыр Тегеран Як-130 әскери-жаттығу ұшақтарын алған. Тегеран алдағы уақытта ракетаға қарсы С-400 жүйесін алуы мүмкін екені хабарланды.
The Eurasian Times басылымының жазуынша, мұндай әріптестік халықаралық санкцияға ұшыраған Ресейдің өз одақтастарына тәуелділігін айғақтайды.