1922 жылы большевиктер билігі орнаған Ресейге жәрдем көрсетуге келген америкалық Қызыл Крест ұйымы өкілінің алдында тізе бүгіп, алғыс білдіріп отырған "аштық зардабын шеккен орыс әйелдері".
Қызыл армияның жаралы жауынгері. 1919 жылы түсірілген сурет.
Ресейдің Самара облысында аштық салдарынан өлім аузында жатқан күйеуінің қасында отырған әйел, 1921 жыл. АҚШ-тан Қызыл Крест ұйымының жәрдемін апарғандар түсірген осы суреттерде Ресейдегі азамат соғысы мен аштықтан әбден титықтаған халықтың ауыр жағдайы бейнеленген.
1919 жылы қолға түскен большевиктер сарбазы. Ресейдегі азамат соғысы 1917 жылы билікті басып алған Ленин бастаған коммунистік (большевиктер) партиясы мен оларға қарсы қарулы күрес жүргізген Ақ армия арасында болды.
Ресейдің оңтүстігіндегі аймақта большевиктерге қарсы соғысып жатқан ақтар армиясындағы казактар.
АҚШ өкілі Германия тұтқынынан босатылған орыс сарбаздарына етік таратып тұр.
Ресейдің солтүстігіндегі АҚШ форпостын күзетіп тұрған сарбаз. 1917 жылы Ресейде патшаны тақтан құлатқан кезде АҚШ-та жұрттың көбі мұны 150 жыл бұрын өз елдерінде болған революциямен салыстырып, қолдау білдірген.
"Америкадан орыстарға арналған азық-түлікті" Гамбургте (Германия) кемеге тиеп жатыр. 1917 жылы революциядан кейін іле-шала Ресейге АҚШ-тан жіберілген 50 мың жәшік қойылтылған сүттің сыртында "АЗАТ АМЕРИКАДАН АЗАТ РЕСЕЙГЕ" деген жазу болды.
1918 не 1919 жылы түсірілген суретте "аштық қалжыратқан" орыс шаруасы Архангельскідегі АҚШ штабына кіреберісте баспалдақта отыр. Ресейде большевиктер билікті басып алған соң әуелгіде "аңысын аңдып" байқаған АҚШ көп ұзамай совет өкіметімен араздасып қалды, сөйтіп Бірінші дүниежүзілік соғыста одақтасы болған Ұлыбритания және басқа елдерге қосылып, Ақ армияға қолдау білдірді.
АҚШ әскериі Архангельск қаласының іргесіндегі АҚШ форпостына "жасырын өтпекші болған кезде" оққа ұшқан Қызыл армия жауынгерінің үстіндегі тонын көрсетіп тұр.
Аштық зардабын шеккен орыс сарбазы. Ленин бастаған большевиктер билігі Ресейдің Бірінші дүниежүзілік соғыстан шығатыны туралы шешім қабылдағаннан кейін АҚШ-тағы Қызыл Крест ұйымының шұғыл міндеттерінің бірі - Германия мен оның одақтастары лагерьде қамауда ұстап отырған орыс соғыс тұтқындарын босатып алу болды.
Шаш алдырып отырған орыс сарбазы. Қызыл Крест ұйымы қызметкері тұтқыннан бостандыққа шыққан орыстар Отанына "Германияға деген ызамен, Ресейдің қазіргі билігіне - жиіркенішпен, ал америкалықтарға - алғыс сезіммен оралды" деп мәлімдеді.
1919 жылы ақтар армиясы Харьковтен большевиктерді ығыстырып шығарғаннан кейін табылған мәйіттер. Азамат соғысы кезінде Ресейде миллиондаған адам ажал құшты.
1919 жылы большевиктер талан-таражға салған шіркеудің құнды дүниелері. Бұларды Қызыл Крест ұйымы қызметкеріне "өзге жұрт қасиетті санайтын заттарға большевиктердің өшпенділікпен қарайтынын әлемге паш етсін" деп берген делінеді.
Ақ армияның көрнекті қолбасшыларының бірі – казак Петр Врангель, 1919 жыл. Большевиктерден жеңілгеннен кейін Ресейден Батысқа қашқан Врангель 1927 жылы Брюссельде қайтыс болған.
Британ армиясының дулығасын киген Ақ армия сарбаздары. Батыс одақтастары большевиктердің зорлық-зомбылығына қарсы күресте ақтарға қолдау білдіріп жатқан шақта, Ақ армия өз "ақ террорын" жүргізді. Антисемиттік қырғын салдарынан ондаған мың ресейлік қаза тапты.
Ақтар армиясы Харьков көшесіне ілген пропагандалық суретте Қызыл армия басшыларының бірі Лев Троцкий бейнеленген. Ақтар генералының бірі орыстарды "жүрегі зұлымдыққа толы коммунист еврейлердің" көзін жоюға шақырған.
Томскіде ақтар тұтқынына түскен большевик жетекшілер мен стенографист қыз. Кейін суреттегі ер адамдарды өлтірген.
Әскер қатарына Чикаго қаласынан шақырылған АҚШ сарбазы Ресейден Қызыл Крест ұйымының кемесіне мініп қашқан босқын балалармен бірге.
Түркияға қашқан орыс босқындарының балалары, 1920 жыл. Коммунистер Ресейдің жоғарғы тап өкілдерін "қанаушы" деп атады, кейін оларды қуғын-сүргінге салды.
Ресейдің Самара губерниясындағы аштық азабын тартқан 7 жасар бала. Азамат соғысы аяқталар кезде Ресей экономикасы құрдымға кетті, құрғақшылық кесірінен егін шықпай қалды, оның үстіне большевиктер жариялаған "әскери коммунизм" саясаты шаруалардың астығын күштеп тартып алған соң миллиондаған адам аштыққа ұшырады.
1921 жылы Самара қаласындағы зиратта түсірілген суретте аштан қырылған адамдарды бірінің үстіне бірін үйіп қойғаны көрінеді. Ол кезде Ресейдің шығыс аймағындағы жағдай "өте бейберекет" болғандықтан жәрдем көрсетуге қолайсыз деп саналды. Бірінші дүниежүзілік соғыста, одан кейін азамат соғысы кезінде құрбан болған миллиондаған адам санын аштан қырылғандар еселей түсті. (Халықаралық Қызыл Крест ұйымының суреті.)