Әлемдегі ең бай адамдар

Әлемдегі ең бай бизнесменнің 647-сі - АҚШ азаматы. Forbes тізімі басында Amazon интернет сауда компаниясының басшысы Джефф Безос тұр. Оның байлығы 131 миллиард доллар деп бағаланады.

Әлемдегі ең бай екінші адам - Microsoft компаниясының негізін қалаушы Билл Гейтс. Оның байлығы 96 миллиард доллардан асады.

Үшінші орында тұрған Berksire Hathway конгломератының басшысы Уоррен Баффеттің капиталы - 82,5 миллиард доллар.

Әлемдегі ең кәрі миллиардер Қытайда тұрады. Pacific International Lines компаниясының иесі, жасы жүзге келген Чжан Юньчжунның байлығы - 2,2 миллиард доллар.

L'Oreal косметикалық компаниясын мирасқа алған Франсуаза Бетанкур-Майерс​ - әлемдегі ең бай әйел. Forbes тізімде 15-орында тұрған оның капиталын 49,3 миллиард долларға бағалаған.

Биылғы тізімдегі ең жас миллиардер - 21 жастағы тележұлдыз, модель һәм іскер Кайли Дженнер.

"Қазақмыс" минерал өндіру компаниясы жетекшісі Владимир Кимнің капиталы 4,5 миллиардқа жеткен. Былтыр тізімде 766-орында тұрған қазақстандық миллиардер биыл 424-орынға шыққан. Forbes 2014 жылы "Қазақмыстың" Kazakhmys Corp. және KAZ Minerals plc. болып бөлінгенін, Кимнің осы екеуінде де үлесі бар екенін, 2013 жылы KAZ Minerals төрағасы қызметінен кеткенімен басқару кеңесінде атқарушы емес директор болып қалғанын жазады.

2019 жылғы тізімде байлығы еселенген және бір қазақстандық - Болат Өтемұратов. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бұрынғы іс басқарушысы әрі көмекшісі Өтемұратов биыл 3,4 миллиард долларға тең дәулетімен 645-орынға көтерілген. Былтыр ол 2,6 миллиард долларымен 924-орында тұрған еді.

Қазақстан президентінің күйеу баласы әрі мұнай магнаты Тимур Құлыбаев (суретте) пен әйелі Динара Құлыбаева әрқайсысы 3,1 миллиард доллар капиталымен 715-орында тұр. Өткен жылғымен салыстырғанда 14 сатыға жоғарыласа да, екеуінің де байлығы 100 миллионға кеміген.

Тағы бір қазақстандық бизнесмен Алиджан Ибрагимов 2,3 миллиард доллар капиталымен былтыр 1070-орында тұрған. Қазақстанда түрлі-түсті және сирек металл өндіретін Eurasian Resources Group корпорациясының ірі үлескері биыл дәулеті сол күйі қалса да, 1008-орынға шыққан.