Грузияда бақылаушылар сайлау кезінде жүздеген заңбұзушылық анықталып, дауыс беру құпиялығы туралы қаншама сұрақ қойылып жатқан тұста президент пен оппозициялық партиялар сайлаудың ресми қорытындысын мойындаудан бас тартты. Ал биліктегі "Грузия арманы" партиясы сайлау нәтижесі бұрмаланды деген айыптауды жоққа шығарады.
Бұл мақалада жақында тараған графикте не көрсетілгенін, не қалыс қалғанын және ондағы деректер неге негізделгенін қарастырамыз.
"Сайлауда заңсыздық болмай, еркін ортада өтсе, партиялар жинаған дауыс графикасы белгілі бір заңдылықтарды көрсетеді", — деді ресейлік бұрынғы саяси тұтқын әрі деректерді талдаумен айналысатын сарапшы Роман Удот. — Сайлау еркін емес ортада өтсе, заңбұзушылықтар мен бұрмалаушылықтар тіркелсе, графика деректерінен ретсіздік, әртүрлі ауытқулар мен аномалияны көреміз. Грузияда дәл сондай ауытқулар байқалады".
Қазір Тбилисиде тұратын Роман Удот Грузиядағы парламент сайлауының қорытындысы жайлы деректерде бұрмалаушылық белгілері бар деп өз бетінше тұжырым жасаған санаулы дата аналитиктердің бірі.
РЕСЕЙДЕГІ ПРЕЦЕДЕНТ
Қарапайым цифрлар бақылаушыларға сайлау процесінде қандай да бір бұрмалаушылық болғанын қалай көрсетеді?
Ресейлік дата сарапшылар мен ғалымдар ондаған жыл бойы азаматтардың сайлауға қатысуы, партиялар арасындағы дауыс бөлінісі, заңдылықтар немесе әдеттен тыс құбылыстарға қарап, әртүрлі әдістердің көмегімен сайлаудың қаншалық әділ өткенін анықтауға болатынын зерттеп келеді.
Сондай ғалымдардың бірі – ресейлік физик Сергей Шпилькин. Ресейдегі журналистер мен сарапшылар оның әдісін жиі пайдаланады. Ресейдің "Голос" бақылау ұйымы сайлауды бақылаған кезде Кислинг-Шпилькин әдісіне сүйенеді.
Бұл әдіс қалай жұмыс істейді?
Басында елдегі барлық сайлау учаскелерінде азаматтардың сайлауға қатысу деңгейі анықталады. Грузияда сайлаушылардың 58,94 пайызы дауыс берген. Теорияға сәйкес, әділ сайлауда бұл көрсеткіш "қоңырау" пішініндегі графикаға сәйкес келеді. Деректерде ауытқу болса, мәселен, қоңырау формасына ұқсамайтын график шықса немесе қоңыраудан "құйрық өсіп шықса", демек бұл сайлаудың әділетсіз өткені жайлы белгі береді.
ГРУЗИЯДАҒЫ ДЕРЕКТЕР НЕНІ КӨРСЕТЕДІ?
Сан-Францискода тұратын Леван Квиркелия — X желісінде Грузиядағы сайлауға қатысты пікірін жариялаған сарапшылардың бірі. Кейін оның қорытындысын Грузия президенті Саломе Зурабишвили бөлісті.
Квиркелийдің сөзінше, Грузияда қала мен ауылды жерде дауыс бергендер арасында айқын айырмашылық бар.
Қаладағы көрсеткіштерде деректер графигі қоңырау пішініне ұқсаса, ауылдарда үлкен ауытқулар байқалған.
"Ауылдық жерлерде графиктің оң жағында "құйрық" байқалады, бұл сайлауда фальсификация болғанын білдіреді", — деді ол.
Бұл пікірге Собянин-Суховольский әдісін қолданып, дәл сол деректі тексерген Удот та келіседі.
Шпилькин әдісі сияқты, Собянин-Суховольский әдісі де сандық деректер негізінде сайлаудағы манипуляцияларды анықтауға қолданылады.
Бұл әдісті ресейлік зерттеушілер Сергей Собянин мен Вячеслав Суховольский ойлап тапқан. Ол Шпилькин әдісімен бірдей деректерге негізделген, тек графигі бөлек және партиялар жинаған дауыстарға мән береді. Оның ішінде сайлау учаскелеріндегі дауыстар саяси партиялар арасында қалай бөлінгенін талдап, сайлаудың әділетсіз өткенін дәлелдейтін ауытқуларды табуға тырысады.
Теорияға сәйкес, кей сайлау учаскелерінде бір кандидат — "бенефициардың" рейтингі жоғары болса, бұл сайлаудағы фальсификацияны көрсетуі мүмкін. Сайлауға қатысу деңгейі жоғары болып, олардың көбі "бенефициарды" қолдаса, манипуляция қаупі жоғары болады.
Грузиядағы көрсеткіштер қалай болды? Удоттың айтуынша, Грузияның ірі қалаларында әдеттегідей картина байқалған, бірақ өңірлердегі жағдай бөлек.
Грузияның Тбилиси, Кутаиси, Батуми, Рустави, Поти және Сенаки қалаларындағы жағдайды мына графиктен көруге болады:
"Сау өңірлер осылай көрінеді: бір нүктеден басталып, біртіндеп күн сәулесі сияқты тарайды. Мұнда да кей ауытқулар бар, бірақ олар үлкен емес", — деді Удот.
"ШАМАДАН ТЫС" АУЫТҚУ
"Бірақ қалған өңірлер қызық көрінеді. Ақылға қонымсыз. Мұндағы ауытқу деңгейі күтілгеннен де жоғары. Нүктелердің орналасу аумағы күтілгеннен де үлкен. Олар бір тізбек бойында орналаспаған, бұл күдік туғызады", — деді сарапшы.
Ол мұны былай түсіндірді: "Сайлауға қатысу деңгейі жоғары болған кей учаскелерде "Грузия арманы" партиясы көп дауыс жинағаны — аномалия. Дауысты көрсететін нүктелер әр жерде орналасқан".
"Суховольский әдісі де дәл осы нәтижені көрсетеді", — деді Удот. — Мұны гистограмма деп атаймыз, ал гистограмманың нәзік бөлігі — құйрық саналады. Өз зерттеулерімде оны "Ресей құйрығы" деп жүрмін, өйткені мұндай заңбұзушылықтарды Ресейден көп көреміз. Көп жылдан бері "құйрық" қатерлі ісік сияқты өсіп, ауданның сау бөлігіне де тарай бастады".
Бірақ сандық ауытқулар фальсификацияға жанама болсын, дәлел бола ала ма? Бұл ауытқуларды басқа факторлармен түсіндіруге болмай ма?
"Иә, бұл әлемде бәрін әртүрлі түсіндіруге болады. Ресей билігі біздің қорытындымызды мыңдаған әдіспен түсіндірді… Көшеде мас адам осылай жүрсе, оның әрекетін мыңдаған әдіспен түсіндіруге болады, бірақ бәріміз жалғыз себебі — оның көп ішетіндігінде екенін жақсы білеміз. Сондықтан әр жерде орналасқан нүктелерді көргенде, мұның дұрыс емесін түсінеміз", — деді Удот.